Алматы қаласы прокуроры Берік Жүйріктаев пен Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов Аймақтық кеңес, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі мүшелері, сондай-ақ бизнес-қауымдастық жетекшілері және кәсіпкерлермен кездесіп, осы саланың қазіргі ахуалын талқылады. «Кәсіпкерлік саласының жағдайын біліп, іс жүргізудегі мәселелерді анықтағымыз келеді. Бүгінде бизнес саласы құқық қорғау, басқа да көптеген бақылаушы органдардың орынсыз тексерулерінен зардап шегіп отыр. Осы мәселелерге талдау жасауға міндетті түрде таяу мерзімде кірісеміз», – деді Алматы қаласы прокуроры Берік Жүйріктаев. Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлік, әсіресе қызмет көрсету саласындағылар карантин зардабын тартты. Өйткені олар ұзақ уақыт бойы жұмысын жүйелі жүргізе алмады. Бұл жағдайды Нариман Әбілшайықов та жоққа шығармайды. «Биыл кәсіпкерлер үшін ауыр жыл болғанын мойындауымыз керек. Карантинге жабылуы салдарынан қала бюджеті 40 миллиард теңгеден астам қаржыдан қағылды. Сарапшылардың болжамы бойынша, елде ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) төмендейді. Қаланың 12 371 кәсіпкеріне жүргізілген сауалнамада респонденттердің 15 пайызы бизнес жабылып, жұмысшылардың қысқаратынына болжам жасаған. Төтенше жағдайға дейін сауалнама жүргізілген компанияларда жұмыскерлер саны 340 мың болған, оның 51 мыңы қысқарып, 56 мыңы ақысыз демалысқа жіберілген. Сауалнама жүргізілген кәсіпкерлердің 22,8 пайызы өз займдарын қайтара алмай отырғанын, 17,3 пайызы салық төлей алмағанын, 12,2 пайызы еңбеккерлердің жалақысын, жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерді төлей алмай отырғанын айтқан», – дейді Нариман Әбілшайықов. Оның айтуынша, бәрінен де өткір мәселе туризм, ойын-сауық және демалыс, халыққа қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, сауда мен көлік салаларында туындап отыр. Қала бизнес өкілдері үшін үлкен мәселенің бірі – бас санитарлық дәрігердің қаулысын орындау болып тұр, өйткені қаулы іске асырылуына бірнеше сағат қалғанда жарияланады. Мәселен, бас санитар дәрігердің 59 қаулысының БАҚ-та жартысы ғана жарияланған. «Қатаң карантин режимінің аяқталғанына қарамастан 8 мың кәсіпкер шектеу салдарынан өз қызметін жандандыра алмай отыр. Олардың қатарында кинотеатрлар, боулинг орталықтары, бильярд және компьютер клубтары, банкет залдары және караоке бар. Осы жағдайдың салдарынан 50 мың қызметкер жұмыссыз қалып отыр. Сауда орындарында да осындай келеңсіз жағдай, мәселен қаладағы 52 базардың 27-сі қатаң талапқа сәйкес жаңғырудан өткенімен, карантин уақытында заманауи және қауіпсіз базарлар жабық ғимарат болғандықтан бас дәрігердің талабына сәйкес өз жұмысын жалғастыра алмады», – деді ол. Сонымен қатар ол құқықтық статистикаға байланысты Алматыда тамыз айында шілдемен салыстырғанда әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 62 пайызға артқанын айтты. Оның пікірінше, кәсіпкерлік нысандар бойынша полиция рейді ерекше мазасыздық тудырады. Алматы қалалық кәсіпкерлік палатасына осы тақырып бойынша полиция қызметкерлерінің атына 3 шағым түсті. Қалалық кәсіпкерлік палатасы басшысының айтуынша, алгоритмге сәйкес Бас прокуратурада бекітілген кәсіпкерлердің санитарлық ереже талаптарын ұстануы міндетті түрде мониторингтік топпен бірге санитарлық қызметкерлерімен бақыланып отыруы керек. «Сіздердің назарларыңызды қоғамдық тамақтану саласы бизнесіне аударғым келеді. Мониторингтік топтың рейді барысында «Алматы Су» МҚК мен «Алматы энергосбыт» ЖШС қызметкерлері бас санитарлық дәрігер қаулысы талабын бұзған кәсіпкерлердің коммуналдық жүйесін (су, электр энергиясы) ажыратып тастаған. Бұл ақылға қонымсыз», – деді Нариман Әбілшайықов. Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңес төрағасы Максим Барышев санитарлық талаптарды сақтау тексерулерін жүйелендіруді ұсынды. «1 000-нан астам кәсіпкер жұмысын бастағаннан кейін тексеру жүргізілді. Бұл жүйеленген тексеру емес, кәсіпкерлер үшін бұл түсініксіз. Менің ұсынысым: тексерулерді жүйелендіріп, олардың қатарында СЭС және Ұлттық палата қызметкерлері болуы міндетті. Тексеру ережелері – алгоритм мен регламент бәріне қолжетімді болуы тиіс, сонда кәсіпкерлер оны жақсы түсініп, сақтай алады», – деді ол. Тексерулер мен мониторингтік топтың жұмысына байланысты кәсіпкерлер тарапынан аз сын айтылған жоқ. Алматы қаласы прокуроры Берік Жүйріктаев айтылған мәселелермен мұқият танысып, сараптама жасалып, нәтижесін алдағы уақытта осындай кездесулерде кәсіпкерлермен бірге талдауға уәде берді.