216 отбасының қоныстой қуанышы
216 отбасының қоныстой қуанышы
145
оқылды

Осы аптаның сейсенбісінде Орал қаласының Зашаған кентінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған тоғыз қабатты су жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді.

Басыбайлы баспанаға ие болып, жүздері қуаныштан бал-бұл жанған жандарға пәтерлерінің кілтін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев табыстады.

– Мемлекеттік биліктің ең басты мұрат-мақсатының бірі – халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту. Елбасымыздың ұйытқы болуымен қолға алынған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы негізінде бүгін өңіріміздегі бақытты отбасылар саны 216-ға артты. Көп пәтерлі бұл үйдің 72 пәтері көп балалы отбасыларға, 29-ы ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарға берілсе, ал қалған пәтерлерге табыс-кірісі аз, әлеуметтік тұрғыдан қамқорлықты қажетсінетін оралдықтар қоныстанбақ.  Мемлекеттің осындай айтулы қамқорлығын сезінген отбасыларда ел-жұртымыз арқа сүйейтін, Отанның ортақ мүддесіне қалтқысыз қызмет ететін болашақ қайраткер тұлғалар тәрбиеленеді деп сенемі, – дей келе өңір басшысы Ғали Есқалиев құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізген «Альтаир» құрылыс компаниясына ризашылығын білдірді.

«Альтаир» ЖШС-ның құрылыс бойынша директоры Нұрлан Қуанғалиев бұл үйдің іргетасы 2018 жылдың көктемінде құйылғанын айтты.

– Тоғыз қабатты бұл тұрғын үйдің 77 пәтері екі бөлмелі, ал қалғаны бір бөлмелі. Бір бөлмелі пәтердің аумағы – 38 шаршы метр, екі бөлмелісінің аумағы 62 шаршы метрді құрайды. Қазіргі кезде су, электр жарығы, жылуы кіргізілген, әр подъезде соңғы үлгідегі кең жеделсаты іске қосулы. Жобаның жалпы құны – 1,6 млрд теңгені құрайды, – деді Н. Қуанғалиев.

Ретті жерінде айта кетелік, 2019-2020 жылдары Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы аумағы 88,7 мың шаршы метрді құрайтын 1627 пәтерден тұратын 12 тұрғын үй салынуда. Үшбу жобалардың жалпы құны – 15,5 млрд теңге. Жаңа ғана тілге тиек болған 12 үйдің 10 үйі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына арналып салынбақ. Осы 10 үйдің бесеуі жыл соңына дейін салынып бітуі тиіс. Егер осы жоспар орындалған жағдайда жалпы аумағы 34,2 мың шаршы метрді құрайтын 594 пәтер 594 отбасының қоныстой қуанышына айналмақ. Сөзіміздің басында күні кеше тапсырылған 9 қабатты көп пәтерлі үй халықтың әлеуметтік тұрғыдан «әлжуаз» бөлігіне арналғандығын айтып өттік. Осындай санаттағы ел-жұрт үшін күні бүгін Орал қаласының  солтүстік-шығыс бөлігінде және бір көп қабатты һәм көп пәтерлі үй бой көтеруде.