Кедейлер көп пе?
Кедейлер көп пе?
461
оқылды

Байлар мен кедейлердің әлеуметтік жағдайы ара­сын­дағы алшақтық – қалыпты құ­былыс. Коммунизм орна­тамыз деген Кеңес өкіметі де әлеумет теңдігін қалып­тас­тырған жоқ. Статистика бол­са, еліміздегі кедейлер санын 5-6 пайыз ғана дейді. Еуропа елдерінің ең кедейі 9 пайыз болса, Үкіметтің есебіне қа­рағанда, біздің халық бай. Осы рас па?

Жақында ғана Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­лігі 2 миллион қазақстандыққа АӘК тағайындалғанын, оның 40 па­йызын көпбалалы отбасылар құ­райтынын мәлімдеді. Осыған қа­рап-ақ елдегі кедейшілік деңгейін бағамдауға болады. Демек, АӘК тағайындалғанға дейін 1,7 миллион немесе 9,3 пайыз қазақстандық кедейшілік шегінен сәл ғана артық, мөлшердегі күнкөріс минимумынан аз ақшаға күн көріп келген. Аза­мат­тың табысы Үкімет бекіткен ең тө­­менгі күнкөріс деңгейі мөлшер­ле­месіне жетпесе, онда ол кедей ста­тусын иеленеді. Кезінде Дү­ние­жүзілік банктің Қазақстандағы тұ­рақты өкілі Ато Браун БҰҰ бекіткен стандарттары негізінде Қазақстанда кедейлер үлесі 19 пайызға жетті деп дабыл қағып еді.

Статистика комитетінің дерегі бойынша, Қазақстандағы 18 447 628 адамның 1 733 000-ының айлық та­бысы ең төменгі күнкөріс деңге­йінен де аз болған. Яғни, ресми есептегі 3 пайыздық кедей контин­генттен бөлек АӘК тағайындалған­ға дейін 2 миллионға жуық немесе 9,3 пайыз қазақстандық күнкөріс минимумынан 6 мың теңгеге аз ақшаға күнелтіп келген. Ал енді айына бар-жоғы 15 мың теңге жа­ратқан адамды кедей демей көр.

Әзірге Статистика комитеті Қа­зақстандағы әл-ауқаты төмен ай­мақтарды атап отыр. Рейтингте Түр­кістан облысы көш бастаса, екінші орында Жамбыл облысы тұр. Солтүстік Қазақстан облысы ел­дегі әл-ауқаты төмен аймақтар­дың қатарында үшінші орынға та­бан тіреді. Статистика комитетінің ақпарынша, аймақта осы жылдың екінші жарты жылдығындағы ор­та­ша жалақы көлемі 130 мың теңгені құраған. СҚО-да қаржыгерлер мен сақтандыру қызметінің мамандары көп жалақы алады – орта есеппен екі жүз отыз мың теңге. Бірақ ауыл шаруашылығы саласында ең аз еңбекақы көлемі тіркелді. Бар-жоғы – 66 мың теңге. Салдарынан солтүстікқазақстандықтар туған жерін тастап, басқа жақтан жұмыс іздеуге мәжбүр. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда, аймақта мигранттардың саны 30 пайызға ұлғайған. Орташа жалақының өзін өңірдегі әрбір бесінші адам ғана алуы мүмкін.

Күнкөріс минимумы ең жоғары мемлекет Люксембург екен. Онда бір айда 1 545 евро табыс таппаған адамдар «тұрмысы төмендер» бо­лып саналады. Бұл тізімді ары қарай Дания, Ирландия, Ұлыбритания жалғастырады. Кедейлерінің көп­тігі бойынша алдыңғы қатарлардан орын алды делінген Германияның өзінде кедейшілік шегі – 912,75 ев­ро. Ал АҚШ-та ай сайын 1837,5 доллар таба алмағандарды мемлекет қамқорлығына алады.

Бұл елдердің көпшілігінде ке­дейлік орташа айлық көрсеткіштің жартысын таба алмағандықпен өл­шенеді. Бірақ олардың нарық­тағы бағасы біздегімен шамалас. Ал біздегі тұтынушы себетінің том­пиып тұрмағаны да, ондағы 43 та­уарға ең төменгі күнкөріс дең­ге­йіндегі қаржының жетпей тұрғаны да сондықтан. Демек, «кедей» деген статустың өзі әр елде әртүрлі дең­гей­мен өлшенеді. Батыс елдеріндегі ең кедей адамдардың өзінің тұрмысы біздегі орта таптың тұрмыстық жағдайымен бірдей.