Өрт қауіпсіздігіне бейжай қарамайық
Өрт қауіпсіздігіне бейжай қарамайық
Осынау айлық кезінде ха­лық­тың әлеуметтік  осал топ­тарына (тұрмысы төмен аз қамтылған көп­балалы отбасы, жалғыз­басты қарт азаматтар, мүге­дектер) басымдық берілді. Се­бебі жеке сектордағы өрт оқи­ғасы тұрмысы төмен от­басыларда көбірек тіркеледі екен. Сондықтан министрлік халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері тұратын 123 157 тұрғын үйді есепке ал­ған.  Өрт қауіпсіздігі айлығы кезінде осы үйлердің 106 482-ін аралап тексерген  мамандар 280 693 азаматқа нұсқау бер­ді. Жергілікті атқарушы ор­гандардың өкілдерімен бірге 72 638 үйге арнайы бас сұқты. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 71 мыңнан астам жағ­дайды анықтап, оның 29 668-інің тексеру барысында жойылуына ықпал етті. Халықтың әлеуметтік осал тобының тұрғын үйлерінен басқа,  автономды жылыту жүйесіне байланысты төтенше жағдайдың туындауына  бейім тұрғын үйлер де тексеруден өткізді. Мәселен, 82 419 үйді ара­лап шыққан өрт қауіпсіздігі мамандары  201 953 азаматқа нұсқау берді. 33 922 бұзушылық анықталып, оның ішінде 8 067-сі сол орнында жойылды. Улы газбен уланудан немесе өрт салдарынан болатын қай­ғылы оқиғалардың қаупін азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қаражаты мен демеушілік көмек есебінен биыл­ғы 1 маусымнан бастап 6 437 датчик сатып алынып, орнатылды. Оның ішінде 3 122 табиғи газ датчигі,    3 222 улы газ датчигі,   93 түтін датчигі бар. Орнату барысында тұрғындарға датчиктерді пайдалану ережесі де  түсіндірілді. Осы датчиктер газдың шекті нормадан асуына уақытылы ден қоюға, қайғылы жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді екен. Мысалы, өткен жылғы жылыту кезеңінде 58 адам тұратын тұрғын үйде 15 датчик іске қосылып, 60-қа тарта адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген. Жалпы, өрт қауіпсіздігін бұзу деректерінің  90% электр техникалық желілерді, электр жабдықтарын және автономды жылыту жүйелерін пайдалануға байланысты екенін атап өту қажет. Көп жағдайда тұрғын­дар  өзінің тілсіз жаудың құр­баны болмайтынына тым се­­нім­ді болады да,  «мұндай жағ­дайға ұшырамаймын» деп жағ­дайды жете бағаламай бей­­қам жүреді.  Салдарынан қайғылы жағдайға душар бо­лады. Сондықтан төтенше жағ­­дай қызметінің өкілдері үй иелеріне өрт қауіпсіздігінің ал­дын алу үшін кеңес беруден тартынып қалған емес. Мысалы, пеш жабдықтарын қауіпсіз пай­далану талабын ескеру өте ма­ңызды. Ол үшін жылыту пеш­тері мен жүйелерінің тү­тін мұржалары мен басқа эле­менттері тікелей жылыту мау­сымы басталар алдында, сон­дай-ақ жылыту маусымы ке­зінде: 3 айда бір рет – жылыту пештері үшін, 2 айда бір рет – үздіксіз жұмыс істейтін пештер мен ошақтар үшін күйеден тазартылуы тиіс. Пешпен жылытуды пайда­лану кезінде жанып жатқан пештерді қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды балаларға тапсыруға бол­май­ды. Пеш жағу үшін дайын­дал­ған отынды, сондай-ақ бас­қа да жанғыш заттар мен ма­­териал­дарды пеш алдына қой­­маңыз. Қатты отынмен жа­натын пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйық­тықтарды қолданбауға тырысы­ңыз.  Жанғыш заттар мен материалдарды (аяқкиім, киім, отын) пеш пен түтіндіктердің бетінен,   кем дегенде, жарты метр қашықта кептіру қажет.  Бұзылған, жарылған, тесілген пешке отын жағуға мүлдем бол­майды.  Бір қарағанда, мұ­ның бәрі қарапайым ереже. Бірақ соны сақтайтындар сирек. Салдарынан жақын-жуығының тілсіз жаудың құрбаны боларын ескермейді.  

 Айдана БЕГІМ