Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Бублик Гамбург ATP турнирінің екінші айналымына шықты. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 44-ракеткасы, испаниялық Альберт Рамоспен күш сынасты. Бұдан бұрын А.Бублик іріктеу сайыстарының финалында америкалық Томми Полға есе жіберіп, негізгі турнирге өте алмай қалған еді. Дегенмен Рим мастерс турнирінің финалисі, аргентиналық Диего Шварцман Гамбургке келмей қалды да, орнына қазақстандық теннисші шақырту алды. А.Бублик биыл 23-ке толса, оның тәжірибелі қарсыласы 32-де еді. Бірінші партияда бірден брейк жасаған қазақстандық спортшы алға шықты – 2:0. Сол қарқынынан жаңылмай, айқын басымдылықпен аяқтай білді – 6:2. Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте испаниялық теннисші брейк жасап кетті. Бублик те қалыспай, қайыра брейкпен бірге өз геймін алып, алға шықты – 3:2. А.Рамос доп бергенде, бәсеке тартыстырақ өрбіп, Александрдың тағы брейк жасайтындай мүмкіндігі болды. Дегенмен ол тай-брейкте өз мүмкіндігін жібермеді – 7:6 (7:5). Матч 1 сағат 51 минутқа созылды. А.Бублик жүлде қоры 1,2 млн еуродан асатын доданың екінші айналымында 20 жастағы канадалық, әлемнің 21-ракеткасы Феликс Оже-Альяссиммен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде рейтингте 46-орындағы италиялық Лоренцо Сонегоны 6:2, 7:6 (7:2) есебімен тізе бүктірді.