Шенеуніктер отбасы жаңа шектеуге ілігеді
Шенеуніктер отбасы жаңа шектеуге ілігеді
232
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Жолдауда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған маңызды мәселе деп атап өткенін еске салды. Палата депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ІІ оқылымда қарады. Сенат Спикері бұл заң жобасы өткен сессияда палата отырысында І оқылымда қаралып, жан-жақты талқыланғанын жеткізді. – Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтың бірі екені белгілі. Президент Жолдауында оған қатысты нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі кезде тиісті заң жобасына жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр, – деді Мәулен Әшімбаев. ІІ оқылымнан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Сенаторлар өздері енгізген түзетулерге Мәжілістің келісімін алуы керек. Жаңа заң жобасында коррупциялық қылмыстың жүйелі түрде жолын кесу үшін қосымша шаралар енгізу қарастырылған. Біріншіден, мемлекеттік қызметшілерге кез келген бағадағы сыйлықтарды сыйлауға тыйым салынады. Азаматтардың және бизнес өкілдерінің шенеуніктерге тіпті 50 теңгенің жаңа қаламын ұсынуына да рұқсат жоқ. Екіншіден, квазимемлекеттік сектордағы, яғни ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтердегі, мемлекеттің үлкен үлесі бар кәсіпорындардағы сатып алумен айналысатын адамдар да сыбайлас жемқорлық субъектілері қатарына жатқызылады. Үшіншіден, өз мойнына антикоррупциялық шектеу міндеттемелерін алған тұлғалардың, шенеуніктердің отбасы мүшелеріне өзгеден материалдық сыйақы, сыйлық немесе қызмет қабылдауға тыйым енгізіледі. Төртіншіден, антикоррупциялық комплаенс-қызметтер институты пайда болады. Бұл қызметтер квазисектор ұйымдарында адалдықтың корпоративтік стандарттарының сақталуына жауап береді.  

Елдос СЕНБАЙ