Ресеймен әскери әріптестігіміз тең бе?
Ресеймен әскери әріптестігіміз тең бе?
© коллаж: Елдар Қаба
176
оқылды
Әрине, мәңгілік көрші болып отырған қос мемлекеттің ара­сында түрлі бағыттарда әріптес­тіктің ор­науы заңды. Оның үстіне, Қазақ­стан мен Ресей бірнеше халық­а­ралық ұйымға мүше. Олар­дың бірқатары аймақтық сипатқа ие құрылымдар. Айталық, ҰҚШҰ, Шанхай ынты­мақтастық ұйымы тәрізді құры­лымдарға мүшеміз. Одан бөлек, екі елдің стратегиялық серіктестігі тағы бар. Эконо­ми­калық одақты да бірге жасақ­таған­быз. Содан да болар, әскери ынты­мақтастыққа ерекше назар аударсақ керек. Бәлкім, аймақ­тық күштер ара­қатынасында теріс­кейге сүйе­нуден басқа амал жоқ деп біле ме қайдам, әйтеуір қазақ­стандық әскерилердің ресей­лік­терден басқа серіктестері жоқ тәрізді. Айталық, 2010 жылы «Тигр» бронды көліктерінің 21 данасын алыппыз. Кейін өзіміздің «Арлан» жасала бастады. Стокгольм бей­біт­шілік мәселелерін зерттеу­лер инсти­­тутының (SIRPI) зерттеу­леріне қарағанда, 1991-2017 жыл­дар аралығында Қазақ­стан­ның Ресей­ден алған С-300 зымы­ран кешен­дерінің ешқай­сысы жаңа болмаған. Бәрі бұрын қолда­нылған ескі-құсқы дү­ниелер. Ал 2013 жылы ортақ әуе қорғанысы жүйесін құруға уағ­даласқа­ны­мызбен, биыл шілдеде Ресей Бал­қаштағы радиоло­кация­лық стан­саны қолданудан бас тарт­ты. Өйт­­кені өздерінде мұндай станса­­­лардың бірнешеуі бар. Әрі көбі жаңадан салынған. Ал бұрын Балхаш РЛС-і Ресейді зымыран шабуылы жайлы ескер­туге және ғарышты бақы­лау­ға арналған еді. Керексіз бол­ған соң станса қалды. Енді оны не өзіміз пайдалануға күш саламыз немесе металл сынықтары ретінде жойы­лады. Көршілер ке­шенді жаңғыр­тып, бірге пайдалануға ынта та­нытпады. Ал ынтымақтастыққа қатысты құжат жобасына келсек, онда тараптардың бірі ресми өтініш жа­саған жағдайда қауіпсіз­дікті қамта­масыз ету үшін әскери күш қолдануды бірлесіп жоспарлау, өңірлік қауіп­сіздік пен сын-қатерге қарсы бірлес­кен іс-қимыл жасау, әскери білім мен ғылым, жедел және жауын­герлік даярлық, ха­лық­а­­ра­лық терроризмге қарсы күрес тәрізді бірқатар мәселелер қарас­тырылған. Сонымен қатар өзара әскери барлау саласын­дағы ынты­мақтастық та ескеріліпті. Бірақ Қазақстан мен Ресей бір-біріне қарсы барлау жүргізбеуге міндет­тенсе керек. Әрине, айтқанға ғана оңай болға­нымен, кез келген ел­дің бір-біріне қарсы азды-көпті барлау жүргізетіні жасырын емес. Ресей масс-медиасында жарық көретін деректерге қарап отырған адам теріскейдегі көршінің біздің тыныс-тіршілігімізді, әскери әлеуе­тімізді, техникамызды ұдайы бақы­лап отыратынын аңғарады. Яғни, олар барлау жасайды деген сөз. Оның үстіне, 2014 жылдан кейін теріс­кейдегі көршінің әр қимы­лын ба­ғып отырудың артық­тығы жоқ екенін білеміз. 2017 жы­лы қабыл­данған Әскери доктринада «гиб­рид­ті күрес» ұғы­мын енгіз­геніміз де содан. Демек, құжаттағы «бір-біріне қарсы әскери барлау жүр­гізбеу» жайлы уағдаластықты шарт­ты ұғым деп бағалауға бо­латын тәрізді. Одан бөлек, құжатта тарап­тар­дың аумағында орналасқан әс­кери нысандарды пайдалану тәрті­бі мен шарттары ха­лықа­ралық ке­лі­сімдер арқылы анық­талатыны ай­­тылған. Біз­діңше, бұл жерде мә­се­ле «та­раптар» емес, Қазақ­стан­да орна­ласқан әскери ны­сандар жай­лы екені анық. Өйткені Ресей же­рінде Қазақ­станның әске­ри ны­са­ны бар дегенді есті­медік. Сон­дық­тан әс­кери ынты­мақтастықтың басты құжатына біздің елде ор­на­ласқан полигондар, әскери бө­лімдер жай­лы нақты шарттар ен­гізбеу арқылы әскерилер жалға бе­­рілген полигон­дарға және басқа да ны­сандарға қатысты келісімдерді өз­дерінің қалауынша өзгертуге мүмкіндік қалдырғанға ұқсайды. Айталық, 2014 жылы Қостанай және Ақтөбе облыстарының же­рінен Байқоңыр­дан ұшатын «Союз-2» зымыраны­ның бөл­шек­тері құлайтын 63,2 мың гектар ау­мақ бөлу туралы мәселе көтеріліп, №120 алаңы белгі­ленген еді. Кейін Үкімет 2019 жылы екі­жақты келісім арқылы Қостанай облысы Жан­­гелдин ауданынан №120А алаңын бөліп берген. Бұл алаңның көлемі – 5,8 мың гектар. Қарапайым бұқара үшін ғарыш зымырандары бейбіт мақсатты көздейтіндей көрін­гені­мен, іс жүзінде Байқоңыр ға­рыш айлағы да әскери нысан бо­лып саналады. Сондықтан Ресей­мен арадағы әс­кери ынтымақтастық жайлы құ­жатта осындай детальдар ескерілуі тиіс. Мұны отставкадағы подпол­­ковник Мұрат Мұха­мед­жанов та қолдап отыр. «Әскери ынтымақ­тастық жасаған жақсы болғанымен, құжатты жан-жақты талқылау ке­рек. Меніңше, құжат жобасында нақтылық жоқ. Онда әскери поли­гондар, ел ішіндегі түрлі әскери құрылымдар өзге құжаттар арқылы реттелетіні ай­тылған. Тым болма­ғанда келі­сім­шарт жобасында сон­дай нысан­дарға қатысты көзқарас болуы ке­рек», – дейді ол. Жалпы, Ресеймен әскери ын­ты­мақтастық ісінде Қазақстан көбіне теріскейдегі көршінің тех­ни­кала­рына мұқтаж екені жа­сы­рын емес. Бірақ көршінің кейбір әрекеттеріне қарап, бұл ынты­мақ­тастықта тең құқылы бола қой­маспыз-ау деген ой келеді. «Ашық нормативтік-құ­қықтық актілер» порталында тұрған құжат жоба­сында екі елдің әс­керилері ара­сында ынты­мақ­тас­тықтың мәде­ни және спорттық бағыттары ай­тыл­ған. Алайда бір ғана «Армия ойын­дарынан» мұндай ынтымақ­тас­тықтың да біржақты екенін бай­қауға болады. Мәселен, биыл өткен «Танк биатлонында» ресей­ліктер қуаттты танктермен жа­рысқа қа­тысты. Дәлірек айт­қанда, бұрыннан солай. Тек мұны Қазақ­станның Қорғаныс ми­нистр­лігі биыл ғана рес­ми мойын­дады. Ресми мәлі­меттерге қара­ғанда, жарысқа Ре­сей, Қытай жен Бела­русь әскери­лері қуатты танк­тер қатыстырған. Айталық, қазақ­стандық жауын­герлер мінген танк­тің қуаты 840 аттың күшіне тең болса, ресейлік сарбаздар 1 130 ат­тың күші және командирдің пано­рамалық тепло­визиялық құралы бар Т-72Б3-М танктерін, Қытай коман­дасы Type-96B танктерін қолданған. Соңғы­сының қуаты 1 200 аттың күшіне тең. Мұндай жағдайда ынтымақ­тастық тең дәре­жеде бо­лады деудің өзі қиын. Бәл­кім, Қа­зақ­стан медиа­сында жыл басы­нан бері жиі-жиі жарық көріп келе жатқан Қор­ғаныс министр­лігінің ресейлік БТР-82А броне­транс­портерлеріне құмар­лығы жайлы мәселенің аста­рында да солтүс­тік­тегі көрші­нің ықпалы бар шығар. Біздің офи­церлер ара­сында жаһанға тек ре­сей­лік көз­қараспен қарай­тындар аз емес екенін ес­керсек, екіжақты ын­­тымақтас­тықта «түйе­нің тани­тыны жапырақ» қа­ғидасы жүріп тұр ма деп қаламыз. Дегенмен «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында құжаттың жобасы ғана тұр. Егер оны қоғам мүшелері кеңі­нен тал­қылап, ой-пікірлерін қосар болса, ынты­мақтастыққа қатысты ке­лісімге халықтың та­лабы енуі де мүмкін. Тек азамат­тардың белсенді бол­мағы керек.  

Ардақ СҰЛТАН