Осынау айлық кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына (тұрмысы төмен аз қамтылған көпбалалы отбасы, жалғызбасты қарт азаматтар, мүгедектер) басымдық берілді. Себебі жеке сектордағы өрт оқиғасы тұрмысы төмен отбасыларда көбірек тіркеледі екен. Сондықтан министрлік халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері тұратын 123 157 тұрғын үйді есепке алған. Өрт қауіпсіздігі айлығы кезінде осы үйлердің 106 482-ін аралап тексерген мамандар 280 693 азаматқа нұсқау берді. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге 72 638 үйге арнайы бас сұқты. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 71 мыңнан астам жағдайды анықтап, оның 29 668-інің тексеру барысында жойылуына ықпал етті. Халықтың әлеуметтік осал тобының тұрғын үйлерінен басқа, автономды жылыту жүйесіне байланысты төтенше жағдайдың туындауына бейім тұрғын үйлер де тексеруден өткізді. Мәселен, 82 419 үйді аралап шыққан өрт қауіпсіздігі мамандары 201 953 азаматқа нұсқау берді. 33 922 бұзушылық анықталып, оның ішінде 8 067-сі сол орнында жойылды. Улы газбен уланудан немесе өрт салдарынан болатын қайғылы оқиғалардың қаупін азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қаражаты мен демеушілік көмек есебінен биылғы 1 маусымнан бастап 6 437 датчик сатып алынып, орнатылды. Оның ішінде 3 122 табиғи газ датчигі, 3 222 улы газ датчигі, 93 түтін датчигі бар. Орнату барысында тұрғындарға датчиктерді пайдалану ережесі де түсіндірілді. Осы датчиктер газдың шекті нормадан асуына уақытылы ден қоюға, қайғылы жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді екен. Мысалы, өткен жылғы жылыту кезеңінде 58 адам тұратын тұрғын үйде 15 датчик іске қосылып, 60-қа тарта адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген. Жалпы, өрт қауіпсіздігін бұзу деректерінің 90% электр техникалық желілерді, электр жабдықтарын және автономды жылыту жүйелерін пайдалануға байланысты екенін атап өту қажет. Көп жағдайда тұрғындар өзінің тілсіз жаудың құрбаны болмайтынына тым сенімді болады да, «мұндай жағдайға ұшырамаймын» деп жағдайды жете бағаламай бейқам жүреді. Салдарынан қайғылы жағдайға душар болады. Сондықтан төтенше жағдай қызметінің өкілдері үй иелеріне өрт қауіпсіздігінің алдын алу үшін кеңес беруден тартынып қалған емес. Мысалы, пеш жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талабын ескеру өте маңызды. Ол үшін жылыту пештері мен жүйелерінің түтін мұржалары мен басқа элементтері тікелей жылыту маусымы басталар алдында, сондай-ақ жылыту маусымы кезінде: 3 айда бір рет – жылыту пештері үшін, 2 айда бір рет – үздіксіз жұмыс істейтін пештер мен ошақтар үшін күйеден тазартылуы тиіс. Пешпен жылытуды пайдалану кезінде жанып жатқан пештерді қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды балаларға тапсыруға болмайды. Пеш жағу үшін дайындалған отынды, сондай-ақ басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пеш алдына қоймаңыз. Қатты отынмен жанатын пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолданбауға тырысыңыз. Жанғыш заттар мен материалдарды (аяқкиім, киім, отын) пеш пен түтіндіктердің бетінен, кем дегенде, жарты метр қашықта кептіру қажет. Бұзылған, жарылған, тесілген пешке отын жағуға мүлдем болмайды. Бір қарағанда, мұның бәрі қарапайым ереже. Бірақ соны сақтайтындар сирек. Салдарынан жақын-жуығының тілсіз жаудың құрбаны боларын ескермейді.
Айдана БЕГІМ