Бизнесте кедергі болмауы тиіс
Бизнесте кедергі болмауы тиіс

Атырауда «Бірыңғай есеп күні» өтті. Бақылау және қадағалау органдарының бизнес саласындағы жұмыстарының қорытындыларына арналған есептік кеңеске шағын және орта бизнес өкілдері мен салалық мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Бизнестің дамуына арналған кеңесте шағын және орта бизнестегі кедергілер мен мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудағы тәжірибелер айтылды.

Бақылау-қадағалау қызметін реформалауды жүзеге асыру аясында мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі заңна­маның міндетті талаптарын бұзу­ды жүйелі түрде алдын алуды дамы­ту, тұрақты қауіпсіз қызметті іске асыру үшін кәсіпкерлердің және ұйымдардың құқықтық сауаттылығын жақсарту мақ­са­тын­да өткен жиында өңірдің кәсіпкерлік саласындағы пробле­ма­лары мен жетістіктері айтылды.

Кәсіпкерлік және индус­триал­ды-инновациялық даму бас­қармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, Атырау облы­сында 58 мыңдай шағын және орта бизнес субъектілері тір­келіп, олардың 49 мыңы бел­сен­ді қызмет етуде.

– Жергілікті кәсіпкерлер іске асырып жатқан жобаларда Аты­рау облысының 127 мыңдай тұр­ғы­ны еңбек етеді. Биылғы жыл­дың бірінші тоқсанында жер­гі­лікті кәсіпорындар 768 мрд тең­ге­нің өнімін шығарды. «Биз­нес­тің жол картасы – 2020» бағдар­ла­масын іске асыру бойынша Атырау облысы республикада төр­тінші орында, – деп атап өтті А.Елеусізов.  

Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев төрағалық еткен «Бі­рың­­ғай есеп күні» жиынында кә­сіп­­керлер сөз алып, өздерінің бет­­пе-бет келіп отырған пробле­ма­­ларын ашық айтты. Аймақта кәсіп­кер­лердің өнімін сатуға қолайлы жағдай жасау мақсатын­да, 100 аулалық сауда нүктесі жо­ба­сы жүзеге асуда. Міне, осы жо­баға қатысып, кәсібінің нәсібін көру шағын және орта бизнес иелері­нен құқықтық сауат­тылықты, сау­да заңдарын білуді және таза табыс табуды талап етіп отыр. Сау­да орнына лайықты жерді 3-5 жылға беру арқылы кәсіпкерге жағдай жасап отырған аймақта отандық өнімдерді сатуға да жағдай жасалып жатыр. Аймаққа өзге өңір­лерден келіп сауда жасайтын­дар­ды қа­да­ғалау да назардан тыс қалмауы ке­рек. Әсі­ре­се, олардың салық тө­леу мін­деттемелерін орындап отыр­ғанын қадағалау жайбара­қат­тық­ты көтер­мейді. Осындай мәсе­­лелер зерделенген жиында об­­лыстағы шағын және орта субъек­тілерінің дамуына ша­ғын және орта бизнес кәсіп­орын­­дарын тексеруге деген мора­то­рий да сер­пін бергені айтылды. Прези­дент қол қояды деп күтіліп отыр­ған, са­лықтардан босату тура­лы жа­р­лық та шағын және ор­та бизнес субъек­тілерінің ар­туы­на мүмкіндік беретіні сөзсіз.

– Мемлекет тарапынан елі­мізде шағын және орта бизнестің дамуына үлкен қолдау болып отыр. Іскер адамдар қатары толы­ғып, өз кәсібінен нәсіпті болып отыр­ғандар бар. Бұл жақсылық­тар­дан атыраулықтар да кенде емес. Бүгінде кәсіпкерлік қыз­мет­ті бақылай отырып, қада­ғалау орган­дары кәсіпкерлердің проб­ле­маларын естіп, оларды шешуге көмектесуі де қажет. Көп жағдай­да проблеманың мән-жайын бі­ліп алмай, бизнесмендерді заңсыз жазалайды. Өңірдегі бизнестің дамуына кедергілерді мүлдем жою үшін мемлекеттік органдар­дың кәсіпкерлермен ұдайы кездесіп отыруы аса маңызды, – деді Нұрлан Ноғаев.

Шара барысында облыс әкімі Н.Ноғаев Қазақстанның Бас про­куратурасы Құқықтық статис­ти­ка және арнайы есеп алу коми­те­тінің Атырау облысы бойынша бас­қарма басшысының және Мемлекеттік кірістер департа­менті басшысы орынбасарының атқарылған жұмыстар туралы есептерін тыңдап, бірқатар нақты тапсырма берді.  

Сайып келгенде, мұнай-газ, бағалы балығы, ауыл шаруа­шы­лы­ғымен танылған өңірде биз­нес­тің дамуы алдымен сол ай­мақ­тың экономикасы мен әлеуе­тінің дамуына үлес қосатыны сөзсіз.

 

Атырау облысы