Құлқыны құдықтай екен!..
Құлқыны құдықтай екен!..
172
оқылды

«Жүре берсең, көре бересің» дегендей, жемқорлықтың да неше түрі бар болып тұр. Әлде «Адамның қиялына шек жоқ-ау?!» деп «сүйсінсек» пе екен?.. Қазталов ауданындағы 24 шаруа қожалығы өздері қазған құдықтарының тереңдігін асыра көр­сеткен жалған құжат дайындап, 40 млн теңге субсидия алған. Бұл жайт Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі аудит де­партаментінің аудиторлық тексерісі кезінде әшкереленген.

– Біздің басқармамен 17 субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Агроөнеркәсіптік кешен субъек­тісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау». Бұл бағ­дар­ламаның негізгі мақсаты – көп капиталға деген қажеттілікті төмендету. Сондай-ақ салынған инвестициялардың өзін-өзі ақта­уын арттыру жолымен АӨК-тың басым бағыттарында инвестиция­лық жобаларды іске асыру шең­бе­рінде тауарлардың, жұмыстар­дың және көрсетілетін қыз­мет­тердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі 2018 жылғы 28 шілдеде бекіткен «Агроөнер­кә­сіптік кешен субъек­тісі инвес­тициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойын­ша субсидиялау» бағдарламасы бойынша жайылымдарды сулан­дыру инфрақұрылымдарын құру және мал өсіруші шаруа­шы­лықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар) жобасы­ның 80%-ы субсидияланады. Соған сәйкес өткен жылы демеу­қаржы алған Қазталов ауда­нын­дағы 24 шаруашылық бюджеттік қаражатты тиімсіз жұмсағаны анық­талды. Олар біздің басқар­маға жалған құжаттар ұсынғаны­ның кесірінен қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылды.

Бүгінгі таңда 9 қожалық 14 млн теңгені бюджетке қайтар­ды. Ал қалған шаруа қожалық­та­ры­­нан қазынаның қаржысын өн­діру жұмыстары сот арқылы жүр­гізі­луде, – дейді Батыс Қазақ­стан об­лыстық Ауыл шаруашылы­ғы бас­қармасының баспасөз хат­шы­сы Нұргүл Мұқанова.

 

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы