Жабайы туризм: табиғатқа зиян тигізгендер көп
Жабайы туризм: табиғатқа зиян тигізгендер көп
1,115
оқылды
 

ПАНДЕМИЯ ОТАНДЫҚ ТУРИСТЕРДІҢ «КЕЛБЕТІН» ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ

Маусымда енгізілген екінші ка­­­рантиннен кейін әдетте бұл кезде той-томалақ жасап, сауда орталық­тарында қыдырып, шетелде саяхат­тап жүретін кейбір қазақстандықтар экотуризмнің жауһары саналатын ұлттық табиғи парктер мен ерекше қорғаудағы өзен-көлдерге баса көк­теп кіріп кеткен. Нұр-Сұлтан қала­сына жақын орналасқан Кө­бей­тұз көліне туристердің келтірген экологиялық залалы орасан. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың назарына іліккен бұл мәселе әлем қауымдастығын алаңдатқан еді. Осыған дейін әлемнің 13 тілін­де хабар таратып келген, жақында ғана грузин тілінде ақпарат тарата бастаған Euronews арнасын 150 мемлекеттің көрермені қарайды. Бұл ақпарат құралында «Көбейтұзға келтірілген экологиялық залал ора­сан. Оның орнын толтыру үшін 15 жыл уақыт қажет» деген мәлімет шетелдік көрермендердің алаң­даушылығын туғызды. Әлеуметтік желіде қай ел болмасын, альтер­нативті, яғни жабайы туризмнің салдарымен қатаң күресіп қана қой­май, мұндай жабайылықтың алдын алу қажеті айтылды. Десе де, елімізде жабайы ту­ризм­­нің зиянын көріп отырған тек өзен-көлдер ғана емес. Отандық туристердің ұлттық табиғи парк­тер­ге тигізіп отырған зияны да ора­сан. Туризм маманы Ержігіт Жұмаділ бұл тұрғыдан экологиялық заңна­маны күшейте түсіп, ұлттық табиғи қорықтардың қыз­мет­керлеріне дұ­рыс жалақы қойылуын қолдайды. Бұл орайда Ержігіт Жұ­маділ:
– Түркістан облысы мен Шым­кент қаласы тұрғындары арасында Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі­не сұраныс жоғары, оның жалпы аумағы – 149 мың гектар жер. Бі­луімше, оны ары кетсе 120 инспек­тор қарайды. Мұншама аумақты алып жатқан жерді толық қадағалау мүмкін емес. Бәрі демалушылардың санасына байланысты. Әр адам өзін түзеуі керек. Біз тобымызбен барған кезде сенбіліктер ұйымдас­тырып, біреудің қоқысын тазалап кетеміз. Бірақ мыңдаған адамның қоқысын жинауға біздің де шама­мыз кел­мейді. Орманшылар, инс­пекторлар бәрін қадағалауы керек. Бірақ олардың жалақысы – 60-70 мың теңгенің шамасында. Содан та­биғатты қорғауға ынтасы да жоқ шығар, – дейді. Маманның ай­туынша, биыл пандемияға байла­нысты төрт айдай жұмыс тұралап қалған. Бірақ пандемия салада қор­­­­­­­­­­­­­­­даланған мәселелерден бөлек, отандық туристің «келбетін» аш­қан.
 

ШЕТЕЛДЕ «ЖАБАЙЫЛЫҚПЕН» ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ? 

Қазақстан туристік қауым­дас­тығының басшысы Рашида Шай­кенова ішкі туризмнің каран­тин, локдаун жағдайында тұралап қал­ғанын алға тартады:
– Пандемия кезінде ішкі ба­ғыттар да тұралап қалды. Өздеріңіз де білесіздер, Ұлттық парктер жа­былды, бірқатар тыйым енгізілді, оның ішінде қоғамдық көлікпен жүруді шектеді. Яғни, біздің ту­ристік автобустар да жүрмеді. Сон­дықтан рұқсат берген кезде ғана жұмыс істедік. Әрине, биыл қазақ­стандықтар негізінен отандық ту­ристік объектілерге барды. Өкі­нішке қарай, бұл негізінен жабайы туризм болды. Адамдар өз кө­лік­терімен жүріп, саяхаттады. Сол се­бепті ұлттық парктерде біраз эко­­ло­гиялық мәселелер туын­дады. Биыл ең үлкен мәселе – азамат­тардың өз бетімен демалып, таби­ғатқа залал тигізіп, демалыс орын­дарын күл-қоқысқа толтырып тас­­тағаны. Сала маманы Рашида Шайке­нова: «Биыл көптеген азамат баға­ның жоғарылығына қарамастан, Ақтаудағы бесжұлдызды қонақүйге демалуға кетті. Тіпті, онда бос орын жоқ деуге болар. Бұл бағытқа аза­мат­тарымыздың ынта-ықыласы өте жоғары» дей келе, туризм сала­сына кері әсер етіп тұрған қала­аралық жолдардың сапасын да сын тезіне алады: «Азаматтар Алакөлге көбіне ұшақ және пойызбен бара­ды. Себебі жолдардың сапасы нашар. Көлсай мен Шарынға жеке автокөліктерімен барады. Бір кез­дері бұл аймаққа туристік авто­бустар арқылы баруға тыйым да болған еді. Содан осындай мәселе туындады» деп ойын аяқтайды.
Бүгінде әлем елдері жабайы туризммен әртүрлі күреседі. Мә­селен, Таиландта турист дема­лып отырған жерінде күл-қоқысты қал­ды­рып кетсе, тиісті қызмет­кер­лер оның бәрін жинап, буып, сол адам­ның үйіне «сыйлық» ретінде жет­кізіп береді. Әрине, мұндай «сый­лық» алған адам бұдан былай та­биғатқа залал тигізбейді. Пан­де­мияға дейін әлемде Барселонаға барушылар саны жыл сайын арта беретін. Тіпті, көптеген әлемдік елдер туристерді тарту үшін кү­рессе, Барселона билігі, керісінше турис­тер санын азайтуды көздейді. Енді қараңыз, мұнда тұратын халық саны – 1,6 млн адам, ал туристер саны жылына 32 мил­лионға дейін баруы мүмкін. Билікті алаңдатып отырған жайт – жабайы туризм, көлеңкелі қонақүй биз­несі, салық­тан жалтару мәселелері. Қалада пәтерді заңсыз жалға беретіндердің саны көп. Тіпті, кейбір мәліметтер бойынша 7 000-нан астам пәтер көлеңкелі биз­нестің нысаны болып тұр. Мұндай туризм жергілікті тұр­ғындарды да алаңдатып, тіпті қо­нақүйлер мен апартаменттер са­нының қыс­қаруына әкеп соққан еді. Бүгінде Барселона билігі Па­риж, Венеция, Берлин сияқты ірі туристік қала басшыларымен бірге бұқаралық туризммен күре­судің жаңа жол­дарын қарастырып келеді. Шындап келгенде, панде­мия да биыл еуро­палық астаналар­дың туристік кластеріне үлкен соққы болды. Сондықтан алдағы жылдары кейбір елдер, керісінше туристерді қай­тару мәселесін жан-жақты ойлас­тыратын сияқты. Статистикаға сенсек, 2019 жы­лы 8,2 млн қазақстандық шет мем­лекеттерде демалса, 5,1 млн адам ішкі туристік бағыттарды таң­даған еді. Бұл жақсы көрсеткіш, себебі әрбір үшінші отандық ту­ристің ел ішінде қалып, өз эко­номикасына үлес қосқанын аңғар­татын жайт. Биыл бұл көрсет­кіш әлдеқайда артуы мүмкін. Қазақстан террито­риясындағы ТОП-10 ту­рис­тік ба­ғытқа жылына 2,5 млн турист қа­былдай алатын потен­циалы бар Алакөл, Алматыдағы тау кластері мен 2 млн турист қабыл­дауға қау­қарлы Бурабай курорттық аймағы кіреді. Сондай-ақ Баян­ауыл, Иман­тау-Шалқар курорттық зо­насы, Балқаш көлі, Түркістан тарихи-мәдени орталығы, Маң­ғыстау теңіз туризмі, Нұр-Сұлтан қаласы мен Байқоңыр аймағы да жоғары сұранысқа ие. Мамандар туристік объектілерге баратын жол­­­­дарды күрделі жөндеуден өткі­зіп, теміржол, әуе қатынас­тарын болашақта арт­тыра түсу қажет де­ген пікірде. Тур­опера­торлардың пікірінше, пан­демия ұзақ мерзімге келген тренд, яғни онымен бірге өмір сүруге үй­реніп, бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау режи­мінде де отандық туристік клас­терді дамытуға мүмкіндік туғызу керек.  

KamshatКәмшат ТАСБОЛАТ