Партия хатшысының айтуынша, қазір жиі көтерілетін мәселелердің бірі жастардың баспаналы болуы мен саяси өмірге араласуына қатысты. Кандидаттар осы бастан әрекет етсе, алдағы 5 жылда мұндай сұрақтарды туындатпауға болады. Ол үшін кандидаттар қазіргі үгіт-насихат кезінде жастарға қатысты халықтан түскен сұрақтарды ұсыныс ретінде «Жастар – Отанға!» бағдарламасына енгізулері керек.
– Сіздердің қазіргі үгіт-насихат жұмыстары шеңберінде беріп отырған ұсыныстарыңыздың бәрі сол бағдарламаға кіруі керек. Бағдарлама қыркүйек-қазан айларында талқыланады. Сондықтан сіздердің мақсаттарыңыз партиялық тізімге кіру ғана емес, өз ұсыныстарыңызды бағдарламаға енгізуге құлшыныс жасап, болашақта соның іске асырылуын қадағалауларыңыз керек, – деді партия хатшысы.
Оның айтуынша, «Jas Otan» Жастар қанаты Жол картасының 216 жобасын әзірледі. Онда әрбір өңір, қала және аудан бойынша жастардың негізгі проблемаларын шешуге қатысты нақты шаралар көрсетілген. Қазақстандық жастар аталған құжатпен танысып қана қоймай, сонымен қатар jasotan.kz және primaries.kz сайттары арқылы ұсыныстарын жолдай алады.
Кандидаттармен еркін форматта әңгімелесу барысында партия хатшысы жастарға неліктен арнайы квота бөлінгенін айтып берді.
– Ауыл шаруашылығында субсидия деген бар. Субсидияны мемлекет не үшін береді? Бастапқы уақытта сол саланы қолдау үшін, соған бір импульс беру үшін қолданады. Тура сол сияқты партияда беріп отырған 20 пайыздық квота жастарға берілген мүмкіндік, – деді ол. Сондықтан да сол мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.
Сондай-ақ партия хатшысы мәслихаттарда әйел адамдардың үлес салмағы 12 пайыздан аспайтынын жеткізді. Бұнымен қоса, соңғы 2-3 жылда көпбалалы аналардың мәселелері жиі көтерілген. Партия хатшысы отбасы құндылықтарына қатысты осындай мәселелердің шешілуі үшін әйел адамдардың мемлекеттік органдарда, әйелдерге қатысты комиссияларда көбірек болуы қажет екенін айтты.
Іссапардың екінші күні партия хатшысы Хромтау ауданына барды. Мұнда Ақжар селолық округінде орналасқан №104 дауыс беру учаскесінің санитарлық-эпидемиялық талаптарға сәйкестігін тексеріп, «Ақжар ауылдық округі» БПҰ мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесуде партия хатшысы Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы алдағы 5 жылға әрбір өңір, қала және аудан бойынша өзінің 216 сайлауалды бағдарламасының жобаларын жариялағанын айтып, хромтаулықтарды primaries.kz сайты арқылы осы бағдарламаларға өздерінің сындарлы ұсыныстарын енгізуге және талқылауға шақырды.
– Партия тұрғындарымен кездесу қорытындысы бойынша қалыптасқан нақты мәселелердің картасы негізінде сайлауалды бағдарламалардың жобаларын әзірледі. Оны primaries.kz сайтынан көруге болады. Ұсыныс беруге сіздердің де мүмкіндіктеріңіз бар. Мұндағы қамтылған мәселелер шын мәнінде сіздер үшін өзекті ме, жоқ па, соны білу үшін біз алдымен жариялап, қазір ақылдасуға келіп отырмыз, – деді партия хатшысы.
Содан соң Әлібек Әлденей Хромтау қаласынан праймеризге қатысушы кандидаттармен және аудандық ұйымдастыру комитеті, есеп комиссиясы мүшелерімен кездесті. Іс-шара барысында дебат өткізу және дауыс беру орнымен танысты.
Әбілмансұр ЖАСАН