Індет малдан жұғады

Індет малдан жұғады

Жуырда ақпарат көздерінде өңір тұрғындарының күйдіргі жұқтырғаны туралы ақпарат тарады. Ауруы анықталған науқастардың қазіргі денсаулық жағдайы қалай? Өңірде бұл дерттің эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдайы мен бұл індеттің алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылуда? Сонымен қатар қызылша мен қызамық ауруларына қарсы иммундау шаралары және менингококк инфекциясына байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр? Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев төрағалық еткен облыстық штаб отырысында осы және өзге де мәселелер қаралды. Жиында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев күйдіргі дертіне күдікті диагнозымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған екі науқастың қазіргі жай-күйіне тоқталды.

– Оқиға 12 қыркүйекте болған. Емдеу мекемесіне күйдіргі індетіне күдікті диагнозымен екі азаматтың жатқызылғаны туралы телефон арқылы ақпарат түсе сала, шұғыл хабарлама беру сызбасына сай барлық құзырлы мекемелерге хабар бердік. Осыған орай, тиісті сала мамандары бірлесе отырып, індеттің ошағы мен аумағын анықтау мақсатында, эпидемиологиялық-эпизоотиялық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, олардың Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының 1995 және 1975 жылы туған азаматтары екені анықталды. Олар 1-2 қыркүйек күні Жуалы ауда­нында ветеринарлық дәрігердің рұқсатын алмай, індет жұқтырған малды сойған. Ал олар белгілі бір шаруа қожалығына тиесілі екен. Зерделеу жұмыстарының арқа­сын­да аталған қожалықтың малшысы – Жуалы ауданы Ынтымақ ауылының тұрғындары 1971 жылғы азамат пен оның 1983 жылғы әйелінен де күйдіргі індетінің белгілері анықталып, шұғыл облыстық жұқ­па­лы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінде нау­­қастардың жағдайлары тұрақты, қанағаттанарлық, емін жалғастыруда, – деді Ғазиз Дүйсенбекұлы. Ал тексеру кезінде науқастармен қарым-қатынаста болған 44 адам анықталыпты. Олардың 11-і – Жуалы, 10-ы – Жамбыл аудандарының азаматтары болса, 23-і Тараз қала­сынан. Қазір олардың бәрі медициналық бақылауға алынған. Мамандар ауру мал қамалған қора, жайылым­нан жедел 160 сынама алып, тексеру жүргіз­ген. Оның 5-еуі оң нәтиже берген. Ауру ошағы анық­тал­ған жерде камералық және қорытынды дезинфек­ция­лық жұ­мыс­тары толығымен жүргізіліпті. Сонымен қатар 20 та­мыз­бен 11 қыркүйек аралығында жеке шаруашылыққа тиесілі 23 ауру ірі қара сойылғаны бел­­гілі болып отыр. Бүгінде оның еті қайда өткі­зіл­­генін құзырлы мекеме мамандары анықтап жатыр екен.

Мұнда бір мәселе бар. Яғни, жергілікті лаборатория сынамадан індеттің бар екенін анықтаған болса, министрлікке қарасты зертхана ешқандай ауру белгісін таба алмаған. «Министрліктің лабораториясы оны анықтай алмаған болса, оны хабарлау керек. Егер ол мекеменің құрал-жабдықтары жаңартуды қажет етсе, оған қаражат бөлу жағын қарастыруымыз тиіс. Ал егер мамандар біліктілік талаптарына сай келмесе, олар­дың жауапкершілігін қарау керек» деді Еркебұлан Әбілханұлы. Сондай-ақ жиында сөз алған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияровтың айтуынша, мамыр-маусым айларында дерт ошақтарынан сынамалар алынған екен. Бірақ ешқандай індет анықталмаған. Басқарма басшысының айтуынша, мал еті арқылы дерт таратуы мүмкін әрі ең қауіпті саналатын орын шұжық шығара­тын цехтар екен. «Біз жүйелі жұмыс жүргізу үшін, ветеринария саласы бойынша тиісті сала мамандарын тарта отырып, нақты ереже бекітуіміз тиіс. Бұл нәти­желі жұмыс жүргізудің кепілі болмақ. Сонымен қатар қала мен аудан бойынша малдың екпемен қам­тылуына, елдімекендердегі шаруа қожа­лық­­тарына және олардың мал санына зерделеу жұмысын жүргізу керек» деген Еркебұлан Дауылбаев ереженің жобасын дайындауды тапсырды.

 

Жамбыл облысы