Сонымен бірге бір кездегідей қолда барды қанағат тұтып қана қоймай, мал тұқымын асылдандыруға барынша назар аударылуда. Мемлекеттің қолдауы, шаруаның ынтасы арқасында етті, сүтті бағыттағы ірі қара, етті, жүнді қойдың қатары артып келеді. Жылқы мен түйе тұқымы да заман талабына сай жақсартылуда. Құстың да пайдалысына көп көңіл бөлінуде. Айта кету керек, қазіргі кезде асылтұқымды ірі қара малдың үлесі 197,8 мың бас немесе 18,7%, қой 812,8 мың бас немесе 23,2%, жылқы 51 063 мың бас немесе 15,6%, түйе 3 896 мың бас немесе 52,4%, құс 1 322,2 мың немесе 12,8%. Облыста тұқымды трансформациялау ірі қара малдың асылтұқымды қорының 30,2%-ын қамтиды. Жануарлардың асылтұқымын білдіретін қасиеттерін жақсарту және олардың өнімділігін арттыру мақсатында биыл шетелдерден 1 888 бас асылтұқымды ірі қара мал сатып алынған. «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 11 775 бас ірі қара және 17 850 бас қой елге жеткізілген. Өңір бойынша сыйымдылығы 25,7 мың бас болатын 82 сүт фермасы жұмыс істейді. Жыл басынан бері Қаратал, Іле, Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарында сыйымдылығы 2 400 бас болатын 6 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Алдағы кездерге жасалған жоспар бұлардан да ауқымды. Жыл соңына дейін сыйымдылығы 2 мың басқа арналған 6 тауарлы-сүт фермасын пайдалануға беріледі деген болжам бар. 8 айдың қорытындысы бойынша, облыста 547,5 мың тонна сүт өндірілген. Оның 89,0 мың тонна сүті тауарлы-сүт фермаларына тиесілі. Өткен жылы облыста 788,2 мың тонна сүт өндірілсе, соның ішінде 87,2 мың тоннасы тауарлы-сүт фермаларында сауылғанын атап өткен жөн. 2020 жылға арналған сүт өндіру жоспары 816,7 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде тауарлы-сүт фермаларының үлесі 92,0 мың тонна болмақ. Қазіргі уақытта облыста сыйымдылығы 70,1 мың бас болатын 106 бордақылау алаңы бар. Жыл басынан бері Көксу және Сарқан аудандарында 550 басқа арналған 3 мал бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар жыл соңына дейін 5 720 бас сыйымдылығы бар тағы 11 мал бордақылау алаңын пайдалануға беру жоспарлануда. Соған сай ет өндіру де артып келеді.
Б.АБАҒАН, Алматы облысы