Қарызы бардың қорқынышы басым
Қарызы бардың қорқынышы басым
172
оқылды
 

«Ертең үйімнен күштеп шығаруға келеді»

ЖСО-лар халықты қан-қақ­сатуын жалғастыруда. «Менің бір ғана басыма 8 жеке сот орындаушы атқарушы іс қозғап қойыпты. 8 сот орындаушы да жұ­мыс орныма атқару парағын жолдап үлгерген. Қазіргі кезде олар бухгалтерия арқылы еңбек­ақымның 50%-ын ұстайды. Бұған еш қарсылығым жоқ. Несие ақысы төленуі керек. Алайда осы­лар қа­лыпты өмір сүруге мүм­кіндік бер­меуде. Мәселен, олар еңбек­ақым­ның қалған жартысы түсуі тиіс есепшотымды бұғаттап тас­тады. Жұмыс орнымнан білсем, қара­жатым сол шотқа түседі, оны ЖСО-лар атқарушы парағына сәйкес талап әкетеді. Салдарынан сот орындаушылар табысымды түгел алып қоюда. Өз қолыма еш­қандай ақша түспейді. Кішкентай қызымның дүние есігін ашқанына екі аптадай ғана болды. Өзімнің де, отбасымның да өмір сүруіне қатер төніп тұр. Ең болмаса, тапқаным­ның жар­тысын өзімде қалдырса етті?!» деп қапа­ланады НұртазаТұяқбаев. Ал Павлодар тұрғыны Е.Хачатурян мемлекеттің банкрот алдындағы банктерге бюджеттен миллиардтар шығындап, тұрақты көмектесетініне, ал банктер дәр­менсіз күйге жеткен клиент­терді қанауын жалғастырып жат­қанына күйінеді. «2014 жылы RBK банкінен 4 миллион теңге кредит алдым. Уақытылы төлеп тұрдым. Кейде бір ай ерте төлеп қоятынмын. Кейін жұмыссыз қалдым. Банкке талай жүгініп, өтеудің икемді кестесін түзуді жалына сұрадым. Олар бас тартты. Сол кезде RBK-ның өзі қиыншылықты бастан өткеріп жатқан. Мемлекетіміз оған көмекке келді, құтқарды, проб­лемасын жеңілдетті. Өз кезегінде банк бізге, қарапайым азаматтарға ешқандай жеңілдік ұсынбады. Уақытылы тө­ленбеген төлемге өсімпұл жазылып, ұлғая берді. Банк қызметкерлері хабарласып, несиені өтеуге қайта кіріспесем, құжаттарым сотқа берілетінін айтып үрейлендірді», – дейді Евлалия Хачатурян. Ізінше банк өтеудің жеке кестесін құруға ауызша «келісіпті». «Банктегілер: «ең құрыса, 150 мың теңге өткізіңіз, сонда бас­шы­лық кесте құруға келіседі», – деді. Мен ағайымнан көмек сұра­дым, ол 500 мың теңге берді. Оны банкке апардым. Ондағылар апта ішінде қоңырау шалатынын, жаңа өтеу кестесін алып кетуге болаты­нын айтты. Апта өтті, бірақ уәде ет­кендей маған банктен емес, қа­лалық соттан хабарласып, ісім сот­та қаралғанын және банктің пай­дасына шешілгенін мәлім етті. Ол жайында алдын ала құлағдар етпеген. Сондықтан сенбедім, банк­пен уағдаласқанымды, жаңа кес­те түзу үшін жарты миллион тең­ге енгізгенімді жеткіздім. Сот­тағылар істі қарау кезінде ондай сома жайы сөз болмағанын, егер қолымда түбіртек болса, ұсынуым керегін ескертті. Мен дереу солай істедім, әйтсе де бұл іске еш ықпал ет­педі», – дейді Е.Хачатурян. Осылайша, оның берешегі ЖСО Жамбыршиновқа табыс­тал­ған. Борышкер енді әлгі түбіртекті соған апарып береді, ол ескеретінін айтқан: бірақ банктің емес, өзінің алдындағы қарыздың қайтарымы ретінде есепке жатқызыпты. «Мен бұл соманы несиемнің өтемі ретінде бұдан біраз бұрын банк­тің кассасына салдым. Төлем өтіп кеткен. Оның қалай ЖСО төле­міне айналып шыға келгенін түсін­бедім. Сондай-ақ төлем төлеу қайта басталғанына қарамастан, банктің істі неге сотқа бергенін де түсіне алмадым. Кредиттің кепіліне бас­панам қойылған. Банк 2014 жылы оны шамамен 8 миллион тең­геге бағалады. 2019 жылы пәте­рім сауда арқылы 5,3 миллион теңге­ге са­тылып кете барды. Оны Д.Ахметов сатып алыпты, білуім­ше, ол сол кезде аталған банктің қыз­меткері болған. Ол осы жолмен үшінші үйіне қол жеткізіпті. Егер лайықты баға­ланғанда пәтерімнің саудасы несиені жабуға да, өзіме ең болмаса, бір бөлмелі баспана алуға да жететін еді. Себебі нарықта он­дай пәтер 15 млн теңгеге бағаланған. Кәмелетке тол­маған үш баламен далада қалатын түрім бар. Басқа бас­панам жоқ», – дейді Евлалия Хачатурян. Қалалық сот кепілдегі баспа­на­ның сауда арқылы арзанға саты­луын заңсыз деп тану туралы осы азамат­шаның талап-арызын қа­был­­даудан бас тартты. Шағымда­нушы бүгінде бұрынғы үйінде тұ­рып жатыр. Оны жаңа иесі қудалап жат­қан жоқ. Оның орнына «ЖСО Жамбыршинов Е.Хачатурянның үйін тезірек босатуын талап етіп», тезге салып жатқан көрінеді. Сот осы түйткілді шешу үшін тіпті медиация тағайындаған: онда Хачатуряндар жаңа иесіне пәтерді 7 млн теңгеге кері сатуды ұсы­нып­­ты, алайда Д.Ахметов пә­терді өзі тұру үшін емес, пайда табу үшін ал­ғанын ескертіп, кем деген 10 мил­­­­­­лион беруді сұрапты. Отбасы сон­ша қаражатты ұсына алмаған. Шетсіз-шексіз сергелдең барысын­да Евлалияның зайыбы онымен ажы­расып, отанасын үш баласымен тастап кеткен. Бұл ЖСО-лардың тірлігі азаматтардың отбасыларын ойрандайтынын, елді азап пен мех­натқа бастайтынын куә­лан­дырады. – Бірнеше жылдан бері осылай арпалысып келемін. Банктің ЖСО-ға істі заңсыз тапсырғанын, баспа­­намның сатылар алдында қайта бағалаудан өтпегенін, қаптаған әділетсіздік орын алғанын дәлелдеу үшін биліктің әр органына шабыл­дым. Барлығы да бір тарапты қор­ғайды. «Біздің қалада әртүрлі құры­лымдардағы тұлғалар өзара сыбай­ласып алған ба?» деген ауыр ойға келдім. Бұл іс әбден ұйымдас­ты­рылған, жолға қойылған, бірінің артын бірі жауып отыратын сияқты. Жақында ғана Президент Жолдау жариялап, барлық жерде корруп­циямен белсенді күрес жүргізіле­тінін, азаматтардың құқығы қорға­латынын мәлімдеді. Мен секілді сең соққан балықтай сенделген, әділетсіздік кесірінен естен танып, әлі бітіп құлағалы жүрген жандар көп екенін білдім. Бұл топтан зар­дап шеккен жалғыз мен ғана емес­пін. 18 қыркүйектен кейін олардың адамдары үйімнен күштеп шыға­руға келеді», – дейді арызданушы.  

Мемлекеттік дерекқор – қосымша кіріс көзі

Мұны еліміздің Бас проку­ратурасы анықтады. Құзырлы ор­ган коллекторлар мен жеке сот орын­даушыларының қызметіне тексеру жүргізіп, оның қорытын­дысын жариялады. Бұл қадамға ведомство азаматтардың шағым­дарының көбейіп кетуіне байла­ныс­ты барыпты. Өтініштерді қара­с­тыра келе, прокуратура ор­гандары жеке сот орындау­шы­ларының (ЖСО) қызметіне тек­серу жүргі­зуге, сондай-ақ кол­лек­тор­лар­дың қызметіне тал­дау жа­сау­ға ұйғарады. karisi barlar1 Тексеру және талдау көрсеткен­дей, коллекторлық агенттіктердің ЖСО-мен ымыраласып, борыш_тарды заңсыз өндіріп алу схемасын жолға қойғаны әшкереленді. Кол­лекторлар өзінің үлестес, сыбайлас тұлғаларына жеке сот орындау­шысы лицензиясын алып отырған. Коллекторлар осы арқылы өздері үшін жабық болып келген ЖСО-ның ақпараттық базасына, яғни «Атқарушылық іс жүргізу орган­дарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне» қол жеткі­зіпті. Мұның сыртында коллек­торлар ЖСО-лар арқылы борыш­кердің мүлкін бұғаттап тастау және сатып жіберу, азаматтың шетелге шығуына тосқауыл қою, банктік есепшоттарына және картасына тұтқын салу секілді ЖСО-ның берешекті өндіріп алуға арналған шектеусіз әрі қаһарлы құқықтық тетіктерін иеленді. Бас прокуратура сот орындау­шыларының базасы мемлекеттік ақ­параттық жүйе екенін және онда тек ЖСО-лар ғана атқарушылық әрекеттерді жасайтынын еске са­лады. – Онда Қазақстан азаматта­рының құпия дербес деректері бар, оған бөгде адамдардың кіруіне және ақпарат алуына тыйым са­лынған. Соған қарамастан тек бір Алматы қаласында «меншікті» ЖСО-ның электронды цифрлы қолтаңбасы кілттерін пайдалана отырып, коллекторлар сот орын­дау­шылар базасына 200 мыңнан астам рет кірген, сөйтіп онда бо­рыш­керлер туралы мәліметтер жина­ған. Мұндай заңсыз әдістерді Алматы қаласының 35 коллектор­лық агенттігі қолданды, – деді Бас прокуратура. Бұл ЖСО-лар алаяққа жем болған құрбан емес, олар «серік­тесінің» заңсыз істерінен хабардар болған, одан жалақы алып отырған. – Тек ЖСО-ға белгіленген ай­рықша құқықтарды пайдалану мүм­кіндігін ұсынғаны үшін адал емес сот орындаушылары ай сайын 250-300 мың теңге көлемінде сый­ақы алып келген. Тексеру қорытын­дысында Бас прокура­тура­ның ұсынысы бойынша республикалық ЖСО палатасынан 18 сот орын­даушысы шығарылды. Оның ішін­де 2 ЖСО-ның лицензиясы күшін жойды, 1 лицензия тоқтатылды, қалғандары бойынша сотқа өтініш беру жұмыстары жалғасуда. Жүйе­лік администратор олардың Атқа­ру­­шы­лық іс жүргізу орган­дарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің базасына кіруіне тыйым салып, бұғаттады, – дейді құзырлы орган.  

«Мейірімді» орган басынан сипай берсе...

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторларды дүркін-дүркін «жазалап» тұрады. Бұл оларды тоқтатпайтынға ұқ­сай­ды. Мәдина Әбілқасымова бас­қаратын ұжым 2020 жылдың І тоқ­санында жеке азаматтардан және кәсіпорын-компаниялардан түс­кен арыз-шағымдарды қарады. Қорытындысында коллекторлық агенттіктердің іс-әрекетінде жаңа бұзушылықтар анықталды. Соған сәйкес, 3 ықпал ету ша­расы қолданылыпты. Соның ішін­де 132,5 мың теңге сомаға 1 әкім­шілік айыппұл салынған, құқық бұзған қалған екі коллекторға жаз­ба­ша ескерту жасалыпты. Қаржылық реттеушінің дере­гінше, коллекторлық агенттіктер «алғаш байланыс жасағанда бо­рышкерге құқығы мен тиісті ақпа­ратты хабарламайды, уәкілетті орган сұратқан ақпарат пен құжат­тарды ұсынбайды. Азаматтар өз құқықтарын кол_лектор бұзған жағдайда агент­тікке, агенттіктің жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне, сондай-ақ өңірлердегі агенттіктің басқарма­сына хабарласып, шағым қалдыра алады. Егер өтініші жазбаша болса, агенттікке мына мекенжай бойын­ша: «А15С9Т5, Алматы қ., Көктем 3, 21-үй» хат жазу керек. Ауызша болса, жедел желі телефонының +7 (7272) 78-81-44 және +7 (7272) 78-81-22 нөміріне қоңырау соға алады. Агенттіктің өңірлік өкілдер басқар­масының мекенжайы finreg.kz сай­ты­­­­ның «Агенттік туралы» бөлімін­де, «Агенттік құрылымы» – «Агент­тік бөлімшелері» шағын бөлімде_рін­де орналастырылған. Жалпы, коллекторларды жаза­лау шараларын сонша пәрменді деп айту қиын. Мысалы, Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­ті­гі бүкіл 2019 жылы жөнсіздікке жол берген коллекторлық агенттіктерге 35 ықпал ету шарасын қолданды. Оның ішінде 10-ына жалпы сомасы 1 млн 635,2 мың теңге айыппұл салған. 7-еуі ауызша ескертумен құ­тылған. 14-іне жазбаша ұйғарым, 4-уіне жазбаша ескерту жолда­ныпты. Бұлай жұмсақтық таныта берсе, борышкер халық өзін қудалаушы топ – ЖСО-лар мен коллектор­лардың сыбайластары қатарына Мәдина Әбілқасымованың өзін қосып қоюы да ғажап емес.  

АйханАйхан ШӘРІП