Сонымен, еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша қызмет көлемі 2020 жылдың бірінші тоқсанында 38,3 млрд теңгені көрсеткен. Естеріңізде болса, 2012 жылы аталған секторда қызмет көлемі 35 млрд теңгені құраған. Осыған дейін бұл көрсеткіш ең төмен деп пайымдалған еді. Байқасаңыз, биылғы цифрлар 2012 жылғы нәтижеден 3,3 млрд теңгеге ғана артық. Сонда 8 жыл бойы салада алға жылу болмағаны ма?
Көрсеткіш бірден 20,2%-ға төмендеді
Айта кетерлігі, секторда қызмет көлемінің жартысынан көбі тек бір ғана аймаққа тиесілі. Иә, бизнес пен сервисті қазанында қатар қайнатқан Алматы бұл салада да алға шығып отыр. Алма шаһардағы қызмет көлемі 21,1 млрд теңгені құраған. Десе де, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға аз екен. Ал ғылыми зерттеудегі Нұр-Сұлтан қаласындағы қызмет көлемі 6 млрд теңге болса, Шығыс Қазақстан облысында – 4,6 млрд теңге. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс жайы Маңғыстау (-63,5%) мен Ақмола облысында (-50,3%) айтарлықтай төмендеген. Әрине, алға ілгерілеу көрсеткен өңірлер де бар. Олар – Қызылорда мен Ақтөбе. Күріштің отанында көрсеткіш 347,7 млн теңге болса, Ақтөбе облысында 358,5 млн теңгені көрсеткен. Жоғарыдағы қала мен аймақтағы сектордың халі. Ал жалпы, ел бойынша көрсеткіш бірден 20,2%-ға төмендеді. Өйткені ҒЗЖТЖ қызметі өткен жылы – 48 млрд, 2018 жылы 50,4 млрд теңгеге жеткен-ді. Қарапайым математикалық амалдың өзі елдегі зерттеудің кері кеткенін нұсқайды. Сектордағы ауыз толтырып айтарлық «дәурен» 2014 жылға тиесілі екен. Аталған жылы Қазақстанның ғылыми-зерттеу саласы 52,5 млрд теңгені еншілеген. Одан кейінгі ілгерілеу 2018 жылы болған.Зерттеуге көңіл бөлсеңіз...
Ендігі кезекте нені зерттеуге ден қоятынымызға көшсек. Министрлік мәліметінше, қызметтің үлкен көлемі биотехнология саласындағы зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелерге жұмсалады. Құны – 2,4 млрд теңге. Одан кейінгі орында – жолдар мен көпірлерді жобалау, салу, жөндеу, күтіп ұстау және диагностикалау саласы (2,3 млрд теңге). Геологиялық саладағы ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-әдістемелік және эксперименттік жобалау жұмыстарына алдыңғы екеуіне қарағанда біршама аз ақша (1,8 млрд) жұмсалады. Қазір әлемге ауадай қажет болған инфекцияға қарсы препарат ойлап табу, зерттеу жағы осы саланың мойнында екені анық. Бір қызығы, осы сектордағы зерттеулер мен әзірлемелер көлемі бір жыл ішінде 75,1%-ға төмендеген. 2019 жылы саладағы жұмысқа 1,2 млрд теңге жұмсалған. Ал биыл І тоқсанның нәтижесі бойынша, Ұлттық қауіпсіздікке қатысты зерттеулер мен әзірлемелер жасалмаған. Гуманитарлық саладағы жұмыс жайы – бар мен жоқтың ортасында (0,01 млрд). Өткен жылмен салыстырғанда, 60,8% алшақтық бар. Бәріңізге белгілі, елімізде ғылыми-зерттеу мен тәжірибенің дені жаратылыстану мен техникалық ғылым саласында жасалады. Ғылым гранттары мен тәжірибелер де аталған саланың еншісінде. Әлемнің жетекші елдері де техника мен жаратылыстану ғылымына сүйеніп, алға жылжуға ұмтылады. Елдегі ғалымдар бұдан бұрын да мемлекеттің ғылымға қырын қарап жүргенін айтқан-ды. Ғылым академиялары мен орталықтардың қоғамдық сипатқа ие болғанына да айтар даты бар. Белгілі ғалым Көпмағамбет Елемесов «ғылым мемлекеттің қорғауында, иелігінде, жетелеуінде болғанда ғана нәтиже береді» деген-ді. Ал техника ғылымдарының докторы Сүндет Каримов ғылымға қаржы бөле салып, 2-3 жыл ішінде нәтиже күту ақымақтың ісі екенін ескерткен еді. Өйткені ғылыми-зерттеу секторында ғасырға жуық уақыт болса да, шешімін таппаған дүниелер бар.Ғалымдар арасында байланыс жоқ
«Он жыл тарих өлшемімен алғанда көп уақыт болмауы мүмкін. Бірақ осы уақытта ғылымның дамуы мүлде басқа бағытқа бұрылып кеткені аңғарылады. Мәселен, өзім технарь болғандықтан, машина жасау саласын алып қарайықшы. Кеңес заманында бізде «Жигули», «Москвич» деген көлік бар-ды. 2000 жылдардың басында «Ладаға» ауыстық. Кейін шетелдік көлікті тізгіндедік. Демек, арада өткен уақыт ғылым мен білімнің бір орында тұрмайтынын дәлелдеді. Қарапайым ғана күнделікті қолданыстағы компьютердің өзін алайық. Алғашқы компьютердің процессоры Celeron болса, қазір CORE i20-ға ауысты. Арадағы зерттеулердің нәтижесінде кейбір бөлшектер қолданыстан кетті. Міне, аздаған уақытта қаншама өзгеріс орын алды. Бәріне уақыт, қаржы мен зерттеу жұмысына жағдай жасау керек. Ғалым сонда ғана иығын кеңге салып, зерттеу жұмысына кіріседі», – дейді Сүндет Каримов. Техника ғылымдары докторының айтуынша, ғылым кемшіліксіз болмайды. Ғалымдар көпжылдық зерттеулер – кітап пен монография жазады. Сүндет Каримовтің сөзіне сүйенсек, олардың таралымы өте төмен. Осылайша, монографиялар болашақ зерттеушілердің қолына жетпейді. Сәйкесінше олар интернеттен ғалым жұмысына сілтеме жасауға әуес. «Қазір ғалымдар арасында байланыс пен пікір алмасу тоқтаған. Сондықтан біріккен монографиялар жазылмайды. Жаңалық ашу жайы да тоқтап тұр. Көбінесе гранттық қаржыландыруға сүйене отырып, жұмыс жүреді. Грант орта есеппен алғанда 100-ге жуық ғалымға бұйырары белгілі. Бірақ оны жеңіп алу турасында «бармақ басты, көз қысты» мәселелер бар», – дейді ғалым. Кейінгі мәліметтер мен ғалымдардың пікіріне жүгінсек, елдегі ғылым саласында «жедел жәрдем» керек. «Мектеп қабырғасынан «Дарын» практикалық ғылыми жұмыс байқаулары мен гранттық қаржыландыру бар. Ғылым – күшінде» деп уәж айтарсыз, бәлкім. Бірақ статистика басқаша сөйлеп тұр. Ауылшаруашылық ғылымдарының профессоры Тағай Қансейітов айтқандай, қойды чиппен басқарамыз дегенімізге біршама жыл болса да, нәтиже жоқ. Негізсіз қаржы бөліп, жалған есеп беріп, қазақ ғылымын қашанғы алдамақпыз? ҰЭМ ұсынған деректерге мән беріп, ілгерілеу көрсеткен саланы қамшыласақ. Ауыл шаруашылығы, техника мен жаратылыстану ғылымы қаржы мен зерттеуге сұранып тұр емес пе?..