Фостерлі отбасы жетім санын азайта ма?
Фостерлі отбасы жетім санын азайта ма?
247
оқылды

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметі бойынша, жыл сайын 8 мың бала ата-ана қарауынсыз қалады. Олардың 65-70 пайызын түрлі отбасыға орналастыру жұмысы жүреді. Жақында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин фостерлі отбасы институтын енгізуді ұсынды. Бұл тәжірибе елдегі балалар үйін азайтуға себеп болады екен.

2008-2009 жылдары балалар үйінде 18 мыңнан астам тәрбие­ле­нуші тіркеліпті. 2014 жылы олар­дың саны 9 мыңға кеміген. Қазір елімізде 109 балалар үйі жұмыс істейді. Мекемелердегі бала саны 5 мыңға жуықтайды. Аружан Саинның ойынша, фостерлі отбасы институтының ықпалы күшейсе, балалар үйін түгелдей жауып тастауға болады.

«Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қамқоршы жанұялардың са­ны мен мүмкіндігін кеңейту керек. Асырап алу, қамқоршылық және патронат деген түсінік бар. Осы үш бағытты да жетілдіріп, кәсіби фостерлі отбасы институтын құ­руды қарастырып жатырмыз. Сәй­кесінше, жетім қалған балалардың жеке тұлға ретінде дамуына мүм­кіндік ашылады. Елімізде балалар үйі болмауы үшін осындай 500-ге жуық отбасы қажет» дейді Бала құ­қықтары жөніндегі уәкіл.

Сондай-ақ ол аталған тәжіри­бенің шетелде кеңінен қолда­ны­ла­тынын алға тартты. Фостерлі от­­­басы институтының арқасында мем­лекет мойнындағы жүктеме аза­йып, балалардың жақсы өмір сү­руіне мүмкіндік туатынын айтты.

Аружан Саин айтқандай, фос­терлі отбасы ұғымы кеңінен та­нымал. Foster care ұғымы алғаш рет 1853 жылы АҚШ пен Ұлыбри­та­нияда пайда болды. Чарльз Брейс Нью-Йорк көшелерінде қараусыз қалған балаларды жинап, басқа штатқа қоныстандырды. Бұл «Жетімдер пойызы» деп аталды. Пойыз 1929 жылға дейін жұмыс істеп, 250 мың баланың отбасы жылуын сезініп өсуіне жағдай жасады.

Финляндияда қазіргі кезде фостерлі отбасы институты кәсіби түрде жұмыс істейді. Институт баланың жаңа отбасын арнайы зерттейді. Асырап алғысы келген отбасында бірінің денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау немесе білім беру саласында тиісті білімі болуы керек. Сонымен қатар пат­ронат болатын ата-аналар бағ­дарлама бойынша міндетті білім алу курсынан өтеді. Асырап алушы ата-аналарға мамандандырылған муниципалды ұйымдар лицензия береді. Қаржылық жағдайы, тұр­мысы, психологиялық ахуалы тек­серістен өтеді. Институт жа­ны­нан құрылған комиссия патронат ата-анамен емес, тікелей баламен әңгімелеседі. Ай сайын сауалнама жүргізіп, балаға психологпен тре­нинг белгілейді. Бала ішкі қалауын анық айтады. Егер асырап алу­шы­сы ұнамаса, басқа отбасын таң­дауға құқығы бар.

БҒМ баяндамасы бойынша, 2017 жылы Қарағандыда – 3 393 бала, Алматыда – 3 039 бала, Шы­ғыс Қазақстанда – 2 909 бала және Оңтүстік Қазақстанда 2 631 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Жалпы, 27 274 бала қолдаусыз қа­лып, соның 21 051-і түрлі отбасына орналастырылған. Соның ішінде 18 941 бала қамқоршыларға, 1 900 бала патронаттық тәрбиеге, 92 бала қонақ отбасыларға, 118 бала отбасы үлгісіндегі балалар үйлеріне берілген. 6 223 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымда тұрып жатыр.


Сондай-ақ асырап алушылар балалардан бас тартқан жағдай тіркелген. Статистика бойынша, отбасы тәрбиесіне берілген ба­лалардың 1,7 пайызы интернаттық мекемеге қайтарылған. Оның не­гізгі себебі – ата-аналар қа­был­дап алған балаларын тәрбие­леуге дайын емес. Аталған жағдай кәсіби дайындықтың маңызын түсінуге және балаларды тәрбие­леуге беретін отбасыларды жан-жақты тексеруге әкелген.

Психологияда баланы тыңдауға қатты көңіл бөледі. Әлемдегі да­мыған елде бұл тәжірибе ескеріледі. Баланы асырап алушы емес, бала таңдауы тиіс. Сол сияқты фостерлі отбасы да мемлекет пен қоғам ба­қылауында болуы тиіс. НемолчиKz белсендісі Дина Смаилованың ай­туынша, бастысы бала өзін ер­кін, толыққанды сезінуі керек.

«Ұзақ жыл балалар продюсері болып қызмет еттім. Балалар үйін­дегі тәрбиеленушілермен жақсы таныспын. Менің жұмысымды бақылайтындар бар шығар. Ба­ланың психологиясынан хабарым бар. Осы жөнінде Аружанның кей пікірімен келіспеймін. Өйткені біз балалардан сұрамай, шешім қа­былдауға бейімбіз. Олар өздерін асырап алғанын қалай ма? Мы­салы, өтпелі кезеңде жүрген бала жаңа отбасына бейімделе ме, әлде жасөспірім ретінде қалыптаса ма? Оған бұл кезеңде шешім қабыл­даудың өзі қиынға соғады. Сон­дықтан асықпауды, ойлануды ұсы­намын. Баланың өзіне, ішкі да­уысына құлақ түрейікші. Кіш­кентай балаға фостерлі отбасына бейімделу оңай болатын болар. Бірақ жасөспірімдерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға қиын. Мынаны ескерейік, фостерлі отбасында бірінен екіншісіне ауысуға болады. Сонда бала психологиясына одан ары күш түседі. Балалар үйін бірте-бірте жабуға келсек, мынаған мән берейік. Фостерлі отбасына 4 жас­тағы баланы асырап алу керек. Ба­ланың 15 жастағы бауыры бар. Алғашқысын алу үшін, жасөс­пі­рім­ді де отбасына қабылдайсыз. Осы жағдайда түсініспеушілік туындауы мүмкін. Елімізде бірде-бір балалар үйі жоқ деп елестетіңіз. Кейіннен бала бұл отбасында тұр­ғысы келмесе, қайда барады? Ме­ніңше, балалар үйін дамытуды қол­ға алу қажет. Шағын болса да, жағдайы жасалған балалар үйі бо­луы керек. Кез келген уақытта ба­ла өзін жал­ғыз қалғандай сезін­бесе екен.

Егер фостерлі отбасына бала берілсе, статистика бірге жұмыс істесін. Әр баланың ахуалын жіті қадағалайық. Жылына, айына қан­ша бала фостерлі отбасына барды, кім қиянат көрді, кімнің жағдайы жақсы, бәрінен хабардар болайық. Баламен еркін тілдесіп, жағдайын сұрайық. Фостерлі отбасын мем­ле­кет тарапынан, қоғам тарапынан бақылау жасасақ игі еді. Себебі біз­ге патронаттық тәрбиедегі бала­лардан бірнеше қоңырау түсті. Олар мұнда ұнамайтынын, балалар үйіне қайтқысы келетінін айтып мұң шақты» дейді Дина Смаилова.

Фостерлі отбасы – ата-ана қа­рауынсыз қалған балаға жағдай жасаудың жолы. Мұнда бала еркін өсіп, отбасы махаббатын сезіне алады. Бірақ бес саусақ бірдей емесін ескергеніміз жөн. Дина Смаилова айтқандай, мұндай от­басының тыныс-тіршілігін қайдан білеміз? Баланың рухани күйі мен ішкі әлемі бүтін болғаны маңызды емес пе?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ