Бюджетте қаржы көп, алайда қоймада азық жоқ
Бюджетте қаржы көп, алайда қоймада азық жоқ
©А.Ахметқазы
167
оқылды
Ағымдағы жылдың тоғыз айы артта қалды. Коронавирус пандемиясымен көпшілік есепті кезеңді көз алдына елестете алмауда. Барлығы қас-қағым сәтте жүгіріп өткендей. Алайда бұл сала мамандарының жұмысына сылтау бола алмайды. Әсіресе бюджеттен бөлінген әрбір теңге тетігін тауып, жыл соңына дейін игерілуі қажет. Міне, осы мәселені Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аппараттық кеңесте баса айтып, қаржы игеруді жыл соңына қалдырмауды тапсырды. – Үстіміздегі жылдың 9 айы түгесіліп тұр. Қазынадан қаржыны игеруді жылдың соңғы айына қалдыруға тиым саламын. «Жыл соңында игеріледі» деген сылтауды маған айтудың қажеті жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күнделікті бақылауда ұстау қажет, – деді Б.Сапарбаев.

Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, жылдың аяқталуына 3 ай ғана қалса да әлі қаржыны игере алмай отырған басқармалар мен аудандар бар екен. Олардың қатарында Білім, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы басқармалары мен Талас, Байзақ сынды аудандар және Тараз қаласы бар.

Тағы бір айта кетерлігі, дәл қазіргі жиын-терін науқанының өзінде өңірде азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Сондай-ақ сиымдылығы 97,4 мың тоннаны құрайтын қоймаларда азық-түлік жоқ. Бердібек Машбекұлы ауыл шаруашылығы саласы бойынша орынбасары Берік Нығмашев пен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясына әлеуметтік дүкендердің жұмысын қайта зерделеп, ондағы тауарлардың бағасы қолжетімді болуын тапсырды.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы