Қала бюджеті 40 миллиард теңгеден қағылды
Қала бюджеті 40 миллиард теңгеден қағылды
119
оқылды
Алматы қаласы прокуроры Берік Жүйріктаев пен Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов Аймақтық кеңес, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі мүшелері, сондай-ақ бизнес-қауымдастық жетекшілері және кәсіпкерлермен кездесіп, осы саланың қазіргі ахуалын талқылады. «Кәсіпкерлік саласының жағ­дайын біліп, іс жүргізудегі мәселелерді анықтағымыз келеді. Бүгінде бизнес саласы құқық қорғау, басқа да көп­теген бақылаушы органдардың орынсыз тексерулерінен зардап шегіп отыр. Осы мәселелерге талдау жасауға міндетті түрде таяу мерзімде кірісеміз», – деді Алматы қаласы прокуроры Берік Жүйріктаев. Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлік, әсіресе қызмет көрсету сала­сын­дағылар карантин зардабын тартты. Өйткені олар ұзақ уақыт бойы жұмы­сын жүйелі жүргізе алмады. Бұл жағдайды Нариман Әбілшайықов та жоққа шығармайды. «Биыл кәсіпкерлер үшін ауыр жыл болғанын мойындауымыз керек. Карантинге жабылуы сал­дарынан қала бюджеті 40 миллиард теңгеден астам қаржыдан қағылды. Сарапшылардың болжамы бо­йын­ша, елде ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) төмендейді. Қаланың 12 371 кәсіпкеріне жүргізілген са­уал­намада  респонденттердің 15 пайызы бизнес жабылып, жұмысшылардың қысқаратынына болжам жасаған. Төтенше жағдайға дейін сауалнама жүргізілген ком­панияларда жұмыскерлер саны 340 мың болған, оның 51 мыңы қыс­қарып,  56 мыңы ақысыз де­малысқа жіберілген. Сауалнама жүр­гізілген кәсіпкерлердің 22,8 па­йызы өз займдарын қайтара алмай отырғанын, 17,3 пайызы салық төлей алмағанын, 12,2 пайызы еңбеккерлердің жалақысын, жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерді төлей алмай отырғанын айтқан», – дейді Нариман Әбілшайықов.  Оның айтуынша, бәрінен де өткір мәселе туризм, ойын-сауық және демалыс, халыққа қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, сауда мен көлік салаларында туын­дап отыр. Қала бизнес өкілдері үшін үлкен мәселенің бірі – бас санитарлық дәрігердің қаулысын орындау болып тұр, өйткені қаулы іске асырылуына бірнеше сағат қалғанда жарияланады. Мәселен, бас санитар дәрігердің 59 қаулысының БАҚ-та жартысы ғана жарияланған. «Қатаң карантин режимінің аяқталғанына қарамастан 8 мың кәсіпкер шектеу салдарынан өз қызметін жандандыра алмай отыр. Олардың қатарында кинотеатрлар, боулинг орталықтары, бильярд және компьютер клубтары, банкет залдары және караоке бар. Осы жағдайдың салдарынан 50 мың қызметкер жұмыссыз қалып отыр. Сауда орындарында да осындай келеңсіз жағдай, мәселен қаладағы 52 базардың 27-сі қатаң талапқа сәйкес жаңғырудан өткенімен, карантин уақытында заманауи және қауіпсіз базарлар жабық ғимарат болғандықтан бас дәрігердің талабына сәйкес өз жұмысын жалғастыра алмады», – деді ол. Сонымен қатар ол құқықтық ста­тистикаға байланысты Алматы­да тамыз айында шілдемен са­лыс­тырғанда әкімшілік жауапкер­шілікке тартылғандар саны 62 пайызға артқанын айтты. Оның пікірінше, кәсіпкерлік нысандар бойынша полиция рейді ерекше мазасыздық тудырады. Алматы қа­лалық кәсіпкерлік палатасына осы тақырып бойынша полиция қызметкерлерінің атына 3 шағым түсті. Қалалық кәсіпкерлік палатасы басшысының айтуынша, алгоритмге сәйкес Бас прокуратурада бекітілген кәсіпкерлердің санитарлық ереже талаптарын ұстануы міндетті түр­де мониторингтік топпен бірге са­нитарлық қызметкерлерімен ба­қыланып отыруы керек. «Сіздердің назарларыңызды қоғамдық тамақтану саласы биз­несіне аударғым келеді. Мони­торингтік топтың рейді барысында «Алматы Су» МҚК мен «Алматы энергосбыт» ЖШС қызметкерлері бас санитарлық дәрігер қаулысы талабын бұзған кәсіпкерлердің коммуналдық жүйесін (су, электр энергиясы) ажыратып тастаған. Бұл ақылға қонымсыз», – деді Нариман Әбілшайықов. Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңес төрағасы Максим Барышев санитарлық талаптарды сақтау тексерулерін жүйелендіруді ұсынды. «1 000-нан астам кәсіпкер жұмысын бас­тағаннан кейін тексеру жүргізілді. Бұл жүйеленген тексеру емес, кәсіпкерлер үшін бұл түсініксіз. Менің ұсынысым: тексерулерді жүйелендіріп, олардың қатарында СЭС және Ұлттық палата қызмет­керлері болуы міндетті. Тексеру ережелері –  алгоритм мен регламент бәріне қолжетімді болуы тиіс, сонда кәсіпкерлер оны жақсы түсініп, сақтай алады», – деді ол. Тексерулер мен мониторингтік топтың жұмысына байланысты кәсіпкерлер тарапынан аз сын ай­тылған жоқ. Алматы қаласы про­куроры Берік Жүйріктаев ай­тылған мәселелермен мұқият та­нысып, сараптама жасалып, нә­тижесін алдағы уақытта осындай кез­десулерде кәсіпкерлермен бірге тал­дауға уәде берді.  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ