«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының 287-615 шақырымын қалпына келтіруге 905 техника мен 1 847 жұмысшы күш жұмылдырылыпты. Жолды қайта төсеудің жалпы құны – 115 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстары басталғаннан бері 9 897 мың текшеметр жер жұмыстары аяқталған. Трассаның 150,7 шақырымы астындағы қабат, 135,8 шақырым төменгі негізгі қабат, 126 шақырым жоғарғы базалық қабат болса, төменгі қабаттың ұзындығы – 117,8 шақырым. «Үшарал – Достық» жолын қалпына келтірудің жалпы құны 12,6 миллиард теңге екен. Қазіргі кезде нысанда 265 адам еңбек етіп, 144 техника пайдаланылуда. Биыл 30 шақырымы қолданысқа беріледі деп болжанған. Екі нысанды да 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Вице-премьер Талдықорғанға жұмыс сапары кезінде 200 орынды модульді жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысының жұмысымен танысты. Жоба директорының айтуынша, нысанның жалпы ауданы – 6 760 шаршы метр. Ауруханада қабылдау бөлмесі, босану, зертхана, жансақтау бөлімдері және кішігірім ота жасайтын бөлме болады. Қазіргі кезде аурухананың құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аралау барысында нысандағы тамақтану, кір жуу бөлімдері жайлы мәселелер пысықталды. Құрылыс кезінде медицина қызметкерлерінің тілектері ескеріліп, басты назарға алынғаны айтылды. Нысанның қаңқасы, қабырғалары тұрғызылып, шатыры жабылып, инженерлік желілердің шамамен 85%-і орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары басталған. Қажетті медициналық жабдықтардың 80%-і жеткізілген. Жаңа ауруханада көпшілікке сапалы қызмет көрсететін кадр мәселесі де реттелуде. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, 82 резидент бар. Олардың ішінде инфекционистер, пульмонологтар, реаниматологтар, анестезиологтар бар. Резиденттер жергілікті бюджет есебінен оқиды. Келер жылы олар үшін 60 пәтерлі көпқабатты үй салынады. Бұған дейін қалада медицина қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлі баспана салынып, пайдалануға берілген. Облыс орталығындағы әлемдік деңгейдегі жүзу бассейнінің құрылысы да Склярдың назарынан тыс қалмады. Мердігер «Базис Констракшн» компаниясының басқарушы директоры Мұстафа Афраилов жұмыстың бірінші кезеңі толығымен аяқталғанын, 10-15% интерьердің сырлану жұмысы ғана қалғанын баяндады. Ғимараттың жарықтандырылуы жайы талқыланып, жұмыстың екінші кезеңі басталып, 3 гектар аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Облыс әкімі атап өткендей, бассейн аумағын жақсарту «Жастар» саябағының абаттандырылған аумағымен біртұтас үйлесімді композицияны құрайды. Коттедж қалашығының бүгіні мен болашағы осы сапар барысында сараланды. Қалашықтағы негізгі тұрғын үй орамдары пайдалануға берілген. Кезекте тұрғандарға арналған тағы біразы дайын. Барлық үй орталықтандырылған газбен жылытуға қосылған. Жыл соңына дейін тағы 349 үй салынбақ. Роман Скляр сапары соңында Қаратал өзенінің жағалауында болып, осы жылдың 2 қыркүйегінде пайдалануға берілген 280 орындық студенттер жатақханасының ішкі орналасуымен және орталық қалалық алаңның абаттандырылу жұмысымен танысты.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы