Балалардың Balapan-ға көңілі толмай тұр
Балалардың Balapan-ға көңілі толмай тұр
436
оқылды
Айтпақшы, биыл Balapan арнасына  – 10 жыл. Арна 2010 жылы 27 қыркүйектен бастап 12 жасқа дейінгі ел көрермендерін қызыққа бөлеп келеді. Олар 2012 жылдан бастап, шетелдің анима­циялық жобаларын қазақша ау­дару құқын алып, біразымызды қуантқаны бар. Осы аралықта телеарна 100-ге жуық жоба  да­йындады. Арасында «Айгөлек», «Томпақ», «Санжар мен Қайсар» сияқты танымал туындылар бар. Кейінгі кезде Balapan-ның ко­дына айналардай дүние азайып кетті. Бұрынғыдай балалар мен жасөспірімдер сенбі-жексенбі күні көгілдір экранға үңілмейтін болды. Олар қазір керегін әлеу­меттік желіден оқып, қалағанын YouТube-тан табады. Иә, жоғарыдағы сөйлемді жазуы­мызға әлеуметтік сауалнама әсер етті. Өйткені сауалнамаға қатысқан 53 адам­ның 87%-і баласының смартфоннан шетелдік туындыларды көретінін жаз­ған. Қалған 13%-і Balapan-нан кере­гін алады екен. Себебін сұрағанымызда бірқатар ата-ананың жауабы ұқсас болып шықты. Balapan-да тым кіш­кентай, шамамен 3-4 жастағы балаларға арналған мульт­фильмдер көрсетеді. Біразы қызықсыз. Сондықтан балалар YouТube-тан шетелдің ани­мацияларын көруге құмар», – дейді Диана Аман­ғалиева. Сауалнамаға қатысқан Әнел Сұлтанхан мен Балауса Cаматқызы да «Balapan-дағы біраз бағдарлама іш пыстырады» деп жауап берген екен.  

BALAPAN-НЫҢ ТІЛІ – КЕЛЕШЕК ҰРПАҚТЫҢ ТІЛІ

Сауалнама мен арнаның бағдар­ламалар кестесін, кейбір мульт­фильм­дерін көру арқылы талдау жасап көрдік. Баласымен бірге анимация қарап, талдап, пікірін тыңдауға бейім ата-ана­лармен сөйлестік. Сондағы Нұрлан Тұяқ­тың «Balapan-ның тілі – келешек ұрпақтың тілі. Арнадағы редакторлар қатені мик­роскоппен қараса екен» дегені бізді де ойландырды. Сонымен, қазіргі ұрпақ аталған ар­надан «Сәби» атты туындыны сүйіп кө­реді. Біз де анимацияға үңіліп көрдік. Ата-аналар айтқандай, тәп-тәуір. Бірақ тағы да 1-5 жас аралығындағы балаларға арналған контент. Есесіне ата-аналар туындының тілі таза екенін алға тар­тады. «1-3 жастағы балалардың ойлау жүйесіне көмекші құрал» дейтіндері де табылды. Айта кетерлігі, бұл мультхи­каяны АҚШ пен Латын Америкасы елдері де тамаша­лайды. Арна директоры Мақпал Жұма­байдың айтуынша, «Ты­нымсыз шөже­лер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат пат­ша­лығы» мен «Пырақтар» жобасын атал­ған елдерде ағылшын, ис­пан және португал тілдерінде көруге мүмкіндік бар. «Көжектер» мультхикаясын да мақ­тағандар бар. Ата-аналар Үрпек, Үркек деп тауып қойылған кейіпкер аттарына да сүйсінді. «Үрпек мен Үркекті үн­дестік заңымен Үрпөк пен Үркөк деп оқығанын айтсашы» деп тамсанды. Көпшілігінің «Балапан және оның достарына» да көңілі толады. Тек ара­сында «баруым керекпін», «саған ер­терек келу керек» дейтін грамма­тик­а­лық интерферен­цияларына сын айтты. «Мұн­дай қателікке Balapan емес, сол мультфильмнің редак­торлары кінәлі. Осын­дай қате кетпеуін қатаң қада­ғалауы керек», – дейді Нұрлан Тұяқ. Сондай-ақ ол аударма мультфильм­дер­ден «Питер Пеннің» жақсы тәржіма­лан­ғанын атап өтті. Жағы сынған қа­рақ­шыны қазақша сөйлеткен актер­дің сүйікті кейіпкерге айналғанын ай­тып берді. Қысқасы, қызымен бірге Balapan-ды үзбей көретін көрермен атал­ған мульт­фильмнің тек бір эпи­зо­дынан калька аударма байқаған екен. «Венди» мультфильмін арнадан алып тастау керек деп ойлаймын. Не беретін тәрбиесі жоқ, не аудармасы дұрыс емес. Психикаға әсері бар. Осы сияқты біраз аударма мультфильмді көрген бала ертең қазақша сөйлемейтіні анық. Өйткені аталған туынды тілімен сөйлеп үйренген балаға қазақтың өз тілі, қазақ әдебиетінің классикасы мүл­де жат болады. Түсінбейді. Мәселен, «Трансформерлер» жап-жақсы мульт­­фильм. Бірақ мұның басты кем­шілігі –тілі. Аударып, артынша дубляжға бере салғандай көрінеді. Мультфильм – көркем шығарма, оның тілі көркем болуы керек. Бірақ «Трансформерлерді» көріп отырсаң, тура аса маңызды ха­лық­аралық құжатты оқып отырғандай боласың. Бірақ дубляжы жақсы», – дейді журналист Нұрлан Тұяқ. Осы пікірге әуелгіде «арнада кем­шін тұс көп» деген ата-ана да қосылады. «Дубляжы жақсы болғанымен, аудар­масы құлаққа түрпідей тиеді. Аталған екі фактор үйлескен мультфильмде ани­мация жағы ақсап тұр. Ал YouТube-тан көретін шетел мультфильмдерінің бояуы қанық. Қызыммен бірге қарап отырып, қызығамын. Ағылшынша бол­са да, көрсетуге мәжбүрміз. Өзі соны жақсы көреді. Осыған қарап тілі қазақ­ша шықпай қала ма деп қорқамын. Сол үшін «Үй жануарлары» сияқты қазақша кітап сатып алдық. Ішінде қате өріп жүр. Сонда да ауық-ауық оқып беремін. YouТube-тан да жөнді қазақша контент таппайсың. «Жас ұрпақ қазақша сөй­лемейді» деп қаралауға құмармыз. Шынтуайтына кел­генде, балалар мен жасөспірімдерді қы­зықтырарлық қа­зақша дүниелер аз», – дейді Ақжол Берікұлы.  

ҚАЗАҚША МУЛЬТФИЛЬМ ҚАРАМАЙДЫ

Перизат Қаленова есімді қатысушы сауалнамада бауырының қазақша мульт­фильм қарамайтынын жазған. Фариза Елемесова да ұлының Balapan-нан гөрі YouТube-тан орысша мультфильмдерді жиі қарайтынын айтады. «Балаларым Balapan-ды жиі көр­мейді. Ара-тұра тамашалайтын мульт­­фильмдері бар. Ұлым «Айдар» атты мультфильмді жақсы көреді. Қызым Мейіржан Сандыбай түсірген «Сәбиді» асыға күтеді. Аталған мультсериал – шетелдік «Покойоның» қазақша нұс­­қасы. «Фиксики» деген орыстың мульт­фильмін Balapan «Білгіштер» деп қазақшаға аударды. Сол туындыны да арасында қараймыз. Бірақ олар Balapan-ға» қарағанда, Disney, Piхar түсірген мультхикаяларға әуес. Жалпы, You­Тube-та балаларға арналған қа­зақ­ша кон­тент жоқ. Мультфильмнен бөлек, қы­зым YouТube-тан Надя атты ба­лапанның түсірген контентін көруге құмар. Ал ұлым жан-жануарлар мен та­биғат туралы сюжеттерді қарайды», – дейді Нұргүл Қадырбаева. Байқағаныңыздай, осыдан біраз жыл бұрын арнадан сенбі-жексенбі сайын «Алтын кебіс», «Си­қыр­ланған Элла» сияқты шетелдік кинотуындылар беріле­тін. Жаңа жыл қар­саңы мен мерекелерде жас­өспі­рімдерге арналған фильмдер мен жо­балар қойылатын-ды. Ал қазір мұн­дайды іздесең де таппайсың. Ата-ана­лардың пікірінше, Balapan-нан бі­лімге жетелейтін, ойландыратын, та­би­ғат тыл­сымдарын көрсетіп, аялауға үйрететін жоба керек. Олар арасында елдегі жалғыз балалар арнасының 9 сағат бойы онлайн сабақ көрсеткеніне реніш білдірді. «Ел арна» мен Kazakһ TV-дан онлайн сабақ көрсетіп, Balapan-ды балаларға қал­дырса қайтеді?» деп уәж айтқандар кездесті. Осы тұста «Balapan арнасы неге жас­өспірімдерге арналған контент ұсын­байды?» деген сауалымызды теле­арна директоры Мақпал Жұмабайға жолдадық. Сөйтсек, 2020 жылдан бастап телеарна аудиториясы 0-8 жас аралы­ғындағы балаларды қамтиды екен. «2020 жылдың 1 қаңтарынан жас категориямыз 0-8 жасқа ауысты. Күндік эфиріміздің 80%-ы мультфильмдерден тұрады. Оның 50%-ы шетелдік озық студияларының қазақша дубляждалған өнімдері.Сондықтан жасөспірімдерге арналған контент біздің арнамызда жоқ. TikTok-тан бастап Youtube-ке дейінгі түрлі әлеуметтік желілер балалардың ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударып отыр. Сол үшін біз әлеуметтік желілердегі канал­дарымызды, ресми парақшала­рымызды барынша дамытуға күш салып жатырмыз. Біз ғана емес әлемдік балаларға арналған арналар осы бағытқа көшті. Оның үстіне Balapan шетелдік туындылардың интернет құқықтарын сатып алуды қолға алды. Бұл – отандық телевизия тарихындағы тұңғыш рет жүзе­ге асты. Осылайша, арнаның  Youtube каналы шетелдік ани­мациялық жобалар­дың қазақ тіліндегі нұсқасымен күн сайын толығып жатыр», – дейді Мақпал Жұмабай. Иә, шетелдік 7 компаниямен келісім­шарт жасалып, туындылар арнаның Youtube каналына жүктелген екен. Арна жыл соңына дейін каналдағы анимация­лық жобалар санын 700-ге жеткізбек. Balapan каналға жазылушылар саны да 1 миллионға жуықтаған екен. Айта кетер­лігі, жоғарыда сөз болған YouТube-тағы Надяның каналы балалар арасында та­нымал. Nadia and Family каналындағы жалпы қаралым көрсет­кіші 70 миллион­нан асқан. Ал кон­тентіне қарасаң, өте қарапайым. Надя ағылшын тілін дамыту үшін қандай ән тыңдап, мультфильм көру керегін үй­ретеді. Кейде қуыршақтың үйшігін құрастырады. Қарап отырсаң, балаларға атал­ғандарды смартфоннан тама­шалаған ұнайды. Осындайда You­Тube-та осыған ұқсас қазақша бейнеблог бол­са ғой дейсің. Қайдан, елдегі «кіш­кентай блогерлер» вайн түсіруден ары аса алмайды. Өйткені «алдыңғы арба» са­налар аға буын да қазір білімнен гөрі TikTok пен вайн түсіруге әуес. Соны көр­ген өскелең ұрпақ 1 минуттық оспа­дар әзілге күліп, «болмаса да, ұқсап ба­ғуға» тырысып жүр.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ