«Арлан» vs БТР: министрлік неге отандық өнімге құштар емес?
«Арлан» vs БТР: министрлік неге отандық өнімге құштар емес?
214
оқылды
 

Тауарымызды алмай қойды

Негізі, дау «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Айбек Барысовтың  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жол­даған ашық хатынан кейін басталды.  А.Барысов өз хатында  Қорғаныс  ми­нистрлігінің  2020-2021 жылдары сатып алуға уәде ет­кен  30 дана «Арлан» бр­онды көлігінің тек 11-ін ғана алмақ бол­ғанын  жазған. Ал 2021 жыл үшін «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС-іне еш­қандай тап­сырыс түс­пеген көрінеді. Тапсырыстың күрт ке­муі­нің сал­дарынан кәсіпорын банкротқа ұшыр­а­уы мүмкін екен. Өйткені  компания банктерге 9 млрд теңге қарыз. Одан бө­лек,  ақша жоқ болған соң «Ан­сар»  автоматты кешені  орнатылған «Ба­рыс 8 х 8» көлігін жасау, «Шұғыла» атыс­ты басқару жүйесі орнатылған ұрыс модульдерін, «Арлан» көлігінің базасында  радиациялық-химиялық қауіпсіздіктің барлау  кешенін, артиллерия атысын басқару машинасын, 120 миллиметрлік миномет жүйесі ор­наластырылған «Барыс 6 х 6» көлігін жа­сау, жаяу әскердің шынжыр табанды бронды машинасын құрастыру мүмкін болмай  қалады екен. Одан басқа, кәсіп­орын  банкрот болса 200-ден астам жо­ғары білікті маман мен  серіктес ме­кемелердегі 1 500-дей жұмысшы жұ­мыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан  кә­сіпорын басшылары жанталасып жатса керек. Деректерге  қарағанда, Қорғаныс министрлігі  кәсіпорыннан 2030 жылға дейін 274  «Арлан» және 106 «Барыс» көлігін сатып  алуға ниет танытыпты. Бірақ өзара келісім емес, меморандум ғана жасалған. Оның үстіне «Барыстың» әлі толық сынақтан өтпегені тағы бар.  Сол себепті ме, жоқ, әлде шынымен де коронавирус дағдарысының кері әсері болды ма, Қорғаныс министрлігі  отандық бронды көліктерді сатып алуға асығар емес. Кәсіпорын басшыларының шыр-пыр болғаны содан. Алайда «Қа­зақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС соңғы екі аптада үнсіз қалды. «Ай­қын» редакциясы атынан жолдаған  хаты­мызға да жауап бермеді. Баспасөз қыз­метіндегілер Қорғаныс министрлігі жа­ғынан  оң шешім шығатын болар деп үм­іттеніп отырғанын айтады. Шамасы ашық хат пен «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС басшысы Ербол Сәлімовтің  бірқатар масс-медиаға берген сұхбатынан кейін  «жоғары жақтағылар» өзара мәмілеге келгенге ұқсайды. Әйт­песе, кәсіпорын басшыларының әу бас­тағы қарқыны қатты еді. BTR-1  

Меморандумды құны жоқ құжатқа теңеді

«Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС масс-медиа арқылы министрлікпен арадағы мәселені  жұртқа жария қылған соң, Қорғаныс министрлігі мәлімдеме таратқан. Қорғаныс министрінің орын­басары Руслан Шпекбаев салған беттен кәсіпорын басшыларының «оғаш қылы­ғына» таңғалғанын білдірді. Ви­це-министр министрліктің отандық өн­дірушілерді қолдауға даяр екенін, бі­рақ  өнімдердің сапалы болғаны жөн екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС мен Қорғаныс министрлігі 2017 жылы  меморандум жасасыпты. Біз сөз басында айтқан 274 «Арлан» мен 106 «Барыс»  көлігі жайлы уағдаластық сол кезде жасалыпты.  Бірақ вице-министр меморандумның  заңды күші жоқ екенін айта келе, министрліктің биылға дейін 90 «Арлан» көлігін сатып алғанын айтады.  Жыл аяғына дейін тағы 30 көлікті сатып алмақ екен. Одан бө­лек, қорғаныс техникаларын сатып алу­ға бөлінген бюджет қаржысы  биыл нау­рызда 30 пайызға қысқарғанына қа­рамастан, 2021 жылы 11 бронды көлік са­тып алуды жоспарлапты.  Ал «Барысты» сы­нақтан өткен соң қабылдамақ екен. Ми­нистрліктің  уәжі осындай. Егер Қор­ғаныс  министрлігінің басшылары сө­зінде тұрар болса, әскерилер 2030 жылға дейін сатып алуды жоспарлаған  барлық «Ар­ланның» 50 процентін  2021 жылдың со­ңына дейін  сатып алмақ. Бұл  – тәуір көр­сеткіш. Яғни, әскерилер сөздеріне тұр­ғанға ұқсайды. Бірақ  мәселенің  ақ­па­раттық қақтығысқа ұқсайтын өзге  қы­ры бар.  

Ресей лоббиі бар деседі

Жалпы,  әскери техника мен қару-жарақ саудасында өндірушілердің ықпал ету аймағы мен  оларға бүйрегі бұратындардың  лобби  жасайтыны қалыпты құбылыс. Қару-жарақ экс­порттаушыларының көш басында тұратын бірнеше ел түрлі нарық үшін  бәсекеге түсіп,  сан қилы амал-айла қолданатыны бар. Мәселен, бертінге дейін Үндістан  Ресей қару-жарағын сатып алатын белді  импорттаушылардың бірі болса,  соңғы жылдары үнділер орыс қаруынан  бойын аулақ сала бастағаны байқалады. Қытай да  солай. Өйткені қытайлар қазір қаруды өздері экспорттаса,  үнділер фр­ан­цуздарға, америкалықтар мен  не­містерге  назар аудара бастаған.  Бұл  өз кезегінде Ресей нарығының тарылуына алып келді. Сөйтіп, теріскейдегі ел  Қа­зақстанның  қорғаныс өнеркәсібіне  қы­сым жасай  бастағанға ұқсайды. Әрине, тікелей емес. Жанама тәсілдер арқылы  Қазақстан  өндіретін кейбір техника мен құрал-жабдыққа тапсырыс көлемін азайтуға тырысқаны  байқалып қалады.  Оны ақпанда БТР саудасына қатысты масс-медиада бірнеше материал  жарияланғанда  ресейлік баспасөздің шу ете түскенінен, түрлі сарапшылардың, әскерилердің байбалам салғанынан байқауға болады. Ресейдің әскери өнеркәсібін жақтаушылар сол кезде Қазақстан нарығынан орыс техникасы ығыстырылатын болар-ау деп қауіптенді. Бірақ іс тура ондай деңгейге жеткен жоқ. Бірді-екілі отандық мамандар ғана  бронетранспортер мәселесін көтерген еді. Негізі, Қорғаныс  министрлігі са­тып алған немесе алуды жоспарлаған техникаларға қатысты масс-медиада дүркін-дүркін мақалалардың жариялануы қалыпты жағдай. Кейде сондай мақалалар түрлі топтардың сойылын соғатындай көрінетіні бар. Дегенмен Арыстағы жарылыстан соң экс-министр Сәкен Жасұзақов  әскери қызметтен мүлдем шеттетілген болатын. Медиада оның Ресей лоббиіне қызмет еткені жайлы деректер шыққан. Тіпті, министрлік пен Бас штабтың  ескірген 30 БТР-ды сатып алмақ болғаны жайлы да айтылды. Отандық әскери ғалымдар ХХ ғасырдың 50-60-жылдары сызбасы әзірленіп, өндіріске енгізілген БТР көліктерінің ескіргенін алға тартқан. Сауыты жұқа,  іші тар, заманауи ұрыс талаптарына сай келмейтінін айт­қан. Бұл уәжге қарсы  ресейшіл топ та қарсы пікір білдірген еді. Бірақ ешкім импорттауға болатын шетелдің өзге бро­нетранспортер жайлы жақ ашпаған. Тек бір топ орыс техникасын жамандаса, тағы бір топ мақтаумен әуре  болды. Ал бронетранспортерді  «Ар­ланмен» толық алмастыру бөлек қисынсыз еді. BTR-2  

«Отаншылдардың» қатесі

Негізі, отандық «Арлан» және «Барыс»  көліктерінің сапасын әскерилер нашар демейді. Біз бұл көліктерді құрастыруды заманауи  бронды автомобильдер жасауда мол тәжірибесі бар Оңтүстік Африка Республикасының  тәжірибесіне  сүйене отырып қолға алғанбыз. Сондықтан отандық өндірісті қолдайтындар Қазақ­станда құрастырылған техниканы  мей­лінше жақтайды. Дегенмен қару-жарақ саудасына қатысты мәселеде отандық кәсіпорын басшыларының өкпелеп жүргені  орынсыз көрінді. Өйткені  ресейлік БТР-80 және БТР-82 А  көліктері мен отандық «Арлан» және «Барыс»  бронды  көліктерінің  классификациясы мүлдем  бөлек. Егер ресейлік моральды тұрғыда ескірген БТР-80-нің орнына  финдердің Patria-сын алуды талап етсек, онда әңгіме бөлек. Бірақ соңғы келіспеушілікте  бронетранспортердің орнына сауытты автомобиль  алу керек дейтін сыңай байқалады. Демек, отандық  өнімнің өтуіне мүдделілік танытқандардың да буынсыз жерге пышақ ұрып тұрғаны байқалады. Өйткені Қорғаныс министрлі­гі 2030 жылға дейін сатып алуға  уәде еткен 274 «Арланның» 90-ын алып қойған, 30-ын жыл аяғына дейін сатып алмақ. Бұл дегеніңіз – 120 машина.  Әскерилер бұл тұрғыда уәделерін орындап отыр. Алайда  бұл жағдай  қазақстандық әс­ке­рилердің ішінде ресейшілдер жоқ де­генді білдірмейді. «Ең үздік ұрыс тех­никасын Ресей жасайды» деген ұс­та­нымын байқататын  офицерлер аз емес. Алайда Қазақстан армиясы үшін Ре­сейден  «Тигр», «Рысь», «Медведь»  және «Волк» көліктерін сатып алу жайлы дерек кездестірмедік. Тек 2011 жылы «Тер­минатор» БМПТ  көлігін алғанымыз бар. Ол автокөлік емес, танк тәрізді, шын­жыр табанды ауыр көлік. Оларды біз жасай алмаймыз. Ал «Арлан» мен  «Барыс» мүлдем басқа техника. Ендеше Қорғаныс министрлігін тек бронды авто­көлік алуға мәжбүрлеу «отандық лоб­би» тәрізді сипатқа ие. Дегенмен қорғаныс өнеркәсібін дамытудың тағы бір қыры бар.  

Қазақстандық үлес деген бар

«Отандық лоббидің» ең басты уәжі  импорт алмастыру болғанымен, оның әлеуметтік әсері бар. Егер ««Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС банкрот болса кемі 2 мыңдай адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Олар саланың ерекшеліктерін білетін білікті мамандар. Жұмыссыз қалған инженерлердің шетелдерге ке­туі қиын емес. Демек, кәсіпорынның банкротқа ұшырауы стратегиялық тұрғыда қате қадам болар еді. Одан бө­лек, жаңа жобалар аяқсыз қалады. Оның үстіне, кәсіпорын қазір құрастырып жатқан техникаға қажет бөлшектердің отандық  үлесін 72 процентке жеткізді. Ендеше бір компаниямен бірге тағы бірнеше кәсіпорын зардап шегуі мүмкін. Отставкадағы  полковник Ермек Сейіт­батталовтың сөзіне қарағанда,  бұл жерде мәселе  қорғаныс өнеркәсібіндегі отандық үлесті арттырудың маңызында болып тұр. «Қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың жаңа түрлерін әзірлеуде, жөндеуде, модернизациялауда және олардың құрамындағы қазақ­стандық үлесті 50-75 процентке арттыру мүмкіндігіміз бар. Қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін әзірлеуде де солай. Эко­номикалық және саяси кеңістікте, уа­қыт мерзімінде аздаған саңылау тұр. Сол саңылаудан кешігіп қалмай өтіп кетуіміз керек. Көп ұзамай бұл мүмкіндік жоғалады», – дейді Ермек Сейітбатталов. Сондықтан «Арлан» мен «Барысты»  құрастырған  зауыт басшыларының жан­айқайын түсінуге тырысқанымыз жөн шы­ғар.  Өзгенің  дайын техникасын қашан да сатып алуға үлгереміз.  

Ардақ СҰЛТАН