Өткен жылы қала әкімінің орынбасары арнайы 44 тармақтан тұратын іс-шара жоспарын бекітіп, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, білім, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері арқылы түрлі бағыттағы шаралар өткізілуде. Атап айтар болсақ, қала орталығындағы оқу орындарының тіл саласы бойынша профессорлар мен белгілі журналистердің қатысуымен «Латын әліпбиі – жаһандану тұсындағы рухани жаңғырудың факторы» атты дөңгелек үстел өтті. Сол кезде кездесуге жалпы 150 азамат қатысты. Ал оқушылар арасында «Тілі зордың – елі зор» қалалық байқау өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар мен жүлделі орындар табысталды. Жалпы, жастар, өсіп келе жатқан жас ұрпақ – біздің болашағымыз. Болашақтың жемісін бүгіннен баптау, оларға дұрыс бағыт беру – негізгі мақсатымыз. Сондықтан да ұлттық құндылықтар мен адамгершілік-ізгілік тәрбиесін бере отырып, жас ұрпақты өз Отанының патриоты болуға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, білімді сапалы меңгеріп, өнерді бойға сіңіруге, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру қажет. Соған қарай студент жастар мен жоғары сынып оқушыларының арасынан ерікті жастарды тарта отырып, «Жас ұлан» ББЖҰ тәлімгерлері мен үйлестірушілер қауымдастығы құрылды. Елбасының бастамасымен құрылған ұйым жоғары рухани-адамгершілік құндылықтарды құрметтей отырып, игілікті істер атқарумен келеді. Қазір жас ұландықтардың саны қала көлемінде 20 800-ге жетті. Ал қала әкімдігінің ғимаратында орналасқан Құқықтық кеңес беру орталығындағы «Отбасылық кеңес бұрышы» отбасын құруды көздеген жастарға ерлі-зайыпты мен жанұяның артықшылығын көрсетуге тырысқан. Негізі, орталық жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау және жас отбасыларға құқықтық, психологиялық кеңестер берумен айналысады. Соның ішінде некесін бұзуға келген азаматтармен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық және психологиялық тұрғыдан әңгімелер жүргізіп, құқықтық кеңес беруде. Осы жобалар аясында «Мерейлі отбасы – 2019» қалалық байқауы да өткізілді. Жас отбасылар базасы жасақталып, «Отбасы байлығы» тақырыбында WhatsАpp, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінен арнайы мессенджер қызметі жұмыс істеуде. Отбасы құндылығын насихаттау тақырыбында түрлі форматтағы 5 шара өткізілді. Сонымен қатар қаламызды көркейтуге, қолдауға және дамытуға бағытталған демеушілік жұмыстарға жергілікті бизнес-қауымдастықты, азаматтық қоғам институттарын, жастар ұйымдары тартылып, жұмыс атқарылуда. Өткен жылы қаламыздың көркейту-көгалдандыру жұмысына белсене араласып жүрген қала тұрғыны Б.Нұрхожаевқа «Қоғам жанашыры – 2019» номинациясы берілді. Осыған орай, қала тұрғындарын бір-біріне жақындата түсу үшін түрлі турнирлер мен спорттық жарыстар да ұйымдастырылды. Мәселен, былтырғы Наурыз мейрамы қаланың орталық алаңында өткен еді. Сол жерде қол күрес, арқан тарту, гір тасын көтеру, қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар өткізілді. Осы шараға жергілікті бюджеттен 1 млн теңге бөлініп, сайыс жеңімпаздарын қаржылай және заттай сыйлықтармен марапаттады. Ел ішінде ауызбіршілік болса, алынбайтын қамал жоқ. Сондықтан әрбір тұрғын қаланың дамуына, ауданның өркендеуіне атсалысуда. «Ауылы бірдің – ауызы бір» дегендей, бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы елімізді кемелдендіре түсті.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы