Полиция Questra және Asset қаржы пирамидаларынан зардап шеккен қазақстандықтарға хабарласуды сұрайды
Полиция Questra және Asset қаржы пирамидаларынан зардап шеккен қазақстандықтарға хабарласуды сұрайды

Questra және Asset қаржы пирамидаларынан зардап шеккендерді полицияға хабарласуын сұрайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ Тергеу департаменті Қазақстанның және басқа елдердің жекелеген азаматтарына қатысты 2016-2017 жылдары ел аумағында “Questra Holding ins”, “Questra World”, “Atlantic Global Asset Management”, “five Winds Asset Managent” атты қаржы пирамидасын құру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Қаржы пирамидасының басшылары интернет желілерінде веб-сайттар құрып, ойдан шығарылған түрлі инвестициялық портфельдер сатқан. Алаяқтар портфельдің мерзімі аяқталғанда 300% дейін пайда табасыз деп жалған уәделер берген.

Ел аумағында алаяқтардан мыңдаған қазақстандық зардап шекті, оларға келген шығын 1 млрд. теңгеден асып түскен.

Тамыз айында қаржы пирамидасы басшыларының бірі, Ресей азаматы Ольга Клейнард Беларусь елінен экстрадицияланды және сотқа дейінгі тергеу қайта басталды.

Осыған байланысты тергеу органы “Questra Holding ins”, “Questra World”, “Atlantic Global Asset Management”, “five Winds Asset Managent” компаниялар тобының алаяқтық қызметінен зардап шеккендердің барлығын ІІМ-ге (Нұр-сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 1) немесе тұрғылықты жері бойынша полиция департаменттеріне хабарласуды сұрайды.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды сергек болуға және оңай және тез пайда табу туралы уәделерге сенбеуге және осындай жағдайлардың барлығын дереу полиция органдарына хабарлауға шақырады.