Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметі бойынша, жыл сайын 8 мың бала ата-ана қарауынсыз қалады. Олардың 65-70 пайызын түрлі отбасыға орналастыру жұмысы жүреді. Жақында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин фостерлі отбасы институтын енгізуді ұсынды. Бұл тәжірибе елдегі балалар үйін азайтуға себеп болады екен.
2008-2009 жылдары балалар үйінде 18 мыңнан астам тәрбиеленуші тіркеліпті. 2014 жылы олардың саны 9 мыңға кеміген. Қазір елімізде 109 балалар үйі жұмыс істейді. Мекемелердегі бала саны 5 мыңға жуықтайды. Аружан Саинның ойынша, фостерлі отбасы институтының ықпалы күшейсе, балалар үйін түгелдей жауып тастауға болады.
«Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қамқоршы жанұялардың саны мен мүмкіндігін кеңейту керек. Асырап алу, қамқоршылық және патронат деген түсінік бар. Осы үш бағытты да жетілдіріп, кәсіби фостерлі отбасы институтын құруды қарастырып жатырмыз. Сәйкесінше, жетім қалған балалардың жеке тұлға ретінде дамуына мүмкіндік ашылады. Елімізде балалар үйі болмауы үшін осындай 500-ге жуық отбасы қажет» дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Сондай-ақ ол аталған тәжірибенің шетелде кеңінен қолданылатынын алға тартты. Фостерлі отбасы институтының арқасында мемлекет мойнындағы жүктеме азайып, балалардың жақсы өмір сүруіне мүмкіндік туатынын айтты.
Аружан Саин айтқандай, фостерлі отбасы ұғымы кеңінен танымал. Foster care ұғымы алғаш рет 1853 жылы АҚШ пен Ұлыбританияда пайда болды. Чарльз Брейс Нью-Йорк көшелерінде қараусыз қалған балаларды жинап, басқа штатқа қоныстандырды. Бұл «Жетімдер пойызы» деп аталды. Пойыз 1929 жылға дейін жұмыс істеп, 250 мың баланың отбасы жылуын сезініп өсуіне жағдай жасады.
Финляндияда қазіргі кезде фостерлі отбасы институты кәсіби түрде жұмыс істейді. Институт баланың жаңа отбасын арнайы зерттейді. Асырап алғысы келген отбасында бірінің денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау немесе білім беру саласында тиісті білімі болуы керек. Сонымен қатар патронат болатын ата-аналар бағдарлама бойынша міндетті білім алу курсынан өтеді. Асырап алушы ата-аналарға мамандандырылған муниципалды ұйымдар лицензия береді. Қаржылық жағдайы, тұрмысы, психологиялық ахуалы тексерістен өтеді. Институт жанынан құрылған комиссия патронат ата-анамен емес, тікелей баламен әңгімелеседі. Ай сайын сауалнама жүргізіп, балаға психологпен тренинг белгілейді. Бала ішкі қалауын анық айтады. Егер асырап алушысы ұнамаса, басқа отбасын таңдауға құқығы бар.
БҒМ баяндамасы бойынша, 2017 жылы Қарағандыда – 3 393 бала, Алматыда – 3 039 бала, Шығыс Қазақстанда – 2 909 бала және Оңтүстік Қазақстанда 2 631 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Жалпы, 27 274 бала қолдаусыз қалып, соның 21 051-і түрлі отбасына орналастырылған. Соның ішінде 18 941 бала қамқоршыларға, 1 900 бала патронаттық тәрбиеге, 92 бала қонақ отбасыларға, 118 бала отбасы үлгісіндегі балалар үйлеріне берілген. 6 223 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымда тұрып жатыр.
Сондай-ақ асырап алушылар балалардан бас тартқан жағдай тіркелген. Статистика бойынша, отбасы тәрбиесіне берілген балалардың 1,7 пайызы интернаттық мекемеге қайтарылған. Оның негізгі себебі – ата-аналар қабылдап алған балаларын тәрбиелеуге дайын емес. Аталған жағдай кәсіби дайындықтың маңызын түсінуге және балаларды тәрбиелеуге беретін отбасыларды жан-жақты тексеруге әкелген.
Психологияда баланы тыңдауға қатты көңіл бөледі. Әлемдегі дамыған елде бұл тәжірибе ескеріледі. Баланы асырап алушы емес, бала таңдауы тиіс. Сол сияқты фостерлі отбасы да мемлекет пен қоғам бақылауында болуы тиіс. НемолчиKz белсендісі Дина Смаилованың айтуынша, бастысы бала өзін еркін, толыққанды сезінуі керек.
«Ұзақ жыл балалар продюсері болып қызмет еттім. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілермен жақсы таныспын. Менің жұмысымды бақылайтындар бар шығар. Баланың психологиясынан хабарым бар. Осы жөнінде Аружанның кей пікірімен келіспеймін. Өйткені біз балалардан сұрамай, шешім қабылдауға бейімбіз. Олар өздерін асырап алғанын қалай ма? Мысалы, өтпелі кезеңде жүрген бала жаңа отбасына бейімделе ме, әлде жасөспірім ретінде қалыптаса ма? Оған бұл кезеңде шешім қабылдаудың өзі қиынға соғады. Сондықтан асықпауды, ойлануды ұсынамын. Баланың өзіне, ішкі дауысына құлақ түрейікші. Кішкентай балаға фостерлі отбасына бейімделу оңай болатын болар. Бірақ жасөспірімдерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға қиын. Мынаны ескерейік, фостерлі отбасында бірінен екіншісіне ауысуға болады. Сонда бала психологиясына одан ары күш түседі. Балалар үйін бірте-бірте жабуға келсек, мынаған мән берейік. Фостерлі отбасына 4 жастағы баланы асырап алу керек. Баланың 15 жастағы бауыры бар. Алғашқысын алу үшін, жасөспірімді де отбасына қабылдайсыз. Осы жағдайда түсініспеушілік туындауы мүмкін. Елімізде бірде-бір балалар үйі жоқ деп елестетіңіз. Кейіннен бала бұл отбасында тұрғысы келмесе, қайда барады? Меніңше, балалар үйін дамытуды қолға алу қажет. Шағын болса да, жағдайы жасалған балалар үйі болуы керек. Кез келген уақытта бала өзін жалғыз қалғандай сезінбесе екен.
Егер фостерлі отбасына бала берілсе, статистика бірге жұмыс істесін. Әр баланың ахуалын жіті қадағалайық. Жылына, айына қанша бала фостерлі отбасына барды, кім қиянат көрді, кімнің жағдайы жақсы, бәрінен хабардар болайық. Баламен еркін тілдесіп, жағдайын сұрайық. Фостерлі отбасын мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан бақылау жасасақ игі еді. Себебі бізге патронаттық тәрбиедегі балалардан бірнеше қоңырау түсті. Олар мұнда ұнамайтынын, балалар үйіне қайтқысы келетінін айтып мұң шақты» дейді Дина Смаилова.
Фостерлі отбасы – ата-ана қарауынсыз қалған балаға жағдай жасаудың жолы. Мұнда бала еркін өсіп, отбасы махаббатын сезіне алады. Бірақ бес саусақ бірдей емесін ескергеніміз жөн. Дина Смаилова айтқандай, мұндай отбасының тыныс-тіршілігін қайдан білеміз? Баланың рухани күйі мен ішкі әлемі бүтін болғаны маңызды емес пе?
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ