Қыр асқан жастар
Қыр асқан жастар
208
оқылды
 Тек соңғы уақытта қолға алынған бастамаларды айтсақ, мемлекеттік қызметке талантты бас­қарушыларды тарту үшін президенттік кадрлық резерв жасақ­талды. Таяуда «Jas Otan» Жастар қанаты 2025 жылға дейінгі «Жастар –Отанға» бағдарламасын ресми таныстырды. Соған қарамастан, елімізден сыртқа ағылатын еңбек мигра­циясының қарқыны әжептәуір. Демография зерт­теушілері жас маман­дардың елден кетуі қалыпты құбылыс, бұл үрдіс күшейе береді дейді. Десе де, еліміздегі жастар саясатында жаттанды ұран­нан гөрі, нақты іс-әрекет керек-ақ.  

«Ауылдан біздің неге кетеді, ауа райы ма жақпаған?»

Соңғы он шақты жылда Қазақ­станда көп нәрсе өзгерді, бірақ жұ­­мыссыздардың ресми статисти­касы тұрақты түрде 450-500 мың адамнан аспайды. Мамандар бұл санға кү­дікпен қарайды. Себебі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ған­дардың саны 2 миллионнан ас­қан. Әлемді жайлаған пандемия көптеген аза­маттардың уақытша не­ме­­се мүл­дем жұмыстан айы­ры­луына әкеп соқ­қан. Үкімет­тің бер­ген мәлімет­теріне сенсек, 4,2 млн азамат жұмыс­тан айы­рылуына бай­ланысты 42 500 теңгелік жәр­демақыға қол жеткізген. Жаз айла­рында келтірілген мәлімет бойын­ша, әлі де 1,1 млн адам жұ­мыс­сыз отыр. Мамандар жұмыс­сыздар қа­­­тарында жоғары білімді жастар­дың барына алаңдайды. Бүгінде Ресей, Германия, Из­раиль сияқты елдер репатрианттарға арналған бағдарламалары арқылы еңбек күшін көптеп тартып жатыр. Мә­селен, Ресейде алдағы жылдары демографиялық тоқырау болуы мүм­кін. Себебі демографияны жасауға кіре бастайтын ұрпақ – 2000-2002 жылдар аралығында туса, олардың қатарында қыз­дардың үлес салмағы аз болған. Яғни, Қытай, Үндістандағыдай ер­лердің көптігі біраз демо­графия­лық үзіліске әкеп соғуы мүмкін. Мұны ескерген Ресей Мемлекеттік думаға арнайы заң жобасын енгізіп, азаматтықты алу үшін РФ терри­ториясында 5 жылға дейін тұруды міндеттейтін талапты алып тас­тамақ көрінеді. Әрине, Қазақстанда 90-жыл­дардан бері тарихи Отанына ора­лып жатқандардың көші толастар емес. Сондықтан эмиграцияны да белгілі бір ұлттық шеңбер, жас мөл­­шерімен белгілеуге болар еді. Мә­селен, демографтар ұзақ жыл­дар бойы кетіп жатқандар негі­зінен – славяндар, оның ішінде 35 жасқа дейінгі азаматтар деп келді. Бірақ соңғы уақытта этникалық қазақ жас­тары арасында да ше­телге кету үрдісі байқалады. Демо­граф­тардың зерттеуі бойын­ша, бүгінде сыртқа кеткендердің төрт­тен бір бөлігі – 15-28 жас аралы­ғындағы азаматтар. Ма­ман­дар жас азамат­тардың сырт­қа кетуіне әлеуметтік-эконо­мика­лық мәсе­лелерден бө­лек, сөз бос­тан­дығы, климат мә­се­лесі де себеп деп есептейді.  

Басты себеп –  жалақының төмендігі ме?

Демография зерттеушісі Мақ­сат Имандосов соңғы 18 жылда ха­лық санының 4 миллионға арт­қанын айта келе, еңбек миграция­сын қалыпты жағдай ретінде қа­былдау қажет дейді. Оның ойынша, миграциялық көңіл күй мен сырт­қа кетушілер саны арта түссе ғана алаңдауға болады. Бұл тұста Мақсат Имандосов: – Қазақстаннан кетіп жат­қан­дардың 70 пайызы – орыстар. Одан кейін немістер мен украиндар үш­тікте тұр. Ал 4-орында – қазақ­тар. Яғни, қазақтар сыртқа кетіп жат­қандардың 5 пайызын құрайды. Бұл мәселенің екі жағы бар. Бірін­шіден, мемлекет оларға ақша құя­ды, мек­тепте, жоғары оқу орнында оқытады. Ал елімізге жоғары білім­ді инженер, басқа да сала ма­ман­дары ауадай қажет. Сондықтан бі­лікті маман­дардың кетуі жақсы емес. Екіншіден, біз Кеңес Ода­ғындай жабық мем­лекет емеспіз. Ешкімді шектей ал­маймыз. Бұл Қазақстанның ғана мәселесі емес, көрші Өзбек­станда бізден ондаған есе көп адам сыртқа ағылады. Бұл – әлемдік тренд. Тіпті, АҚШ-тың өзінен миллиондаған адам сыртқа кетеді. Жапония мен Еуропадан да кетіп жатқандар көп. Бұған себеп – мәдени, отбасылық, діл мәсе­лелері, – дейді. Демография зерттеушісінің айтуынша, миграциялық көңіл күйдің көтерілуіне түпкі себеп – еңбекақы деңгейінің төмендігі. Мәселен, Германияның өзінде мұ­­ға­лімдер айына 8 000 еуро жа­лақы алады. Тіпті, неміс елінде жас фар­мацевтің жалақысы 51 мың еуродан басталады. Бұл – өмір сүрудің мүлдем басқа деңгейі. Не­гізінен, жоғары білімді қазақ жас­тары Германия, Англия, АҚШ-қа баруға тырысады. Сондай-ақ қо­нақүй бизнесі жақсы дамыған Біріккен Араб Әмірліктерінен де жалақысы жоғары жұмыс орнын табуға бо­лады. Зерттеуші кейбір өңірлерде адам санының 30 жылдан бері тек азайып жатқанын сын тезіне ала­ды. Оның айтуынша, өңірлердің даму деңгейінің төмен болуы да миг­ра­цияға әсер етіп отырса керек. – Қазір елімізде ауылдар да­мып жатқан жоқ. Негізінен, бәрі қаржы құйылып жатқан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларына барады. Ішкі мигра­цияға келсек, мәселен оңтүстіктен солтүстікке кет­кен­дердің айтар­лықтай бөлігі қай­тадан оралған. Статистика бойын­ша, солтүстік облыстар мүлдем дамымай жатыр. Ол жақта халық саны азайып бара­ды. «Дипломмен ауылға», «Сер­пін», «Еңбек», т.б. бағдар­лама­ларды ауыз толтырып айта­мыз, ал нә­тиже қай­да? Ай сайын елдегі демо­гра­фия­лық ахуал­ды зерттеп отырамын, бұл аймақта тек Қоста­най ғана да­мып жатыр, ал Петро­павл, Көк­шетау, Павлодарда тұ­рақты түрде адам санының кемуі байқа­лады. Мүлдем өсім жоқ, – дейді маман.  

Hello, America!

Биыл Американың грин-кар­тасын Қазақстанның 2 406 аза­маты ұтып алған. Әзербай­жаннан – 1 439, Қырғыз елінен – 2 130, Тә­жік­станнан – 2 332, Түрікмен­станнан – 870, Өзбек­станнан – 5 319, Ресейден 6 001 адам «аме­рикалық арманына» қол жеткізген. Қазақстан үшін биылғы меже ре­кордтық көрсеткіш болып тұр. Се­бебі 2019 жылы 1 584 адам грин-картаға қол жеткізген бола­тын. Биыл 68 мыңға таяу Қазақстан азаматы грин-картаны алу үшін ба­ғын сынап көрген. АҚШ жылына миллионнан астам азаматқа грин-картасын үлестіреді. Бұл дегеніңіз – Америка үкіметінің бұл елде жұмыс істеп, тіпті тұрақтап қалуға мүмкіндік беретін құжаты. АҚШ-та 5 жыл тұрған азамат ел азаматтығын алуға да өтініш білдіре алады. Бір айта кетерлігі, грин-картаға қол жеткіз­ген азаматтың отбасы өкіл­деріне де бұл жасыл құжат беріледі. Өткен жылы Қазақстаннан 45 мың азамат шетелге кетсе, 12 мың адам келген. Мамандардың келу­шілерден кеткендер көп деп алаң­дайтыны содан. Зерттеулерге сенсек, жастар­дың шетелге кетуіне әрқилы сая­си, эко­номикалық, әлеуметтік себеп бар. Оның ішінде барлық сала мен деңгейдегі жемқорлық, қауіпсіздік деңгейінің төмендігі (қылмыстың көптігі, биліктің әрекетсіздігі, құ­қық қорғау ор­гандарының әді­летсіздігі), өзі мен балаларының болашағына се­німмен қарай ал­мауы, бюро­кратия, шенеунік­тердің заңсыз­дығы, сөз бостандығы мен адам құқықтарының сақтал­мауы өзекті боп тұр.  

KamshatКәмшат ТАСБОЛАТ