Санитарлар шеруі: «қолғапша» ауыстырғаннан не ұтамыз?
Санитарлар шеруі: «қолғапша» ауыстырғаннан не ұтамыз?
136
оқылды
Наурыз айында сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бұйрығымен Жан­дарбек Бекшин Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметінен босатылған. «Бірақ ол Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасы және қауіпсіз­дігін бақылау комитеті төрағасының орын­басары қызметінде қалды» деген еді сол кезде министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп. Көп ұзамай, Бекшин Алматы қа­ласының бас санитар дәрігері қызметіне ауысып үлгерді. Бекшиннің коронавирус инфекциясының келуін болжап, «вирус Қазақстанда 11-16 наурыз аралығында пайда болуы мүмкін» екенін айтып, мәлімдеме жасауы әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан біраз «сынға» ұшыраған-ды. Сонда Біртанов «Бекшиннің болжамы математикалық мо­дельдеуге негізделген және ол міндетті түрде орындалмайды» дегені де елдің есінде. Жағынан жаңылған Бекшиннің «сәуегейлігі» дұрыс келіп, наурыз айынан бастап, елде карантин жарияланған еді. Болжамы себепкер болды ма, жоқ әлде басқа дүние ме, кім білсін, көп ұзамай Бекшин қызметін босатқан. Коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайлары 13 наурызда анықталған еді. 20 наурыздағы жағдай бойынша республикада аурудың 49 жағдайы расталған: Алматыда – 22. Нұр-Сұлтанда – 25, Қарағандыда – 2. Ал 19 наурыздан бастап екі бірдей қала: Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылған. 22 наурыздан бастап, теміржол мен әуеқаты­насына шектеу қойыла бастады. Ал Бекшиннің орнына келген Айжан Есмағамбетова оған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау департаментін басқарған. Есмағамбетова бұл қызметке келгелі елде эпидемиялық ахуал күшейген еді. Инфекция жұқтырғандардың да саны молайған. Симптомды және симптомсыз болып екіге бөлу де осы кезде тіркелген еді. Еліміздің бас санитар дәрігері қызметінде отырып, бірнеше рет шектеу шараларын күшейтіп, арнайы қаулы қабылдағаны да белгілі. Мәселен, бас санитар дәрігер 11 мамырда шығарған қаулысында: «COVID-19 ауруын жоққа шығармайтын белгілері бар адамдар карантиндік стацио­нарға емес, провизорлық стационарға емдеуге жатқызылады. COVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін алғаннан кейін оң нәтижелі адамдар емдеу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады, COVID-19-ға теріс нәтижелі адамдар 12 тәулік бойы үйде (үй карантині) оқшауланады. Үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде осы қаулыға 1 және 2 қосымшаларға сәйкес карантиндік оқшаулау ұсынылады» деген еді. Ал мамыр айында бас санитар елдегі эпидемиялық ахуал тұрақтанғанын айтып, «елімізде коронавирустан айыққандар саны 1 000-нан асты. Соңғы екі аптада еліміздегі коронавирус бойынша эпидемиялық жағдай тұрақтанды» дегені де есімізде. Ол карантин шараларын сақтаған қазақстандықтарға алғысын білдіріп, «карантин шарттарын сақтау бізге эпидемиялық жағдайды тұрақ­тандыруға мүмкіндік берді. Карантин ша­ралары бүгінгі күні эпидемиялық жағдайды ескере отырып, біртіндеп жеңілдетілуі тиіс. Біз біртіндеп қалыпты тыныш өмірге көшеміз» деген-ді. Бұл мамыр айындағы елдегі қалыптасқан ахуал болатын. Алайда көп ұзамай, керісінше эпидемиялық жағдай күшейіп, ауруханаларда орын жетіспеушілігі басталған. Ел арасында 20 қыркүйектен қатаң карантин шаралары енетіні туралы қауесет тараған еді. Осыған орай Айжан Есмағам­бетова: «маусым-шілде айларына қарағанда бүгінде елдегі эпидемиялық ахуалдың тұрақты екенін айта аламыз. Мемлекеттік органдардың ақпаратын, яғни ресми ақпараттарды ғана пайдаланыңыздар. «Жиын өтіп, талқылаудан кейін қыркүйекте карантин енгізеді» деп жүргендерге айтарым, мұндай ресми ақпарат жоқ. Барлығы да эпидемиялық ахуалға байланысты» деген еді. Оның айтуынша, әрбір өңірдегі ахуалға байланысты күнделікті мониторгинг жүргізіліп отырады. «Қабыл­данатын шараның барлығы да эпидемиялық ахуалға байланысты» деп нақтылаған еді бас санитар дәрігер. Айжан Есмағамбетова осы қызметтегі ең соңғы қаулысын 17 қыркүйекте жария еткен. Онда «Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» Қазақстан Республикасының Бас мем­лекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылдың 15 тамызындағы №48 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізген еді. Бас санитар «қау­лының орындалуын өзім бақылаймын» деген-ді. Алайда Есма­ғамбетованың бұл қаулысының орындалуын енді Қиясов қадағалайтын болады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожах­метов Қазақстанда бір жыл ішінде екінші рет бас санитар дәрігердің неге ауысқанын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бұл бас санитар дәрігердің мәртебесін көтеру үшін жасалғанын, әрі оның Денсаулық сақтау вице-министрі екенін жеткізген. «Өздеріңіз білесіздер, қазір бас сани­тарлық дәрігер – вице-министр. Бұл Қазақ­стандағы санитарлар мен эпидемио­логтардың жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді» деген еді Денсаулық сақтау министр­лігінің ресми өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. Жалпы, бас санитар дәрігерді ауыстыра бергеннен ұтарымыз бар ма? Мәселен, пандемия басталғалы бері Атырау облысында бас санитар дәрігері алты рет ауысты. Атырау облысының бас санитары дәрігері қызметіне келген Асылбек Шаров – алтыншы дәрігер. Бұған дейін ол қызметті Мейіржан Есімбаев, Темірбек Мұсағалиев, Амантай Жұмағалиев, Сәдуақас Байғабылов және Қанат Ғайнеденов басқарған еді. Елде қауіптің беті әлі сейілген жоқ. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елде коронавирус жұқтырғандар саны – 107 307, жазылып шыққандар – 101 941, қайтыс болған­дар –1 671. 21 қыркүйектегі жағдайға қарасақ, коронавирус инфекциясы белгілері бар пневмония бойынша 68 адам тіркеліп отыр. Бір адам қайтыс болған. Ал бір күнде коронавирус жұқтырғандар саны – 45 адам. Демек, арқаны кеңге салуға тым ерте. Эпиде­миялық ахуал толық тұрақтанбай жатып, бас санитар дәрігерді «қолғапша» алмастыра беру – кімге тиімді? Бекшин «болжам» жасаймын деп, ауысты делік, Есмағамбетова неден сүрінді? Осылай жалғаса берсе, атыраулықтар секілді жыл соңына дейін тағы бірнеше басшы ауысып, тағайындаулардан «рекорд» жасайтын шы­ғармыз... Ежелден келе жатқан «Кадр бәрін ше­шеді» деген сөз бар. Білікті кадр бар жерде көп мәселе туындамайды. Біліксіз басшы болса, істің берекесі қашады. Осы тұрғыдан тұжы­рымдасақ, еліміздің бас санитары қызметі – бүкіл халықтың тағдырын бір қолына қаратып отырған қызмет. Бас са­нитар не айтады, қалай айтады, солай бо­лады. Сол себептен Қиясов қиыс кетпесін деп тілейміз. Қалғанын өмірдің өзі реттейді...  

Айым БЕКТҰР