Ауруханаларда медициналық жабдықтардың, оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі баллондарының жетіспеушілігінен көп адам көз жұмса, дәрі-дәрмек тапшылығы да халықты әбден абыржытты. Содан бері аталған мәселелерге мемлекеттік деңгейде назар аударылып, нақты шаралар қолға алынуда. Соның нәтижесі ретінде шекаралы Жаркент өңірінде салынып жатқан оттегі стансасын айтуға болады. Жалпы құны 76 млн теңге жоба қазан айында іске қосылмақ. Қазір стансаны орнату жұмыстары басталған. Аудандық орталық аурухана жанынан ашылатын оттегі стансасында бір мезетте 50 нүктеден оттегі толтырылады. Орталық аурухананың бас дәрігері Төлеу Сарпековтің айтуынша, станса сағатына 50 текшеметрге дейін оттегі құяды. Соның арқасында қауіпті індеттің екінші толқыны бола қалған жағдайда 120 науқасқа бір уақытта қажетті оттегі беріледі.
«Жаз айларындағы жанталас кезінде Алматыдан ауыр баллондарды таситынбыз. Енді міне, бұл мәселе де шешімін тапты. Бұдан бөлек осы пандемия кезінде біздің орталық ауруханаға кәсіпкерлер мен қайырымды азаматтар оннан астам оттегі концентратын, басқа да қажетті медициналық жабдықтарды тарту етті. Мемлекет тарапынан да қажетті көмек көрсетілуде. Ғалымдар болжамы бойынша, алдағы уақытта мазалауы мүмкін індеттің екінші толқынына біздің өңір толықтай дайын. Тек тұрғындар барлық ескерту мен санитарлық талаптарды сақтаса болғаны, – дейді бас дәрігер.Пандемия басталғалы бері Панфилов ауданында 139 адам індетке шалдыққан. Қазір аталған адамдар толықтай жазылып, өңірде санитарлық сақтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы