Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің басшысы Думан Таев хабар-ошарсыз кеткендердің дерегін табу қиын екенін айтты.
Оның айтуынша, әйелдер арасында көбінесе, маскүнемдікке салынғандар жоғалады.«Қазіргі уақытта 1200 адам із-түссіз жоғалғандар санатында тұр. Оның ішінде, 22 бала бар. Әсіресе, ер адамдар көбірек жоғалады. Бұл олардың өзге өңірлерге қызметтік іссапар, маусымдық жұмыстар және көлік тасу, жүк тасу сияқты түрлі жұмыстарына тікелей байланысты», – деді департамент басшысы Думан Таев.
Жалпы, тәжірибеде іздеу салған 100 оқиғаның шамамен 80-інде жоғалған адамдар табылып жатады.«Отбасында жиі кикілжің болатын отбасылардан шыққан балалар да жиі жоғалады. Ата-анасымен ренжісу, олардың үнемі спирттік ішімдік ішіп, ұрысқаны негізгі себеп болуы да мүмкін», – деді Думан Таев.
Құлдықта жүргендердің дерегі көп жағдайда оқыс оқиға орын алған кезде анықталып жатады.Департамент басшысының айтуынша, ірі қалаларда жас қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді. Ер адамдарды алыс ауылдарға алып кетіп, қара жұмысқа жеккен жағдайлар да жиі кездеседі.