Қателікті қайталамау керек
Қателікті қайталамау керек
 

Жамбылда дәрі-дәрмек жеткілікті ме? 

Пандемияның екінші тол­қыны басталса қапы қалмау мақ­сатында  облыс әкімі Б.Сапар­баев апта басында аурухана, дәрі­хана, алғашқы медициналық-санитар­лық көмек көрсету қыз­­меттерінің  коронавирус ин­фекциясының болжалды екінші толқынына әзір­лік жұмыстарын тексеріп шықты. Ең алдымен облыс әкімі  «СК-Фармация» ЖШС-не  ат басын бұрып, дәрі-дәрмек қорына зер салды. Белгілі болғаны, 15 қыр­күйектен бастап ауруханаларда екі айлық қажеттілікті өтейтін пре­парат­тар қорын әзірлеу үшін қызу тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жалпы құны 245 миллион  теңге тұратын  жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері жедел сатып алынуда. Жалпы,  қыр­күйек айында 285 миллион  теңгенің препараттары әкелінеді деп күтілуде. Әкім  маусым-шілде айларын­дағы жағдайды тағы бір мәрте еске сала келе, ауруханалар мен про­визорлық орталықтарда дәрі тапшылығы туындап, елге қауіп төн­ген жағдайдан сабақ шығару қажеттігін қатаң ескертті. – Ертең екінші толқын келе қал­са, жіберген қателігімізді қай­таламауымыз қажет. Дәрі тап­шылығы болмасын! Егер жетпей жатса, бірден айту керек. Тұрақты түрде бақылау болуы қажет. Қанша дәрі қалды, ол қай уақытқа дейін жететіні күнделікті сараланып, шешім қабылдануы керек, – деп тапсырды облыс әкімі. «СК-Фармация» ЖШС бүгінде өңірдегі 78 медициналық ұйыммен 673 келісімшарт  бекіткен. Оның жалпы құны 6,7 миллиард  теңгеге ба­ға­лануда. Бұдан бөлек, бірыңғай дис­три­бьютор денсаулық сақтау нысан­дарының стационарларына жалпы құны 5,5 миллиард  теңге болатын дәрілік заттар мен медициналық жабдықтарды жеткізген екен. Об­лыстың инфекциялық және про­визорлық орталықтары  корона­вирус инфекциясын емдеуге ар­налған 709,6 миллион  теңгенің 81 түрлі дәрілік заттарымен қам­тылған. «СК-Фармация» ЖШС Жам­был облысы бойынша өкіл­дігінің төрағасы Айжан Тор­тае­ваның айтуынша, облысқа ан­тибактериалды препараттың 12 түрі немесе жоспардың 96,5 проценті, седативті препараттар, анальгетиктер, миорелаксанттар, иммунодепресанттар мен дәрумен­дердің 91,5 проценті жеткізілген. Ал антикоагулянттармен қам­та­масыз ету артығымен орын­далыпты. Қазір облысқа жеткізіл­ген антикоагулянттар 113,5 про­цент, кортикстероидтар 104,6 про­цент. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеу­меттік сақтандыру шеңберінде амбу­латорлық деңгейде 25 меди­цина­лық ұйымның  атынан құны 7,1 миллиард теңгеге тегін дәрілік заттарды жеткізу бойынша алдын ала өтініш түскен. Сұраныстың 98 проценті қанағаттандырылып отыр. Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың дәріханаларында 1,3 миллард теңгенің тегін таратуға ар­налған дәрі-дәрмек қоры жасақ­тал­ған.  

Ауылдардан да дәріхана ашылса

Міне, осылайша Жамбыл об­лысы коронавирустың болжамды екінші толқынына дайындықты қызу жүргізуде. Ал облыс әкімі ін­деттің алғашқы толқынындағы қателікті қайталамауды сала ма­мандарына шегелеп тұрып тап­сыруда. Өз кезегінде кеселден үр­ейленіп қалған бұқара ауылдық жерлерден де дәріхана ашып беруді сұрауда. Мәселен,  Байзақ ауданы Ша­хан ауылының тұрғындары  дәрі­хананың тапшылығын айтып, шырыл қағуда. 500  адам тұрып жатқан ауыл аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықта  орна­лас­қан. Ал ауылда ашылған медицина­лық пунктте дәрі-дәрмек жоқ. – Коронавирустың алғашқы толқынында  қатты қиналдық.  Ауыл­дық медициналық пункт­те қажетті дәрі-дәрмек болмағандық­тан,  ең жақын деген 30 шақырым қа­шықта орналасқан Мырзатай ауылындағы дәріханаға сабылдық. Ауылдан аудан орталығына қарай жүретін екі-ақ такси бар. Міне, осы таксилердің жолын тосып отырамыз.  Бір бағытта  жүретін  такси құны – 700 теңге. Ал барып-келу үшін 1 400 теңге жұмсайсың. Аудан орталығына, әлде Мырзатай ауылындағы дәріханаға барғанда іздеген дәрің табыла қалса жақсы. Табылмаса, амал жоқ, Таразға ке­луі­ңе тура келеді. Егер ауылдық ме­дициналық пункттің жанынан бір дәріхана ашып қойса, қара халық үшін үлкен көмек болар еді, – дейді ауыл тұрғына Күләш Оңдағанқызы. Ауылдағы ағайынның қиналып жатқанын учаскелік дәрігер Әлия Асқанова да жасырмай отыр. – Коронавирус індеті өршіген тұста күніне 40 науқасқа дейін қа­былдадық. Деніне система салу ке­рек болғандықтан, қолымызда қажетті дәрі-дәрмек болмады. Содан амал жоқ рецептін жазып, дәріні өздеріне алдырдық. Аудан орталығынан дәріні тапсырыс беріп алдырғанның өзінде  такси­дің аздығынан ол саған бір тәу­лік­тен кейін жетеді. Осындай қиын жағдайда науқастардың ден­саулығы  үшін күресуімізге тура келді. Негізі, ауылдық меди­циналық пункттің ішінде бос бір бөлме бар. Қолымда дәрі-дәр­мек сатуға рұқсат беретін ли­цензиям да тұр. Егер құзырлы ме­кемелер рұқсат беретін болса, ме­дициналық пункттің жанынан  дәріхана ашып қояр едім. Тек рұқ­сат берсе болғаны, – дейді учас­келік дәрігер.  Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылы­ның тұрғындары да  елді мекеннен дәріхана ашуды сұрайды. Себебі аудан орталығынан 150 ша­қырым қашықтықта жатқан ауыл жұртшылығы қарапайым ци­трамон алу үшін көлік жалдап, алысқа ат сабылтуға мәж­бүр. Сон­дықтан 200 түтіні  түтеп тұр­ған ұл­анбелдіктер ауыл­дағы меди­циналық пункттің жа­ны­нан бір дә­ріхана ашып қойса, қажеттіні  сол жерде алар едік деген тілегін айтуда. Жалпы, бұл облыстағы 300 ауылдың басында бар  жағдай. Қай-қайсысына хабарлассаң да, ауылдан медициналық пункт ашыл­ғанымен, онда дәрі-дәрмек қорының аздығын  айтады. «Оның орнына бір дәріхана ашылса»  деген өтініштерін  жеткізуде. Осы орайда, біз  Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасы мен қауіпсіз­дігін бақылау департаменті бас­шысының  орынбасары Мәдина Шиналиеваға хабарластық. Мә­ди­на Сейділдақызы  ауылдар­дан дәріхана ашу үшін өтінімді аудан әкімдері беруі керегін айт­ты.  Жауапты маманнан осын­дай жа­уап естігеннен кейін Бай­зақ ауданының әкімі Нұржан Нұр­жігітовке байланысқа шығып, жергілікті биліктің Шахан ауылы­нан дәріхана ашуға қашан өтінім беретінін  сұрадық. Аудан әкімі бұл мәселені жіті назарға алып, толықтай тексеріп, жақын арада бір шешімін шығаруға уәде етті. Жалпы, барлық аудан әкімдері елді мекендеріндегі осы мәселеге зер салып  зерделеп, бұқараға қол ұшын созса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі таразы басында адам өмірі тұр!  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы