Президент өз Жолдауында әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құруға ерекше екпін берді. Осы арқылы қоғамның өткір талабын орындауға мүмкіндік тумақ. Яғни, жаңа жағдайға бейімделген экономика арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасалады. Қазіргі таңда коронавирус пандемиясының өршіп тұрғаны белгілі. Бүгінде індетті жұқтырғандар саны 30 миллионға жақындап, соның 900 мыңы бұл өмірмен қоштасты. Шартараптың түкпір-түкпірінде енгізілген локдаунға байланысты әлем елдері бұрын-соңды кездеспеген экономикалық қиындыққа тап келді. Кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап, бүкіл сала тоқырауға ұшырады. Ішкі жалпы өнім көлемінің өсуі баяуласа, кей мемлекетте тіпті кері құлдырады. Мұның бәрі, әрине жаһандық ахуалға бейімделген жаңа экономикалық даму жоспарын жасаудың қажетін туындатты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында бұл бағытта атқарылатын іс-шаралар толыққанды қамтылды деп айта аламыз. Мәселен, Президент өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалануды міндеттеп отыр. Осыған байланысты ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамытуға тапсырма берді. Яғни, қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларда алдағы уақытта тың серпін берілмек. «Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз. Әрине, өнеркәсіпке қолдау көрсетудің кең көлемді қамтитын ауқымды шараларын сақтап қаламыз. Сонымен бірге Үкімет стратегиялық тұрғыдан маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындап, қолдау шараларының аясын кеңейту керек. Стратегиялық жобалар үшін заттай грантты, қаржыландыру жеңілдігін, жекелей кепілдікті, экспорттық қолдау тәсілдерін топтап ұсыну жолын қарастыру керек» деп атап өтті Мемлекет басшысы. Экономикалық дамудың тағы бір бағыты шағын және орта бизнес өкілдерін қамтымақ. Локдаун кезінде зардап шеккен 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Дегенмен мұның бәрі экономикалық қиыншылықты еңсеруге жеткіліксіз. Соған байланысты Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды. Бұл да шағын және орта бизнесті қолдауға жасалған зор көмек. Шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейтуге бағытталған арнаулы бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін созылмақ. Осыған орай, қосымша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құны 800 миллиард теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын жолға қоюды, көлік-логистика кешенін дамытуды, ақша-несие саясатын қайта қарауды тапсырды. Қорыта айтқанда, Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекет дамуына қажетті басым бағыттар айқын көрсетілді. Ендігі міндет – Жолдауда айтылған тапсырмалардың үдесінен шығу.
Тарас ХИТУОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі