Пирамиданың салымшыларын әр жікке бөлуге болады. Бір жағынан, қанша еңбек етсе де тіршіліктің тұйығынан, кедейліктің түнегінен шығар жол таппай, қамыққан бұқара өкілдері әлдекімдер әп-сәтте мол табыс әкелетін тәсілді көрсеткенде оған үміт шырағданындай жабысады. Осы мақсатта көрші-қолаңына, туыс-туғанына қарызданады, қауғаланады, банктен несие алады. Бұл жағдай Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің «Коммунистік партия манифесінде» (түпнұсқасы: Manifest der Kommunistischen Partei) жазылған: «Пролетарийлердің аяқ-қолын матаған шынжырдан басқа жоғалтатын ештеңесі қалмады». Мұның ақыры қазақты қандай зұлматқа соқтырғаны ХХ ғасыр тарихынан белгілі. Басқа жағынан алғанда, вайнерлер Асылбек Темірхан, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Еркінбек Исаев, әнші және актерлер Айқын Төлепберген, Арман Қоңыр, Бағлан Әбдірайымов, Асылхан және Артур Төлепов, Елдос Калабок, Қанат Алжапбаров, Бота Балабекова, спортшы Қуат Хамитов, блогер Руслан Асанов және өзге де ауқатты адамдар пирамиданы насихаттаса, қаржысын төксе, бұл пайдакүнемдіктің, көрсеқызарлықтың көрінісі болса керек. Мұндай адамдар «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүріп, оңай жолмен күреп табыс табудың кез келген мүмкіндігін қапы жібермеуге тырысады. Өзгеге жаман үлгі болады. Пайда үшін, ақша үшін ар мен иманын сатуға әзір.
Алаяқ алдайды, аңқау тыңдайды
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз тек 4 қаржы пирамидасы кесірінен мыңдаған қазақстандық зардап шеккенін мәлімдеді. Олардың шығыны 1 миллиард теңгеден асыпты. – ІІМ-нің Тергеу департаменті Қазақстанның және шет мемлекеттердің бірқатар азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар 2016-2017 жылдар аралығында Questra Holding ins, Questra World, Atlantic Global Asset Management, Five Winds Asset Management деген бірнеше қаржы пирамидасын құрған. Оның басшылары интернетте арнайы веб-сайттар ашып, инвестициялық портфелдердің жалған түрлерін ойлап тауып, жұртшылыққа сатқан. Алаяқтар инвестпортфелдің мерзімі аяқталғанда әр салымшы салған ақшасын үш есе көбейтіп алатынын уәде еткен. Олардың қарау әрекетінен мыңдаған қазақстандық зардап шекті. Келтірілген шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асты, – деді ішкі істер органының ресми өкілі. Ал ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің мәліметінше, ел пирамидаларға 22 миллиард теңгеден артық қаржы құйған екен. – 2020 жыл басталғалы бері қаржы пирамидаларын ұйымдастыру және құру фактілері бойынша 217 қылмыстық істі тергедік. Оның ішінде 116 іс сотқа жолданды. Жалпы алғанда, әзірге 79 күдікті тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Бүгінде Тергеу департаменті әртүрлі жаңа қаржы пирамидаларға қатысты 13 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізуде, – деді Санжар Әскенұлы. Оның мәліметінше, халықты тақырға отырғызғандар арасында әсіресе, «Гарант 24 Ломбард», «ЕSTATE Ломбард» және «Выгодный займ» ЖШС-і ерекше көзге түскен. Бұл алаяқтар қолынан небәрі 70 миллион теңге қолма-қол ақша табылды. Мұның сыртында жедел тергеу тобы жалпы құны 2 миллиард теңгеден асатын жылжымайтын мүліктерді, автокөліктерді, асыл тасты әшекейлер мен басқа да құнды заттарды айқындап, тәркіледі. Осы үш ұйымның басшылары үстінен ғана 32 қылмыстық іс қозғалыпты. Соның аясында 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Оның үшеуі Ресей, Молдова және Қырғызстанға қашқан жерінен ұсталып, елге қайтарылды. Тамыз айында Беларусьтен қаржы пирамидасы басшыларының бірі, Ресей азаматы Ольга Клейнард елмізге экстрадицияланды және оған қатысты сотқа дейінгі тергеу қайта жанданды. Тағы жетеуі іздеуде жүр. ІІМ-ге пирамидаларға алданып, 22 млрд теңгеден астам ақшасын өз еркімен беріп қойған 17 мыңнан астам адамнан өтініш түсіпті. Тергеушілер Questra, Asset және басқа да алаяқтық жолмен ақша жинаушыларға алданған адамдарды тікелей ІІМ-ге (Нұр-Сұлтан, Тәуелсіздік даңғылы, 1) немесе тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне жүгініп, шағым жазуға үндеді. «Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға, жеңіл және жылдам пайда табу туралы уәделерге сенбеуге, сондай-ақ ондай жайттарға жолықса, дереу полицияға хабарлауға шақырады», – деді ведомство.«Сананы жадылау өнерін меңгерген»
Жалпы, қаржы пирамидаларының өркен жаюы биліктің ауылы халықтан қаншалықты алыс қонғанын білдірсе керек. Себебі әлдебір алаяқтар өз өнімін халық арасында кең жарнамалап, айлар бойы ақша жинап жатады. Ол жайында құзырлы құрылымдар да, орталық және жергілікті билік органдары да хабарсыз отырады. Әрине, білсе де білмегенсуі, тіпті пирамиданы ұйымдастырушылармен сыбайласып, оның заңсыз ісін жабулы қазан қалпында қалдыруға күш салуы да ғажап емес.Тосқауыл қоюға асықпайды
Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов бұл компания қызметінде алаяқтық белгілері барын айтады. «Біздің комитеттің Алматыдағы Экономикалық тергеу департаментіне азамат Имамниязовтың шағымына сәйкес материал келіп түсті. Бұл факт департаменттің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді. «Халықаралық консалтинг бюросы» ЖШС қызметкерлерінің іс-әрекетінде мемлекетке шығын келтірмейтін алаяқтық нышандары байқалады. Ал мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеуді ішкі істер органдары жүргізеді. Тиісінше, материал заңды шешім қабылдауы үшін Алматының Полиция департаментіне бағытталды», – деді комитет төрағасы. Жалпы, QNet – қызметін Гонконгта бастаған, тікелей сауданы және көпдеңгейлі маркетингті қолданатын халықаралық компания. Ол жеке гигиена заттарын, үй керек-жарағын, биологиялық белсенді қоспаларды, оқыту курстарын, туристік жолдамаларды, сағаттарды, тіпті нумизматтық және мерейтойлық монеталарға дейін сатады. Айта кету керек, Qnet Қазақстанда 10 жылдан бері жұмыс істеуде. Қазақстанда осы желілік компания өкілдеріне қатысты 29 қылмыстық іс тергелуде. Оның көбі – 20-сы Алматы облысының үлесінде. – Бұларда бастапқы жарна сомасы 30 доллар болған. Жалпы қарасы 220 адам зардап шеккен болып танылды. Оларға 160 миллион теңге материалдық шығын келтірілгені анықталды. Құқық қорғау органдары тергеу іс-шарларын жалғастыруда. Qnet-тің Малайзиядағы бас кеңсесіне халықаралық тергеудің тапсырма-хаты бағытталды, – деді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов. Аталған компания Иранда қаржы пирамидасын құрғаны үшін айыпталып, бүкіл филиалы жабылып тынды, ал мүшелері тұтқынға алынды. Сондай-ақ оның қызметі Канадада, Әзербайжанда тоқтатылған. Дегенмен бірер күн бұрын, 18 қыркүйекте онлайн баспасөз конференциясын өткізген Qnet өкілдері компанияға қатысты тергеу жүргізілуіне таңғалғандарын жеткізді. Qnet заңгері Тим Харнидің мәлімдеуінше, тергеу биылғы жыл басында басталыпты. Компания өкілдері «құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдем көрсетуде». Т.Харни жекелеген азаматтар мен компания өкілдері арасында түсінбестік болуы мүмкін деп тұспалдады. Әзірше компанияға ешқандай айып тағылмапты. Сонымен қатар ешбір жаза-санкция қолданылмаған. Яғни, жұмысын жалғастыруда. Әйтсе де, ғаламтор адамдардың жанайқайына толып тұр: «Qnet халықты алдауға, табысты адаммын, жұмыс істемей-ақ дивидендке байып жүрмін деп жалған сөйлеуге үйретеді, жұмыс істемеуге шақырады. Адам бүкіл уақытын жаңа құрбандарды іздеп, әкелуге арнауы керек. Олар қажетсіз тауарларды 100 есе қымбатқа сатады», «Қорқынышты компания, тоқтаусыз семинар, тренингтер өткізіп, адамның есін жадылайды, арбайды. Адамдар ақшасынан ғана емес, отбасынан, достарынан, жұмысынан, оқуынан айырылады». «Адамдар балл жинау үшін қарызға батады, кредит алады, бар мал-мүлкін кепілге салады. Өйткені жаңа құрбанды тарту үшін салтанатты-респектабелді көріну керек, мейрамханада кездесу үшін қаражат қажет. Ақыр соңында бастапқыда енгізген 2 мың долларын да қайтара алмайды» деп тәжірибесін бөліседі Ресей мен Қазақстан тұрғындары.Арзан тауарына қызыққан
Қазақстанда алдап-арбаудың басқа да сұр, көлеңкелі схемалары жетерлік. Мысалы, WhatsApp, Telegram мессенджерлерінде арнайы курсты сатып алып, ақша енгізуге, сөйтіп Қытайдан «су-тегін тауарларды үздіксіз алып отыруға» үгіттейтін топтар бар. «Мен 2019 жылдың қазан-қарашасында Қарақат Қуатханның Қытаймен арадағы «Делдалсыз сауда» курсына 20 000 теңге төледім. Курсқа тіркелген 80 адамды WhatsApp-тағы «19-поток» деген чатқа біріктірді. Осы 80 адамның әрқайсысы 20 мың теңгеден Құралбек Нұржауовтың картасына аударды. Бізбен ешқандай келісімшарт жасамады, төлеміме фискалды чек бермеді. Ізінше 22 лекті «оқытып» жатты. Әр лекте 80 адамнан кем емес. Бізге міндетті түрде курстан өту керегін, сонда ғана Қытайдан тауар жеткізіп беріп отыратынын айтты. Арзан тауар алу үшін 2019 жылдың соңында Заңғар Жігердің картасына 208 мың теңге аудардым», – дейді Ләзиза Серікбаева. Ақша жинау мұнымен тоқтамапты. Теңгені юаньға аударғанда ұстайтын банк комиссиясы деп, тауар құнының 2,2%-ы көлемінде, одан кеден салығы деп 4,8% мөлшерінде қосымша қаржы алған. Былтырғы 5 желтоқсанда Алматыға тапсырыс берген тауары ақыры жетеді. «Тауарымның әр келісіне 1 100 теңгеден есептеп, 19 360 теңгені тағы аудартқызды. Алайда оның арасында 50 мың теңгенің тауары жетіспейтінін білдім. Оның мәнісін сұратқанымда, дұрыс жауап қатпай қашқақтап, қоңырауыма жауап беруді қойды. Бізден ақшаны алып алған соң байланысқа шығуды күрт доғарды. «19-поток» чатын жауып тастады. Қуып жүріп, тек 41,8 мың теңгемді қайтара алдым. Ал 20 мың төлеп кірген чаттан бізді шығарып тастады. Мен бұл тізбекке кіруге мәжбүр болдым. Себебі арзан тауар сататын Қытайдың 1 688, Taobao сайттарына өз бетіңше тіркеле алмайсың. Бұлардың қазақстандықтарға қолжетімсіз Қытайдың ішкі сайттарынан тауарды қалай алып отырғаны, оны кеденнен қалай өткізіп жүргені белгісіз», – дейді Л.Серікбаева. Қалай болғанда да, дағдарыстың қайта айналып соғуы, теңгенің тоқтаусыз құнсыздануы, халық тұрмысының төмендеуі, тауарлардың тоқтаусыз қымбаттауы қазақстандықтарды қаржы пирамидаларының және басқа да көлеңкелі схемалардың батпағына итермелей беретінге ұқсайды.Елдос СЕНБАЙ