Тараз қаласымен шектесіп жатқан аудан үшін бұл, әрине үлкен олжа. Оған қоса, қарапайым заттар экономикасы аясында 1,6 миллиард теңгеге 19 жоба қаржыландырылып, оның 995 миллион теңге тұратын жобасы медициналық бұйымдар өндірісіне бағытталып отыр. Одан бөлек, құны 25 миллион теңге тұратын тағы бір жоба қаралу үстінде. Асыраушы салаға келсек, биыл өндіріс орындарының саны ұлғаюымен қатар еңбеккерлердің табыстарының артуына да қол жеткізілген. Сегіз айда ауыл шаруашылығында өндірілген өнім 15,1 миллиард теңге болып, 1,8 миллиард теңгеге өскен. Оның 5,8 миллиард теңгесі егін шаруашылығына тиесілі болса, 9,3 миллиард теңге мал шаруашылығынан түскен. Бұған қоса, тұрғындарды қысы-жазы көкөніспен қамту үшін аудандағы 6 елді мекенде 33 жылыжай жұмыс істеп тұр. Олар есепті кезеңде 126 тонна қызанақ, 191 тонна қияр және 2 тонна басқа да дақылдар жинаған. Бұл тұста айта кетерлігі, биыл 246,8 миллион теңгеге 64 дана ауыл шаруашылығы техникасы да жаңаланып отыр. «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы өңір жұртшылығы үшін үлкен сый болғаны даусыз. Осыны жіті түсінген Жамбыл ауданы Бесағаш ауылдық округінің тұрғындары 5 бағыт бойынша 280 өтінім өткізіп, 1,0 миллиард теңгені толығымен игерген. Үй іргесіндегі жерді кәдеге жарату бағыты бойынша 1 117 ауланың 155 гектар жеріне 13,3 миллион теңгеге тұқым мен минералды тыңайтқыш алынса, 2 жылыжай құрылысына 16,8 миллион теңге бөлінген. Екінші бағыт бойынша 276 аула 4 760 бас мал мен құс сатып алып, 860 миллион теңгені мақсатты жұмсаған. Ауыл сыртындағы жерлерді де тиімді пайдалану бағытына келсек, 117 шаруашылық 1 335 гектар жерге мал азығын дайындау үшін 38,8 миллион теңгеге тұқым мен минералды тыңайтқыш алып отыр. Төртінші бағытқа тоқталсақ, қазір ауданда «Іске Сәт» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 100,1 миллион теңгеге 22 техника сатып алынған. Ең соңғы бағыт, өз кәсібін ашу бойынша да жұмыстар жүйесін тауып, 1,8 миллион теңгеге кондитерлік цех іске қосылуда. Жалпы, пилоттық жобаның есесінен Жамбыл ауданында мал санының өсуі байқалуда. Соның арқасында өңір биыл 5 мың тонна ет өндіріп, 27,3 мың тонна сүтті сатылымға шығарды. Ал ерекше айта кетерлігі, аудан сегіз айда 46,1 миллион дана жұмыртқа шығарып отыр. Бұған қоса, 6 370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы мен 13 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Құрылыс саласында бұқараның базынасы бірінші орынға қойылған. Бүгінде ауданда 870 адам үй кезегінде тұрса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 76 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ тағы 4 тұрғын үйдің құжаттары дайындалып, бюджетке өтінім берілген. Ал кезекте тұрған 10 мыңнан аса тұрғынды жер телімімен қамту үшін 7 елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымына құжаттар әзірленуде. Биыл ауданда Өрнек–Тоғызтарау–Жаңаөткел жолы мен 12 ауылдың 26 ауылішілік жолдары жөнделуде. Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 12 ауылдың 63 ауылішілік көшесі мен 1 аудандық мәндегі автомобиль жолы жаңғырудан өтіп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 5 ауылдың 8 ауылішілік көшесі жаңаруда.
– Тіршілік көзін елді мекенге тарту бағытында да тындырымды тірлік көп. Мәселен, Жамбыл ауылдық округіндегі 5 елді мекенге ауызсу жүйесін тарту жұмыстары аяқталса, 6 ауылға ауызсу құбыры жүргізілуде. Мұндағы құрылыс толықтай аяқталғанда халықтың 71,4 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Қалған елді мекендерді де таза ауызсумен қамту жұмыстары көп күттірмей шешімін табады. Газдандыруға келсек, бұған дейін 25 ауылға көгілдір отын жетіп қойған болса, биыл 13 ауылға газ құбыры жүргізілуде. Әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін көрсетіліп жатқан көмек те аз емес. Есепті кезеңде ауданда мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 37 816 адамға 42 500 теңгеден төленді. Одан бөлек, 7 071 азаматқа 15 мың теңгеден үлестірілді. Осылайша, 212,1 миллион теңгеге тұрғындардың коммуналдық төлемі төленді. Сондай-ақ жыл басынан бері 3 847 адам жұмыспен қамтылып, әлемдік пандемияға қарамастан қара халық екі қолға бір күрек тауып жатыр, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев.Коронавирус індеті кезіндегі қиындықтың бірі – жаңа оқу жылымен тұспа-тұс келгені белгілі. Десе де, аудан қашықтықтан оқудан қашпады. Жаңа оқу жылы қарсаңында ауданда 16 701 оқушыны қамтыған 38 мектеп жұмысын бастаса, оқу-тәрбие процесі екі түрлі форматта өрбуде. Біріншісі шалғай ауылдардағы оқушы саны 250 баладан аспайтын 16 мектепте 1 295 оқушы дәстүрлі түрде білім алса, 22 мектептегі 15 406 білімгер қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқытылуда. Олардың барлығы смартфонмен қамтылған. 15 406 оқушының ішіндегі 10 975 баланы тәрбиелеп отырған 3 729 отбасында жеке компьютер болмауына байланысты ең әуелі мектеп балансындағы 2 053 компьютер таратылып берілген. Бұл оқушылардың 68,7 пайызын компьютермен қамтуға мүмкіндік туғызған. Енді қалған балаларды қажетті қондырғымен қамтамасыз ету үшін 1 676 отбасына республикалық бюджеттен 1 649, ал облыстық кәсіподақ комитеті есебінен 27 компьютер берілуде. Бұдан бөлек, 1-4-сынып оқушыларының ата-аналарының өтініштері бойынша кезекші сыныптар ашылған. Кезекші сыныптарда барлық санитарлық талапты сақтай отырып, оқушылар 2-3 ауысыммен оқуда. Әр сыныптағы бала саны 15-тен аспайды. Сондай-ақ сабақ арасындағы үзілісте білімгерлердің бір-бірімен кездеспеуі де жіті қадағалануда. Мұғалімдердің қашықтықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру мен IТ құзыреттіліктерін арттыру мәселесі де бақылауға алынған. Атап айтсақ, 1172 мұғалім Microsoft бағдарламасы бойынша шыңдалса, 742 мұғалім «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының ұйымдастырған вебинарларына қатысқан. Ал педагогикалық шеберлік орталығының онлайн курсынан ауданның 1 650 мұғалімі өткен. Қазір аудан коронавирус індетінің болжамды екінші толқынына қызу дайындық үстінде. Қосымша 53 жатын орын мен дәрі-дәрмек қоры дайындалып, 83 медицина қызметкері дәрігерлер санын толықтыруда. Сонымен қатар 3 ауа беру концентранты резервте тұр. Басты мақсат – тұрғындардың өмірін сақтап қалу. Сондықтан жергілікті билік бұл бағыттағы жұмыстарға жан салуда. Міне, осылайша аймақпен аттас аудан тындырымды тірлігімен көпке үлгі болуда. Жыл соңына дейін Жамбыл ауданы тағы да жағымды жаңалықтарымен қуантады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы