Shymkent bike велосипедтері қайта іске қосылды
Shymkent bike велосипедтері қайта іске қосылды
187
оқылды
Естеріңізге сала кетейік, Shymkent bike алғашқы велостан­са­лары мегаполисте 4 жыл бұрын пайда болған. Шымкенттіктер бұрын-соңды болмаған мұндай қызмет түріне біртіндеп үйренісе бастады. Әрине, барлығы емес. Жасыратыны жоқ, көптеген ве­ло­сипед қаңырап бос тұратын. Мү­мкін, оған тарифтердің қым­баттығы да әсер етсе керек-ті. Қала әкімдігі тарапынан осыдан 2 жыл бұрын арнайы веложолдарды салу қолға алынды. Сөйтіп, барлық  Shymkent bike велостансалары жыл басынан бері өз жұмысын тоқ­татып қойған. Алайда көктемде бас­талған карантин жағдайы ке­зінде қоғамдық көліктер тоқтап қал­ғанда тұрғындарға велосипед қыз­меті ауадай қажет болды. Тіпті, бұл көлік адамдардың жеке тірліктеріне мінуі үшін ғана емес, өкпені жаттықтыруға да тап­тырмас құрал болатын еді. Сон­дықтан  адамдар осы кезде Shym­kent bike велосипедтерін жиі еске алып,  дүкендерден көліктің бұл түрін көптеп сатып алып жатты. Бұл кезде Shymkent bike жо­ба­сы ведомстволық тиесілігін өз­гертіп, қаладағы барлық вело­сипед­терді қоймаға уақытша са­лып қойған еді. Бүгінгі таңда Shym­kent bike велостансалары қа­ла­лық көлік және автомобиль жол­дары басқармасының теңгері­мі­нен «диспетчерлік қызмет ор­­та­лығына» берілді.  Енді 1 қыр­күйектен бастап қала тұрғын­дары­ның велосипедтерді қайтадан пай­да­лануына мүмкіндігі бар. Қа­зір барлық 160 велосипед тех­никалық байқаудан өтіп, 40 вело­станса арқылы қала көше­лерімен жүруге дайын. Ал велосипедті пайда­лану­шылар үшін қолжетімді, әрі ың­ғайлы тарифтік жоспарлар да әзір­ленген. Вike sharing жүйесі ар­қылы велосипедті алғашқы 30 минут тегін пайдаланып, одан кейін тарифке сәйкес 1 сағат үшін – 100 тең­ге, 2 сағат үшін – 250 тең­ге, 3 сағат үшін – 500 теңге, ал 3 сағаттан асса 1 000 теңгеден жұм­салады. Сондай-ақ абоненттік төлем картасының жалпы құнын төлеуге арналған тиімді жүйе әзірленген. Бір айлық абонемент – 2 500 теңге  үш айлық абонемент – 6 000,  ал жылдық абонемент үшін кас­саға 10 000 теңге төлеуге тура ке­леді. Бұл туралы өзінің әлеуметтік парақшасында хабарлаған Шым­кент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жыл сайын ве­ло­сипедпен жүруге арналған мар­шрут желісі кеңейетінін атап өт­кен.  Келесі жылы ол шамамен 30 шақырымды құраса, ал вело­стансалар велосипедтермен то­лық­тырылмақ.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы