Мемлекеттерді дұрыс атап жүрміз бе?
Мемлекеттерді  дұрыс атап жүрміз бе?
306
оқылды
 

АҚШ емес, АБМ бола ма?

Төрткүл дүниеде «шотланд­ық­тар» деген халық жоғын бізде екінің бірі біле бермейді. Ұлы­британия патшалығының құра­мындағы бұл ұлттың шын атауы – скотландықтар. Ол латынның Scotia деген сөзінен шыққан. Алай­да «скот» (мал) сөзі орыс тілінде құлаққа жағымсыз естілетіндіктен, бүкіл бір ұлттың атауын бұрмалауға барды. Соның салдарынан алып көр­шісінің ықпа­лынан шыға алмаған қазақтар әлемге орыс көзімен қа­рауға мәжбүр. Бұл ретте, тіл мамандары орыс тіліндегі қаптаған олқылықтарға және кемшіліктерге назар аудар­тады: онда өзге тілдерден алынған кірме сөздердің көптігі сонша (Кеңес заманының өзінде орыс тіліндегі кірме сөздер үлесі 70 пайыз деп есептелетін), олар үшін «исключения» деген ұғым ойлап табылды. Мысалы, соның кесірінен Англияның полицей мекемесінің штаб-пәтерін білдіретін Scotland Yard сөзі «Шотланд-Ярд» емес, «Скотланд-Ярд» болып тәр­жіма­ланған. Бала кезімізде мек­тепте мұның мәнісін сұраға­нымызда, орыс тілі мұғалімі: «Это исключение в русском языке» деп қысқа қайы­ратын. Сондай-ақ бүгінде мектептер мен ЖОО-ларда «мемлекет атауы – Бразилия, астанасы – Бразилиа» деп үйретіп жүр. Ғалымдар мұның да қате екенін ескертеді: дұрысы, мемлекеттің атауы – Бразил (Republica Federativa do Brasil), ал астанасы – Бразилиа. Орыс тілінде атауларға жөнді-жөнсіз «ия» қосу әдетке айналған: Франция (Fran­ce), Великобритания (Great Britain), Дания (Danmark), Исландия (Island), Молдавия (Moldova) және басқасы. Мемлекеттердің қазақ тілінде дұрыс аталуы мәселесі осыдан бірнеше жыл бұрын Сыртқы істер министрлігінде де көтерілді. Ақыр соңында сыртқы саясат ведомст­во­сы тек Австрияны – Аустрия, Авст­ралияны – Аустралия, Түркі­мен­станды – Түрікменстан, Әзір­байжанды – Әзербайжан деп түзе­тумен ғана шектелді. Осы мәселені бұдан бұрын Мә­жіліс депутаты, тіл жанашыры Б.Сма­ғұл да көтерген болатын. – Әлем елдерінің атаулары қ­азақ тілінде қате берілгеніне назар аударып жүрмін. Тіл мамандарымен тілдесе келе соған көз жеткіздім. Айталық, United States of America деген түпнұсқалық атау орысша «Объединённые государства Аме­ри­ки», ал қазақша «Америка бі­ріккен мемлекеттері» болуы тиіс-тін. Өйткені «united» – «объединён­ный» деген сөз. Ал «соединённый» ағылшынша «joined» не «connected» болады. Алайда кеңес кезінде тікелей орыс тілінен аудара салған тәржімалаушылар қателігінен «Аме­рика Құрама Штаттары» деп бекітіліп кетті. Салыстыру үшін ай­­тайын, бауырлас Түркия түп­нұсқадан тікелей алып, «Amerika Birleşik Devletleri» (Америка бір­лескен мемлекеттері) немесе қыс­қаша ABD деп дұрыс атайды екен. Басқаны айтпағанда, «State» (мем­лекет) ағылшын тілінде «штат» болып оқылмайды, «стейт» болады ғой. Демек, орысша ОСА болуы керек еді. Жалпы, «Рухани жаң­ғыру» атты ұлы бетбұрыс аясында кеңес кезінде кеткен біраз кемшілік түзелері сөзсіз, – деді Бақытбек Сма­ғұл журналистерге сұхбатында.  

Қытайды – Чжун Го десек...

Қоғам белсендісі Данияр Зіл­ғаринов Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне хатпен жүгініп, елдердің атын қазақша дұрыс жаза бастайтын уақыт жеткенін еске салды. Ға­лым­дардан ерекшелігі сол, ол шет мем­лекеттің өз тіліндегі өзіндік атауды негізге алуды ұсы­нады. – Германия, Жапония, Қытай, Финляндия, Черногория, Грекия, Армения, Грузия, Үндістан және өзгесінің атауын дұрыс жазу үшін келесі нұсқаны ұсынғым келеді. Барлық халықтың да мемлекеттік тілімізде аталуына өзгеріс енгізіп шыққан жөн. Бұл ретте, олардың өз тілінде ұлт атауы қалай аталаты­ны басшылыққа алынуы керек. Мы­салы, Германияны – Дойчланд, Жапонияны – Нихон, Қытайды – Чжун Го, Финляндияны – Суоми, Черногорияны – Црна Гора, Гре­кияны – Еллас, Грузияны – Сакарт­вело, ал Үндістанды – Бхарата деп бекіту керек. Қазіргі кезде қазақ тілі латын жазуына көшіп жатыр. Соған байланысты тіл реформалануда. Демек, бұл аталған ұсынысты қа­былдау үшін ең қолайлы, таптыр­мас шақ, – дейді ол. Бастама авторы – тіл маманы емес, техника мен IT саласының білгірі. Әйткенмен, бұл ұсынысты азамат ретінде ілгерілетіп отыр және мұндай бастаманы жалпыха­лықтық дауыс беруге, яғни рефе­рен­дум­ға шығаруға болатынына сенімді. Дегенмен елдің өз ана тіліндегі атауын қабылдау идеясын лингвис­тер де, министрлік те қолдамайды. Себебі нық: мемлекет атауында қазақ тілінің ерекшеліктері сақта­луы керек. Айталық, Қытайды – Чжун Го деп алатын болсақ, бұл тіліміздің заңдылықтарына қайшы: қазақша «чж» қатар келмейді. Сондықтан байырғыдан халқымыз көршісінің атын «шың елі» деп тілімізге бейімдеген.  

Реформаны сарапшылар құптады

Жалпы, тіл жанашырларынан, қоғам қайраткерлерінен және ға­лым­дардан түсіп жатқан осындай ұсыныстарға жақында Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті, сонда-ақ Білім және ғылым министрлігінің А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институты ғылыми-лингвисти­ка­лық сараптама жүргізіп шықты. Оны жүргізу филология ғылым­дарының докторы, доцент, инсти­тут­­­тың оно­мастика бөлімінің мең­герушісі Қыздархан Рысбер­генге тапсырылды. – Әлемдік ономастикалық тә­жі­­­ри­беге және тұрақты үрдіс-тен­денцияға сәйкес, мемлекет­тердің атауы олардың өз тіліндегі атауы­мен аталмайды. Оның орнына қа­былдаушы жақ атауды өз тілінің айтылу және орфографиялық та­лап-нормаларына қарай өзгерте­ді. Эндоним (жергілікті халық бер­ген атау) бойынша қабылдау өте сирек кездеседі. Эндонимдер неме­се эндоэт­нонимдер мемлекетті қа­лып­тастырған халықтың, ұлттың төл атауын білдіреді. Оған Дойч­ланд, Суоми және басқасы жатады. Халықаралық тәжірибеде экзо­нимді (сырттан келген атаулар) қолдану дәстүрі берік бекіген. Мы­салы, Германия французша Allemagne, испанша Alemanian, финше Saksa, полякша Niemcy, дат тілінде Tyskland, немісше Deutschland. Қазақ тілінде ХХ ғасырдың басынан бертінге дейін БАҚ Ал­мания деген нұсқаны қолданады. Яғни, әр тіл түпнұсқаны көзсіз кө­шірмейді, өз тілінің нормаларына сәйкес өзгертеді, – дейді Қыздархан Құрмашқызы. Ол тек шетелдердің ғана емес, сондай-ақ шаһарлардың, астана­лардың атаулары ғасырлар бойы ана тілімізге бейімделгенін атап өтті. Нәтижесінде, Россия – Ресей­ге, Москва – Мәскеуге, Венгрия – Мажарстанға, Египет – Мы­сырға, Бэйцзин – Бейжіңге айналды. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай өзгеріс­тер орынды. – Ал Зілғаринов мырзаның өзге елдің төл тіліндегі атауын қабылдау туралы ұсынысы иррационалды, ұтымды емес саналады. Оның үсті­не, қазіргі кезеңде оны орындау мүмкін емес. Себебі бүгінде әлемде шамамен 200-ден аса тәуелсіз мем­лекет бар. Бұл қатарға державалар да, сонымен қатар Океания, Афри­­ка және бас­қасындағы қаптаған ұсақ, арал-мемлекеттер де кіреді. Демек, түп­нұсқа тілдерден қанша­ма атауды транслитерациялау тех­никалық тұр­ғыдан күрделі. Егер мемлекет­тердің бәрін немесе ба­сым көп­шілігін өзіндік атауына сәйкес қайта атап шығатын болсақ, онда елдерді географиялық, адресті локали­зациялау мен сәйкестендіру-иденти­фикациялауда жаппай жаңы­­лысу, ақаулар орын алады. Бұл сайып кел­генде, географиялық нысанды тану процесін қиындатып жібереді, – дейді ғалым Қ.Рыс­берген. Сонда патша заманында және кеңес кезінде мемлекет атауларын тәржімалауда жіберілген қателіктер ары қарай мұрты бұзылмай сақта­лып, қазақ халқының кейінгі ұр­пағына «мұраға» қалуы керек пе? – Барлығын бірдей, жаппай емес, жекелеген шет мемлекет­тер­дің атауларының қазақ тілінде бе­рілуін латын графикасындағы жаңа әліпби негізінде бірте-бірте бейім­деуді орынды деп санаймыз, – деген қорытынды берді Білім және ғылым министрлігінің А.Байтұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты. Олай болса, осы салада реформа алда жалғасатынға ұқсайды.  

«Сақау» емес, аламанн

БҰҰ жанындағы Географиялық аталымдарды стандарттау ко­мис­сиясы және БҰҰ сарапшылар тобы тәуелсіз мемлекеттерге осы­ған қа­тысты ұсыным берді. Онда «ха­лы­қаралық стандарттау тек тұрақты бекітілген және нақты­ланған ұлт­тық стандарттау бағдар­лама­лары негі­зінде ғана қамта­масыз етілуі тиіс» деп жазылған. Қара­пайым тілмен айтсақ, егер мемле­кеттің ішкі атауы сол елдің өзінде нақты бекітілмесе, өзге елдер оны қабыл­дай алмайды. Ал егер бекі­тілген стан­дарт болса, география­лық атау сол ұлт тілінде жазылуға сәйкес рәсімделуі керек. Осыны ескере отырып, кейбір ха­лық­тар мен мемлекеттердің қазақ­­ша атауын болашақта өзгерткен жөн. Әйтпесе, олардың арасында кем­сіту, кекету, мазақ сипатындағы атаулар да аз емес. Мысалы, энциклопедияның тү­сіндіруінше, «немец» (němьсь) деген праславян сөзі «немой, не­способный говорить на понят­ном языке», яғни сақау деген ұғым­нан шыққан. Бұл атау бастапқыда орыс тілінде сөйлемейтін, батыстан кел­ген барлық шетелдікке қатысты қол­данылғаны мәлім. Нақ­тылай кетсек, «Новгород жылна­масында» норвегтер «каинские нем­цы» деп жазылған. 1588 жылғы археогра­фиялық экспедиция актіле­рінде «немец» термині ағыл­шындарға, шотландықтарға, венеция­лық­тар­ға, голландықтарға, прустарға және Еу­ропаның басқа халықта­рына жайыл­ғ­ан. Кейін Германия тұрғын­дарына таңылды. Ал әлемде көпте­ген ел, соның ішінде түркітіл­дес елдер қа­былдаған Алмания сөзі байырғы герман тайпаларының одағы – аламанн немесе алеман атауынан алынған. Сондай-ақ тіл мамандары әлем­­­­де «груз» деген ұлттың жоқ екенін айтады. Жаһандық қауым­дастық негізінен бұл халықты гру­зинше «гург» сөзінен шығарып, Георгия (Джеорджия) деп атайды. Өйткені ежелгі рим қайраткері және жазушы Плиний, тұңғыш рим географы Помпоний Мела «георги» (егіншілер) тайпалары туралы жазған. Грузиндер өз мемлекетін Са­карт­вело, (картвелдер елі) деп атай­ды. Осыған орай, бұрын Кеңес Одағы құрамында болған Балтық елдері құрмет белгісі ретінде осы атауға ден қойды. Мысалға, Литва астанасы Вильнюске жолыңыз түссе, Грузия елшілігінің маңдай­шасында енді «Сакартвело елші­лігі» (Sakartvelo ambasada) деген жазуды байқайсыз.  

АйханАйхан ШӘРІП