Үміткерлер бірінші кезеңде нақты елді мекендердің мәселесін шешу бойынша көзқарастарын білдірді. Ал екінші кезеңде бір-бірінің сұрақтарына жауап беріп, түрлі тақырыпта ой бөлісті. Аягөз ауданының пікірсайысқа қатысушылары білім саласы қызметкерлерінің цифрлы сауаттылық біліктілігін жетілдіре отырып, білім сапасын арттыру, Аягөз ауданы бойынша балабақшалар мен мектептер санын арттыру, аз қамтылған және асыраушысы жоқ балаларға көмек көрсету мәселелерін көтерді. Сондай-ақ дебат кезінде қала көшелерін абаттандыру, аудан экономикасының дамуы негізінде жаңа кәсіпорындар ашуға ұсынылған өтініштерге қолдау көрсету сынды өзекті мәселелер де талқыланды.
– Біздің ауданымыз бойынша праймеризге 40-тан астам үміткер тіркеліп, бүгінгі таңда өздерінің үгіт-насихат жұмысын белсенді түрде жүргізуде. Жалпы, азаматтардың жаңа бастамаға деген белсенділіктері өте жоғары. Қатысушы азаматтар мен азаматшалар алдарына нақты мақсаттар қойып, елді мекендердегі тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуге күш салатынын жеткізуде. Үміткерлер арасында өтетін ашық пікірсайыс нағыз пікір алмасатын, ой бөлісетін ашық алаң деуге болады, – дейді «Nur Otan» партиясы Аягөз аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжегүл Ғабдуллина.Айта кетейік, үміткерлер арасындағы пікірсайыстар 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
А.ЖАСАНҰЛЫ