Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы, қалалық «Рухани жаңғыру» кеңсесі мен қалалық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен «Батаменен ел көгерер» байқауы өтті.
Көпті көрген данагөй қарттарымыздың өнегелі өмірін үлгі етіп, ғибрат боларлық сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, жастарды имандылыққа тәрбиелеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету мақсатында ұйымдастырылған байқауда ақсақалдарымыз бата беру сайысына түсті.
Жұрт арасында ерекше қызығушылық тудырған байқауға келген қала тұрғындары мен қонақтары батаның түр-түрін естіп, таңдай қақты. Ал арнайы жасақталған қазылар алқасына кіл мықтының арасынан нағыз мықтыны анықтау қиынға соқты. Үміткер Тәңірберген қарияның қос бірдей келіні сахнада сәлем салып, гүл ұсынғанына көрермендер сүйсінді.
Сәлем батасы, ас қайыру батасы, қалжа батасы, соғым батасы, ат қою батасы, беташар батасы сынды түрлі баталарды қайырған ақсақалдар ойының ұшқыр, тілінің шұрайлылығынан жұрт қазақ тілінің құнарлы әрі бай екендігіне тағы бір рет көз жеткізді.
Қаладағы Абай, әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарынан 8 батагөй қария қатысқан байқау қорытындысы бойынша І орынға Қолдасбек Төлегенов лайық деп танылса, ІІ орынды Исенбек Битаев иеленді. Жүлделі ІІІ орынды Жұрынтай Әбілдаев жеңіп алды.
Сайыс жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар беріліп, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаевтың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген байқауда ұлттық салт-дәстүр ардақталып, бата беру барынша дәріптелді. «Атадан бата алмаған үй болмас, ордадан үлгі алмаған би болмас» дегендей дәстүрімізді дәріптеп, батаны қайта жаңғыртқан мұндай шараның жастарға берер өнегесі мол, тәлімі жоғары» деп атап өтті ол.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы