Жапа шеккен азаматтардың өтініштері көбейгендіктен прокуратура жеке сот орындаушылардың қызметіне тексеру жүргізді. Тексере келе коллекторлық агенттіктердің жеке сот орындаушыларымен бірлесіп борыштарды заңсыз өндіріп алу схемасы әшкере болды. Коллекторлар өздерінің үлестес тұлғаларына жеке сот орындаушыларының лицензиясын алып отырған. Нәтижесінде, олар арқылы берешекті өндіріп алу үшін ЖСО ақпараттық базасына (атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне) және шектеусіз құқықтық тетіктерге (мүлікке тыйым салу және сату, шығуға шектеу қою, банктік шоттарға қол жеткізу және басқалары) қол жеткізген. Сот орындаушылардың базасы – мемлекеттік ақпараттық жүйе. Онда ЖСО барлық атқарушылық әрекеттерді жүзеге асырады. Онда тараптардың жеке деректері бар, оған бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Тек қана Алматы қаласында «өздерінің» ЖСО ЭЦҚ кілттерін пайдалана отырып, коллекторлар сот орындаушылар базасына 200 мыңнан астам рет кіріп, онда борышкерлер туралы мәліметтер жинаған.
Тексеру қорытындысына сәйкес, Бас прокуратураның ұсынысы бойынша Республикалық ЖСО палатасынан 18 сот орындаушысы шығарылды. Аталған саннан 2 ЖСО лицензиялары күшін жойды, ал 1 лицензия тоқтатылды. Анықтау жұмысы әлі де жалғасады. Жүйелік әкімші олардың АІО ААЖ ақпараттық базасына кіруіне тосқауыл қойды.Мұндай әдісті Алматы қаласының 35 коллекторлық агенттігі қолданған. ЖСО-ға берілген айрықша құқықтарды пайдалану мүмкіндігін бергені үшін жосықсыз сот орындаушылары ай сайын 250-300 мың теңге көлемінде сыйақы алып отырған.