Ысқақов: Автобазарлардан автокөліктің күмәнді 41 айнасы мен 127 аккумуляторды анықтадық
Ысқақов: Автобазарлардан автокөліктің күмәнді 41 айнасы мен 127 аккумуляторды анықтадық

Алматыда полицейлері автокөліктің бөлшектерін сататын базарларға рейд жүргізді. Нәтижесінде, 100-ден аса күмәнді автобөлшекті анықтаған.

Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Есен Ысқақовтың айтуынша, қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу немесе сату фактілерін болдырмау үшін полицейлер Алматыда автокөліктердің қосалқы бөлшектері сатылатын сауда үйлері мен базарларда кезекті рейд жүргізген.

«Бұл рейдтерге біздің бөлімнің, аумақтық полиция бөлімдерінің және ЖҚАЖ қызметкерлері қатысты. «Кар Сити» сауда үйінде, сондай-ақ «Жібек жолы» автокөлік бөлшектерін сататын базарындағы жұмыс кезінде көлік бөлшектерін сататын сатушылардан ұрланған мүлік сипаттамасына сәйкес келетін заттар алынды. «Кар Сити» сауда үйінде 164 дүкен тексеріліп, әртүрлі маркалы автокөліктердің бүйір айнасы, әртүрлі өндірушілердің 5 аккумуляторы алынды, ал «Жібек жолы» автобазарында 98 контейнер тексеріліп, нәтижесінде әртүрлі маркадағы автокөліктердің 7 бүйір айнсы, сондай-ақ әртүрлі өндірушілердің 122 аккумулятор табылды. Рейд барысында 41 көліктің бүйір айнасы мен 127 аккумулятор алынды», — деді Есен Ысқақов.

Еске сала кетейік, былтыр Алматыда мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионы Денис Тен автокөліктің айнасын ұрлаған ұрылардың қолынан қаза тапқан еді. Сол оқиғадан кейін Алматыда автобөлшектер сататын базарларға рейд жүргізіледі.