Грант алып, кәсібін кеңейтті
Грант алып, кәсібін кеңейтті
170
оқылды

Сәуле Мұсаева – Шым­кенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Химия кафедра­сы­ның доценті. Сонымен қа­тар «Айсауле» отандық та­­биғи косметика өнімде­рі­нің авторы. Өндіріс басқару­шысы.

Сәуле Әжіханқызы «Биз­нес­тің жол картасы – 2020» бағ­дарламасы аясында иннова­ция­­лық жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз 3 млн теңге грант ұтып алған. Бүгінде елімізге танымал «Ай­сауле» табиғи косметика өнім­дерін шығарумен айналысады.

Біз кәсіпкерден бұл жобаны қолға алуға не себепкер бол­ға­нын, бизнесті қалай бастағанын сұрағанбыз.

Білімін өндіріспен ұштас­тыр­ған Сәуле ханымды жасы ұл­ғайған сайын бет күтімі маза­лай бастаған. Ол әйел 40-қа жақын­дағанда бет күтіміне ерек­­ше және үнемі көңіл бөлу ар­қы­лы ғана сұлулығын сақтап қа­ла­тынын о бастан-ақ бі­летін. Алайда химия саласы­ның ма­маны кез келген космети­каны қолданғанда оның құра­мына, жасалу жолдарына ерекше на­зар аудара келіп, ойланады. Косметикаға пайдаланылатын минералды заттар, табиғи шөп өзіміздің оңтүстікте толып жатыр. Тіпті шетелден ке­летін косметикалар сақталу мер­­зімін ұлғайту үшін құрамына химиялық заттарды молынан қосады. Ендеше, неге аталған ғылымды зерттеп, өзімізден табиғи жолмен таза косметика өндірмеске?!

«Жан-жақты ғылыми әде­биеттерді, шетелдің жаңа­лық­тарын саралай келе көбінесе жапон, кәріс және көршілес Қытай мемлекетінің халқы өзінің жергілікті жерінде өсетін емдік шөптен дайындалған өнімді пайдаланады екен жә­не оның ағзаға әсері де тез бола­тынын білдім. Содан өзіміздің Оңтүстік өңірінің экологиялық таза аймақтарында өсетін дә­рілік шөптер мен дәнді дақыл­дардың ұнтағын белгілі құ­рамда Lactobacillusplantarum микроорганизмінде фермента­ция­лау, яғни, ашыту арқылы бет­ке жағатын жаңа маска пай­да болды. Бұл өнімге иннова­циялық патент те алып алдым. Бұл масканы өзім пайдаланып жүргенде бет-жүзімдегі өз­ге­рісті байқаған құрбыларым, әріп­тес­терім қызығушылық та­ныта бастады. Сосын мас­ка­ны басқа адамдарға жағып, ғы­лыми тәжірибе жасап көруім керек болды. Сіңлімнің жа­қын құрбысы дәл сол кезде жаңа­дан монша ашып жатқан. Маған косметикалық кабинет жасақтап берді. 2 сағатқа ба­рып, қыз-келіншектердің бет­теріне өнімімді күнделікті жа­­ғып жүрдім. Бет терісіне жақ­­­па­ған шөп, дәнді дақыл­дар­ды құрамынан алып тас­тап отыр­дым. Екі жылдан кейін менің қолымда масканың дайын формуласы шықты. Бір­тіндеп сұраныс көбейіп, тіпті үл­гере алмай қалатын болдым», – дейді өндіріс басқарушысы бізбен әңгімесінде.

Педагогикалық білімінен бөлек, маркетолог саласын же­тік меңгерген Сәуленің ту­ған сіңлісі Зәуре осы кезде кө­мекке келіп, «Айсауле» отан­­дық өнімнің өркендеуіне бір­­жо­лата кірісіп кетеді. Осы кез­де мемлекеттен ин­но­ва­­циялық жобаларға қол­дау бо­лып жат­қанын есті­ген апалы-сің­лі­лілер құжат өткі­зе­ді. Осылайша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарла­ма­сы­мен 3 млн теңге грантты ұтып алады. Оған өн­діріске қажетті қон­дырғылар мен кеңсеге керек жиһаздар сатып алады.

Сұранысқа бірден ие болған нәр беретін, жасартатын қа­сиеті бар ғажайып маска әлі күнге дейін Қазақстанның түк­пір-түкпіріндегі талай қыз-ке­лін­шектің тұрақты косметикалық өніміне айналған. «Айсауле» отандық табиғи косметика өн­дірісін кеңейтіп, күндізгі-түнгі крем жиынтығын, шаш кү­тіміне арналған бальзам мен майлар, шампунь өндіруді де қолға алды. Одан соң бетті кос­метикадан тазартатын то­ник сынды тазартқыш сулар, сұлы­дан, сүттен және шөптердің құрамымен сабын дайындалды. Біртіндеп шөптердің емдік қа­сиетіне орайластырып, шөпшай шығаруды да жүзеге асы­рады. «Бір күні Қызылорда жақтан танысым хабарласты. Жолдасының аяқ-қолы қақ­сап, жүре алмай жұмыстан шығып қалыпты. Бірнеше ем қа­был­дағанымен нәтижесі бол­маған. Шөптерден арнайы дәрілік шөпшай сияқты бірнәрсе дайындап беруімді өтінді. Бұл өтініш маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Зерттей келе адамда барлық су мен тұздың бүйрекке жиналатынын, яғни бүйрек жұмысы нашарласа осылай аяқ-қолдың қақсап ісуіне алып келетінін білдім. Демек, бүйректегі артық зат­тар кеткенде денсаулық та жақ­сармақ. Содан 3 шөптің та­мы­ры мен 7-8 шөптің гүлін са­лып шөпшай құрастырып беріп жібердім. Екі аптадан соң қақсағаны қоя бастағанын, 1 айдан кейін ісіктің толық қай­тып, жұмысқа түскенін ес­тіп қуандым. Осылайша, тә­жіри­бе арқылы өмірге келген жоба­ларым да көп» деп күліп алды Сәуле Әжіханқызы. – Кос­ме­тика өнімдерін зерттей жүріп байқағаным, бетке нәр беретін, ылғалдандыратын гиалу­рон қышқылының үш түрлі тәсілмен дайындалатынын білдім. Гиалурон қышқылы өгіздің қарашығынан, одан соң әтештің айдарынан, одан кейін­гісі шөптерді белгілі бір тем­пе­ра­турада ашытқанда бөлініп шы­ғады екен. Мұны дәлелдеу арқылы көз жеткіздім.

Бүгінде өндірістен 17 түрлі өнім шығады. Таяу күндері өндіріс орны беттегі безеу мен дақтарға қарсы күресетін Гидромакс және гидролак шырындарын өндіруді қолға алыпты.

Кәсіпкер келіншек мем­ле­кеттің көрсетіп отырған кө­мегіне ерекше алғысын білдіреді. Қолдаудың арқасында едәуір шыңдарға көтерілген өндіріс орны бүгінде тек сапаға жұмыс істеу арқылы Қазақстанның барлық аймағына танылып үлгерді. Қазіргі таңда барлық аймақта арнайы өкілдері өнімді таратумен айналысып жүр.

 

Назгүл НАЗАРБЕК

Шымкент қаласы