Қырылған құсқа өтемақы беріледі
Қырылған құсқа  өтемақы беріледі
120
оқылды
Құс тұмауы біраз өріс алып үлгерген: СҚО-ның 7 ауданында – Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарында 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының өлімі тіркелді. Ұлттық анықтамалық орталық қанаттылардың қырылуының себебі «жоғары патогенді құс тұмауы» екенін ақыры растады. АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті 2020 жылғы 17 қыркүйектен бастап СҚО-ның аталған аудандарында карантин жариялады: бұл елді мекендерден енді тірі құс және инкубациялық жұмыртқа, мамық пен қауырсын, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ бұрын пайдалануда болған құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды шығаруға уақытша шектеу енгізілді. Аса қауіпті ауруды жою үшін осы комитеттің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды және Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы қазіргі уақытта міндетті іс-шаралар кешенін, оның ішінде құстардың өлекселерін жою, үй-жайлар мен аула аумақтарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде. Құс тұмауы көршіден келді. Сондықтан Ресеймен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың отандық препарат бөлінді. Өңірдегі жағдайды Ауыл шаруашылығы министрлігі бақылауына алды. Құс тұмауынан қырылған үй жануарлары үшін өтемақы төленетінін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлімдеді. – АШМ Республикалық эпизоотияға қарсы отряды құс тұмауынан өлген үй құстарының иелеріне келтірілген шығын құнын орташа айлық нарықтық баға негізінде төлейді. Бағаны Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы арнайы комиссия анықтайды, – деп хабарлады вице-министр. Өтемақы алу үшін үй жануарлары иелері өтініш беруі керек. Ақша картаға аударылады. Бұл үшін зардап шеккен жануарлардың өлекселеріне комиссиялық акті жасалып, ресми түрде тіркелуі қажет. «Өлген құстың әр иесі заңмен белгіленген өтемақыны алуы үшін біз бірінші күннен бастап құстардың өлімін және өлекселерді жою актілерін тіркей бастадық», – деді Г.Исаева. АШМ Ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің мәліметінше, ауру Қазақстан аумағына ұшып келген жабайы құстардан тараған деген болжам жасалды.  

Е.СЕНБАЙ