Энергетика министрлігі 1997 жылғы 18 қарашада бекітілген «Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны мердігерлік учаскесінің өнімін бөлу туралы түпкілікті келісім» (өнім бөлісу келісімі) аясында жатжұрттық инвесторларды қосымша қаржы бөлгізуге иліктіретін Үкімет қаулысының жаңа жобасын дайындады. Өнім бөлісу аясында оларға Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 10 млн 40 мың 126 доллар мөлшерінде қаражат бөлу ұсынылды. Атап айтқанда, бұл ақша Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласы ауруханасының шұғыл медициналық жүйесін жаңғыртуға, яғни персоналын оқыту, кеңес-консультациялық қызмет көрсету және басқа да шығыстары бар, сонымен қатар мемлекеттік колледж базасында кәсіби оқу орталығын салып, ашуға жұмсалмақ. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Аралтал ауылындағы жерді қалпына келтіруге және жауын-шашын суларын сорғыту жүйесін орнатуға қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Жобалар тізбесі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша жасалыпты. Үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, оны жұртшылықпен бірге талқылау осы жылдың 5 қазанына дейін жалғасады.
Елдос СЕНБАЙ