Бүгін өткен дебатқа Мәжіліске және облыстық мәслихатқа үмітті азаматтар қатысып, олар білім, денсаулық сақтау, қала тазалығы сынды салаларды ерекше назарға алып, біршама ұсыныстарын бағдарламаларында жария етті. Одан өзге модератор мен көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға да өз деңгейінде жауап берді. Қала әкімі Рашид Аюпов: «Праймериз – елімізде алғаш рет өтіп жатқан көшбасшыларды анықтайтын дода. Осындай аламанда суырылып шығып, халық қамы үшін қызмет етемін деген жерлестеріме алғыс білдіремін. Әр күнді қалт жібермей, барлық бағдарламаларды әлеуметтік желілерде тамашалап жүрмін. Көтеріліп жатқан мәселелер де орынды. Мәселе – бұл жерде жалғыз дебатқа қатысу емес. Партиялық ұйымдарға барып халықпен, партия мүшелерімен кездесу керек – осы ең маңыздысы. Сол жерде олардың көкейдегі сұрақтарын есту, проблемаларын білу қажет. Және де қолдан келгенше көмектесу. Үміткерлер бір-біріне кедергі жасамай, яғни бәсекелестікті болдырмай, бірлесіп, бір болып, халық игілігіне жұмыс істеуі керек. Партия дәл қазір дұрыс таңдау жасау арқылы халықтың жағдайын жақсарту мүмкіндігін беріп отыр. Осы мүмкіндікті қалт жіберіп алмайық. Партияға халықтың сену-сенбеу мәселесі де айтылуда. Бұл сенім де сіз бен бізге тікелей байланысты. Партияға халықтың сенімі болуы үшін нағыз дебат болуы керек. Бірақ біреудің абыройын түсіру арқылы көтерілудің қажеті жоқ, бұл – біріншіден. Екіншіден, қолдан келетін дүниені айту керек. Кейбір азаматтарымызды естіп жатырмын. Дүниенің бәрін тегін қылам дейді. Ниеті дұрыс шығар, бірақ жалпы жергілікті атқарушы органның қолынан келетін құзыретін нақты білу керек. Бұл – өте маңызды. Сіздерді мыңдаған адам көріп отыр. Сондықтан қолдан келмейтін уәде бермеу керек», – деді ол. Қала әкімінің айтуынша, жуық арада дауыс беру кезеңі де басталады. «Өзім де филиал төрағасы ретінде «Праймериз» ақпараттық жүйесіне тіркелдім. Партияның дәл қазіргі уақытта дұрыс таңдау жасай отыра халық жағдайын жақсартуға үлкен мүмкіндік беріп отырғанын түсінуіміз маңызды. Сондықтан барша партия мүшелерін дауыс беруге шақырамын!» деген Рашид Абатұлы барша үміткерлерге сәттілік тіледі. Жалпы, облыс бойынша көшбасшылық танытқан үміткерлер санымен Түркістан қаласы көш бастап, 106 азамат тіркелген болатын. Оның 72-сі – ер-азамат болса, 34-і – әйел адам. Сондай-ақ Сайрам ауданында өткен кезекті пікірсайысқа «Nur Otan» партиясының Сайрам аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ұласбек Сәдібек мырза да қатысты. Жалпы, Сайрам ауданы бойынша праймеризге үміткер ретінде 76 азамат тіркелген. Тіркелген азаматтардың 24-і (31,5 пайызы) – әйел адамдар (3-уі көпбалалы ана). Айталық, бастауыш партия ұйымдары арқылы 10 адам ұсынылса, 66 үміткер өзін-өзі ұсынғандар. Өтініш білдірген азаматтардың 65-і аудандық, 10-ы облыстық мәслихатқа және 1 үміткер Парламент Мәжілісіне партияішілік іріктеуге үміткер ретінде өтініш білдірген. Қатысушылардың орташа жасы – 46 жас. Аудандық филиалға қарасты 7 500-ден астам партия мүшелерінің дауыс беру тәртібі нақтыланды. Дауыс беруге 12 орын бекітілді. 7 025 партия мүшесінің 1 528 дәстүрлі, 5 493 онлайн дауыс беруі жоспарлануда. Сайрам ауданы бойынша «Nur Otan» партиясы мүшелерінің primaries.kz веб порталы мен мобильді қосымшасына 7 101 партия мүшесінің 6 105-і (87,%) тіркелді. Дауыс беру орындарына қажетті кабиналар орнату, ноутбук және интернет желісімен қамту жұмыстары жүргізілуде.
Тельман БЕЙСЕН