Жолборс Жоробеков, саяси ғылымдар докторы, профессор (Қырғызстан): Саяси жаңғыртуға серпін береді
Жолборс Жоробеков,  саяси ғылымдар докторы, профессор (Қырғызстан): Саяси жаңғыртуға  серпін береді
134
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдау жариялады.

Мемлекет басшысының бағдарламалық құжаты болып табылатын осы Жолдауында ол мемлекеттік басқару құрылымы­ның тиімділігін арттыру, аза­мат­тардың құқықтарын, бостан­дық­тары мен қауіпсіздігін қамта­масыз ету, дамыған қазіргі за­ман­­ғы экономиканы қалып­тас­тыру, халықтың әлеуметтік жағ­да­йын жақсарту, ел аумағын да­мыту жөніндегі бірқатар баста­ма­ларды атап өтті.

Біріншіден, Мемлекет бас­шы­сы реформаларды дәйекті жүргізіп, елдің Тұңғыш Прези­денті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сая­сат­ты сақтайтынын, бұрын қа­был­данған Бес институттық реформа мен Ұлт жос­пар­ын іске асыруға назар ауда­ра­тынын атап өтті. Тәуел­сіз­дік жыл­дары Қазақстан барлық саяси, әлеу­меттік-экономи­ка­лық бағыт­тарда елеулі табыстарға қол жеткізді. Оны жалғастыру – эво­люциялық дамудың оңтай­лы жолы.

Екіншіден, елдің саяси жаң­ғы­руына қадам жасалды. Қ.Тоқаевтың президенттік сай­лау алдындағы елге берген уәде­лері­­нің жалғасы ретінде «саяси жаң­ғыртуға көшу біздің аза­мат­тары­мыз бен мемлекеттеріміздің мүдделеріне сәйкес, бірте-бірте жүзеге асырылатын болады. Әлем­дік оқиғалардан біз негізсіз, нем­құрайды саяси ырықтандыру елдегі ішкі саяси ахуалдың тұ­рақ­­сыздығына және мемле­кет­тіліктің жоғалуына әкеп соқты­ратынын көріп отырмыз. Сон­дықтан біз саяси реформа­ларды «асығыстыққа салынбай», кезең-кезеңімен, батыл және ойлас­ты­рып жүзеге асыратын боламыз. Біздің халқымыздың қоғамдық-саяси өмірін жаңарт­пай табысты экономика­лық реформаларды жасау мүмкін емес. Бұл біздің басты ұстанымы­мыз: «Күшті Президент – ық­палды Пар­ла­мент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әзірше қол жеткіз­бей­міз. Сондықтан біз осы ба­ғытта бар күш-жігерімізді салуы­­мыз керек. Бұл саяси формула – мемлекет тұрақты­лы­ғының іргетасы. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың бар­лық іскерлік өтініштерін жылдам әрі тиімді қарайтын «халықтың үнін еститін мемлекет» тұжы­­рымда­масын іске асыру. Оның айтуын­ша, билік пен қо­ғам ара­сындағы тұрақты диа­лог арқылы ғана гео­саясатқа ық­пал ететін мемле­кет құруға болады.

Қ.Тоқаев 6 қыркүйекте Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысын өткізді. Бұл Жолдауда айтылған мәселелерді іске асырудың, яғни жұртшылық­тың пікіріне құлақ асудың бір тәсілі болды.

Әрине, мемлекеттің әл-ауқа­тын арттырудың басты шарт­тарының бірі экономикалық да­мумен байланысты. Осы тұр­ғы­­дан алғанда, Жолдауда сер­пінді дамып келе жатқан инклю­зивті экономиканы қалыптасты­ру ­ міндеті қойылды. Инклюзивті экономика – заман талап­та­рына сәйкес келетін экономика. Білімге, цифрлы техноло­гия­лар­ға, ғылыми жетістіктерге негізде­ле отырып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыт­талған экономика. Қазақстан 2050 жыл­ға дейінгі Стратегиялық даму жос­парын қабылдады. Эконо­ми­калық реформалар осы бағ­дар­лама шеңберінде жүзеге асы­ры­латын болады. Президент эко­­но­миканы дамытудың жеті принципін атап өтті. Ең бастысы, шикізатқа тәуелді менталитеттен бас тарту және экономиканы жан-жақты ету. Индустрия­лан­дыру­дың үшінші бесжылдығы ішін­де бұрын жіберілген қате­лерге жол бермеу.

Экономикалық бағыт бойын­ша тапсырмаларда Қ.Тоқаев жеке кәсіпорындардың мемлекет есебінен баюын тоқтату мақса­тында ірі компанияларға айнал­ған квазимемлекеттік – жеке, бірақ мемлекеттің қолдауындағы компанияларды құруға мора­торий жариялау туралы шешім қабылдады. Тиімді шағын және орта бизнес қалалар мен ауыл­дар­ды дамытудың негізгі тәсілі екені айтылды. Бизнесті қолдау үшін республиканың Ұлттық қорынан шамамен 100 миллиард теңге бөлінді. «Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін іс-әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылатын заңнамалық іс-шаралар қабылдау қажет» деп ұсынды Президент.

Жолдауда ауыл шаруашы­лығы ресурстарының әлеуеті толық көлемде пайдала­ныл­май­тыны баса айтылып, агро­өнер­кәсіпті кешенді дамытуға ерекше назар аударылды. Республикада және шетелде қажетті органи­ка­лық және экологиялық таза өнім өндірілетін кезең келді. Прези­дент қоғамда жиі көтеріліп жат­қан мәселелерге де тоқталды. «Мемлекет басшысы ретінде мәлім­деймін: біздің жер шетел­дерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша таралып жатқан өсек-аяңды тоқтату қажет. Бірақ жерді пай­да­лануды қамтамасыз ету   біздің міндетіміз», – деді Қ.Тоқаев. Жолдауда елдің бюд­же­тін қалып­­тастыру кезінде екі не­гізгі талап­қа – әлеуметтік мә­се­ле­лерді шешуге және эконо­ми­каны да­мы­­туға бағытталуы тиіс екені де назардан тыс қалған жоқ.

Қырғыздарда лауазымға тағайын­далған адамның алғаш­қы дұрыс іс-әрекеттерге қатыс­ты: «ерге отырғанда бірден түзу отырды» деген сөз бар, бауырлас халықтың жаңа басшысы өз жұ­мысын дұрыс бастады. Мем­ле­­кет басшысының қызметі ал­да­ғы уақытта да табысты бола­ды деген сенімдеміз.