Әншілер сахнаға мас күйінде шығады
Әншілер сахнаға мас күйінде шығады
297
оқылды
Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын құптап, Сенатқа жолдады. Құжатты талқылау барысында Н.Нығматулин заңнамаға түзетулердің жаңалығына назар аудартты: мәдени-бұқаралық іс-шаралардың, концерттердің ұйымдастырушылары онда фонограмма қолданылатынын көрерменге ертерек ескертуге міндеттеледі. Мысалы, афишада жазылуы керек. Жалпы, көрерменді фонограмма қолданылатыны туралы хабардар ету талабы Үкіметтің Парламентке енгізген заң жобасы нұсқасында болыпты. Бірақ депутаттар оны нақтылай түскен екен. – Үкімет нұсқасында көрерменді ақпараттандыру міндеті бұлыңғырлау болды: оның кімге – ұйымдастырушыға не әншіге жүктелетіні түсініксіз еді. Ал депутаттар оны нақты айқындады: біріншіден, бұл – ұйымдастырушының міндеті, екіншіден, ұйымдастырушы концертте фонограмма пайдаланылатыны туралы көрерменді хабардар етуге міндетті, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Мұндай жағдайда көрермен жанды дауыс болмайтын, жазбаға құрылған іс-шараға бару-бармауды өзі шешеді. Өз кезегінде әншілер де шешім қабылдайды: олар фонограммамен «шырқау» үшін арзандау баға, ал «тірі» дауыспен орындау үшін басқа баға сұрататыны мәлім. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова заң жобасында бірнеше негізгі бағыт қамтылғанын мәлім етті, арасында кітапхана және баспа ісіне, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеуге, шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер бар. Ол концерттік қызмет саласы түйткілге толы екенін растады. – Концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблема бар. Орындаушылар концерт кезінде әдепсіз мінезқұлық көрсетеді. Сахнаға мас күйде шығып өнер көрсету үрдісі белең алған. Бұдан бөлек, жоспарланған концерттерді бұзуға, ел есінде қалу үшін әдепсіз сөздері бар репертуарды таңдауға, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілгенін дәлелдейтін нақты фактілер де бар, – деді А.Райымқұлова.  

Айхан ШӘРІП