Қапшағай қаласының әкімдігі хабарлағандай, қазіргі кезде «Атырауинжстрой ААЖ» мердігер ұйымы «Шығыс» шағынауданындағы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын 13 көшені жөндеуді бастады. Сонымен бірге Қыз Жібек көшесінің бойына бетон жол жабындысы төселіп, қалған жолдарға асфальтты бетон төсемі дайындалуда. Golden city DS ЖШС Алматы көшесінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жол жиегіндегі бордюрлер ауыстырылып, аялдама реттеліп, жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілер өткелдері белгіленуде. Заречное және Шеңгелді ауылындағы 10 көшеде құрылыс жұмыстары қарқын алған. Мердігер – MAXDORSTROYSERVIS-21 ЖШС Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Қосқұдық ауылындағы ұзындығы шақырымға жуық Алтынсарин көшесін, Кербұлақ ауылындағы орталық гүлзарын, Шеңгелді ауылындағы Жамбыл, Қожахан баба көшелерінің және Ақөзек ауылындағы Төле би көшесіне жөндеу жұмыстарын жүзеге асырды. Заречное ауылдық округіндегі Тәуелсіздік, Желтоқсан, Садовая, Төле би көшелері де жөнге келтірілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 19 жобаны іске асыруға Қапшағай өңіріне 1,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар осы бағдарлама бойынша 288 жұмыс орнын құру жоспарланыпты. Оның 143 жұмыс орны қалалық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Әзірге 150-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл жоспардың 102,8 %-ін құрайды.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы