Арыс 100 күнде қалпына келді
Арыс 100 күнде қалпына келді
171
оқылды

Жер-жерден келіп, Арысты қайта қалпына келтіріскен бірнеше сектордың құрылысшылары алғыс арқалап, елдеріне қайтып жатыр. Жұмыла кіріскен жұмыстың арқасында Арыс қаласы 100 күндей уақыт ішінде қалпына келіп, келбеті жаңара түсті. Бұл тарихта болмаған жағдай.

Арыс қаласын қайта қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілген секторлардың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы Арыста өткен жоспарлы аппараттық жиынында айтылды.

Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеев төрағалық еткен отырыста Арыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жол, кәріз жүйесі мен құжаттандыру мәселесі жайлы соңғы мәліметтер сөз болды.

Естеріңізге сала кетейік, Арыстағы апатты жағдайдан 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7634-і зақымданған болса, оның 500-ге жуығы мүлдем жарамсыз күйге түскен болатын. Ал, толық сүріліп тастап, қайта көтерілген нысандардың тізімінде көпқабатты үш тұрғын үй бар. Бұл күнде бұл үйлердің құрылысы да аяқталуға таяды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыстарға облыс бойынша 3 мыңға жуық адам тартылды.

– Үш айда толық жаңарған Арыс қаласында жүргізілген ауқымды жұмыс бәріміз үшін бұрын соңды болмаған баға жетпес тәжірибе болды. Аз ғана уақытта тұтас бір қаланы қайта аяққа тұрғызу тарихта болмаған. Бұл еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықты айшықтайтын көрініс. Мұндай жағдай енді қайтып басымызға түспесін, – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Жиында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов та Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстары жайлы баяндап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде облыс орталығы 16 секторға бөлініп, оларға облыстың басқармалары мен аудан-қалалары, қалалық әкімдіктің бөлімдері жауапты болып бекітілген. Әкімнің айтуынша, барлық аумақтардың жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатыр. Бұл ретте облыс әкімі  қала басшысына халықпен жұмыс істеп, тазалық пен тәртіпті басты назарда ұстауды тапсырды. Түркістан қаласын көркейту жұмысын бақылау облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевқа жүктеді. Алдағы уақытта  Түркістанда үлгілі көше, аулалар анықталып, үздіктерге қошемет көрсетілетін болды.