Экономикаға пайдасы жоқ компания көп
Елімізде ондаған ұлттық компания мен он мыңдаған мемлекеттік кәсіпорын бар. Олардың мақсаты – пайда табу. Мұндай компаниялардың жұмысы экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналуы тиіс. Алайда көптеген акционерлік қоғамда корпоративтік басқару бюрократиялық рәсімге айналған. Мұны біз емес, биылғы Жолдауында Президент айтты. Сондықтан тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау жалғасатын болды. [embed]https://youtu.be/9TllNzdCiZA[/embed]Текст: Халима Тәжіқұл. Виедо+монтаж: А. Ахметқазы
Экономист Мақсат Халық та сарапшы әріптестері секілді квазисектордың еңбек өнімділігін төмен деп бағалайды, өйткені бұл салада экономикаға үлес қоспайтын компания өте көп. «Студенттеріміз квазимемлекеттік компанияларда өндірістік тәжірибеден өтіп келген соң, ондағы жұмыс процесі туралы сұраймыз. Сонда «жұмыс сағат 9.30-да басталады, 11-де қызметкерлер шай ішеді, 12-ден аса түскі асқа кетеді. Түскі ас екі сағатқа созылады. Сосын жұмыс істеуді бастайды, бірақ сағат кешкі 6 болғанда, кептелісте қалмай үйге жетіп алайық деп үйіне қайтады» деген жауап аламыз. Ал олар неге маңдай терін төгіп жұмыс істемейді, себебі мемлекеттен өте көп мөлшерде дотация алып, сол ақшаның есебінен күн көріп отыр. Өздері қандай өнім өндірді, қай жобасы жүзеге асты, атап бере алмайды. Бар айтары ол жобалар ұзақ мерзімге жасалған, жемісін 5-6 жылдан соң көреміз дегенге саяды. Бұл – ақталу ғана», – дейді ол. Қысқасы, квазисектор мемлекеттің мойнында отыр. Мұндай компаниялар жекеменшік компанияларға үлкен кедергі. Нағыз кәсіпкер тапқан-таянғанын бизнесіне салып, жұмыс істегісі келсе, оны квазисектордағы қомақты ресурс жаншып өтеді. Бәсеке болмаған соң экономика тұралайды. Сарапшы бұған ұлттық әл-ауқат қорын құру кездегі қателік себеп деп санайды. «Самұрық-Қазына» әу баста Малайзия үлгісінде құрылды. Сол үшін біз бұл қордың құрылуын құптадық. Себебі Малайзияда мұндай қорға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері топтастырылады. Ал бізде, керісінше ірі компаниялар, монополистер топтастырылды. Енді осы монополиямен күресу қиынға соғып отыр. Қайта құрылып жатқан Бәсекені дамыту және реттеу агенттігі бұл мәселені шеше ала ма деген қаупім бар», – дейді. Өйткені аталған агенттік квазисектордағы бәсекені реттеу үшін экономикадағы мемлекеттің үлесін 20-30 пайызға дейін түсіруге ықпал етуі тиіс. Ал ол оңайға түспейді, себебі былтырғы ресми дерек бойынша экономикадағы мемлекеттің үлесі ірі компаниялар бойынша 50 пайыз, орта кәсіпорындар бойынша 56 пайызды құрады. Ал сарапшылардың бейресми дерегіне сүйенсек, экономикамыздағы мемлекеттің үлесі 70 пайыздан асады. Экономика заңдылығында мемлекет үлесі 50 пайыздан асса, экономика тежеледі. Дамыған елдерде мемлекеттің экономикадағы үлесі 30 пайыздан аспайды.Миллион, миллион жалақы
Сарапшылар квазисектордағы жалақысы жоғары қызметкерлерді қысқарту арқылы өзге қызметкерлер жалақысын көтеру туралы тапсырманың орындалуына күмәнмен қарайды. Себебі 10 пайызға қысқарту болғанымен, саладағы жалақы жыл сайын 20 пайызға көбейіп отыр. Сондықтан квазисектордағы қысқарту үшін бұл саланы жекешелендіру қажет. «Бұл саладағы жоғары жалақыны негізі басқарушы қызметкерлер алады. Ал қатардағы жұмысшылардың жалақысы көп емес. Басшылары мен қосшыларының жалақысын есептегенде орташа 2-3 млн теңге болып көрінеді. Бұл – бір. Екіншіден, бұл жалақы билік пен халық арасындағы алшақтықты көрсетеді. Халықтың жағдайымен санасқысы келмейтіндер өз дәулетін көбейтіп әлек. Үшіншіден, біздің елдегі «Самұрық-Қазына» сияқты компаниялар бюджеттен ақша алады. Бұлақ басында отырғандар бюджет ақшасын қалағанынша пайдаланады. Депутаттар мен шенеуніктердің балалары квазимемлекеттік кәсіпорындарды «алтын астауға» айналдырып алғандықтан, олардың аранын жекешелендіру арқылы ғана тоқтатуға болады», – дейді экономист Сапарбай Жобаев. Оның айтуынша, ешкім жеп отырған нанынан айырылғысы келмейді. Сондықтан лоббиге салса да соңына дейін күреседі. Ендеше квазисектордан айырылғысы келмейтіндердің жалақысын санап көрелік. Бұл ретте «Курсив» жүргізген зерттеуге сүйенеміз. Басылымның жазуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясындағы топ-менеджерлердің жылдық табысы 2018 жылы 210 млн теңге болса, 2019 жылы 512 млн теңгеге (+ 144%) бір-ақ секірген. 14 топ-менеджердің әрқайсысының айлық табысы 1,7 млн-нан 3,7 млн теңгеге өскен. Ал тәуелсіз директорлар 1,8-4,2 млн теңгеге дейін (+ 131%) сыйақы алған. «Қазақтелеком» менеджерлерінің жалақысы 63% -ға өскеніне қарамастан, директорлар кеңесі мүшелерінің орташа табысы айына 6,2 млн-нан 5,8 млн теңгеге азайған. Бірақ мұның өзі аз қаржы емес. Әрі қарай кеттік, «Самұрық-Қазынаға» қарасты «Самұрық-Энерго» (+ 60%), «ҚазТрансОйл» (+ 33%) және «ҚазТрансГаз» (+ 24%) компанияларының басқарма мүшелерінің де сыйақысы өскен. Ең үлкен сыйақыны «Қазатомөнеркәсіп» төлейді –11,5 млн теңге. Бұл қайта 2018 жылмен салыстырғанда 18 пайызға азайғаны екен.Қарыздан көз ашпаған сала
Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 152 719 млн АҚШ долларын құраса, соның ішінде мемлекет бақылауындағы ұйымдардың сыртқы қарызы 17 040 млн АҚШ доллары деп көрсетілген. Банктердің сыртқы қарызы 16 800 млн АҚШ долларына жетіп тұр. Былтыр сыртқы қарыз көлемі бұдан да көп болған. Көңілге демеу болары, «Самұрық-Қазына» қоры жыл басынан бері өткен 6 айда дебиторлық қарызын 60 млрд теңгеге азайтты. Бірақ бәрібір макроэкономикалық көрсеткіштің нашарлауына байланысты қордың жалпы қарызы 3,9 пайыз өсті. Қор басшылығы бұл қауіпті пайыз емес дейді. Себебі 2018-2019 жылдары қор 8 млрд доллардай қарызды жапқан болатын. Бірақ бұл қордың қарызы жоқ дегенді білдірмейді. Тек оның көлемі қанша екенін ашық деректен табу мүмкін болмады. Ал «ҚазМұнайГаздың» қарызы туралы мәліметті тез таптық. 2020 жылдың алғашқы жарты_жылдығындағы негізгі қаржылық көрсеткіштері туралы есепте бұл компанияның таза қарызы 6 432 млн АҚШ доллары екені жазылған. Теңгеге шаққанда 2 трлн 598 млрд-ты құрайды. Үкімет биыл «Бәйтеректің» капиталын 105 млрд теңгеге, «Самұрық-Қазынаның» капиталын 26 млрд-қа, «ҚазАгроның» капиталын 10 млрд-қа ұлғайтуды жоспарлады. Бұл қаржы республикалық бюджеттен беріледі. Бірақ Үкіметтің олардан алатын дивиденді өте аз. Бұл Үкіметке де ұнамаған болса керек, осы жылдың наурызында Үкімет квазимемлекеттік сектор компаниялары 2019 жылғы таза кірісін мемлекетке 100% төлейтін, келесі жылдары бюджетке таза пайдасының кемінде 70% беруге міндеттеген қаулы қабылдады. Сонымен бірге квазисектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету үшін «Қоғамдық бақылау туралы» заң жыл соңына дейін қабылданбақ. Аталған заң квазимемлекеттік компанияларда қоғамдық кеңес құруға мүмкіндік береді. Бұл квазисекторға тықыр таянғанын білдірсе керек. Бәлкім, осыдан кейін квазисектордан бір қайран болатын шығар...