Instagram-дағы қазақстандық қолданушылар COVID-19 тапсырылатын тест өмірге қауіп төндіруі мүмкін деген хабарламамен бөлісуде. Stopfake.kz бұл тұжырымның шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Хабарлама авторы тест «гато-энцефаликалық кедергіге зақым келтіреді» және «кез келген инфекцияның тікелей миға өтуіне» жол ашады деп оны тапсырмауға үндейді. Шын мәнінде, бұл кедергі гематоэнцефаликалық деп аталады. Атауы айтып тұрғандай, бұл ми жасушалары мен қан тамырлары (қылтамыр) және ми тінін құрайтын басқа компоненттер арасындағы кедергі. Гематоэнцефаликалық кедергі эндотелий жасушаларынан тұрады және миды қанда болуы мүмкін ауру тудырғыш патогендер мен токсиндік заттардан қорғайды. COVID-ты анықтайтын ПТР тест мұрынның шырышты қабатынан алынған жағынды негізінде жасалады. Ол кедергіні бұза алмайды. Бұл тіпті, анатомиялық тұрғыдан да мүмкін емес, өйткені жағынды мақтамен кеңсірік арқылы жұтқыншақтан – мұрын мен ауыздың арасындағы қуыстан алынады. Сонымен қатар, тест алу техникасы нашар болған жағдайда да мақта таяқшасымен гематоэнцефаликалық кедергіні зақымдау мүмкін емес. Бұл туралы сарапшылардың көбі, соның ішінде Джон Хопкинс университетінің медицина доценті, доктор Морган Катц та айтуда.
«Жағынды гематоэнцефаликалық кедергіге жақындау үшін бұлшық ет пен шандыр қабаттарынан, сондай-ақ қалың бас сүйектен өтуі керек. Бұл мүмкін емес деп айтар едім», – деп жазады Associated Press Морган Катцтың сөздерін келтіре отырып.Тыныс алу жолдарының инфекциясын анықтау үшін мұрыннан жағындылар алу өткен ғасырдың басынан бері қолданылып келеді. Бұл процедура адамдардың басым бөлігіне ешқандай қауіп төндірмейді.