Дәрігерді сергелдеңге неге саласыз, Цой мырза?
Дәрігерді сергелдеңге неге саласыз, Цой мырза?
115
оқылды
Қынжылтатыны сол ғалымдар болжағандай, COVID-19 пан­демиясы күзбен бірге қайта кү­шейді. Коронавирус инфекция­сының таралуы бойынша жаһан­дық «қара тізімде» көш бастап тұрған елдерде жаңа сырқат көп тіркелуде. Атап айтқанда, АҚШ-та бір тәулікте 36 372 адам коро­навирус жұқтырғаны белгілі болды. Сөйтіп, елде КВИ-мен барлығы – 7 046 216 адам ауырып, 204 506-сы қаза тапты, Үндістанда соңғы күндері бір тәулікте – 74 493 адам, Бразилияда – 15 454, Ресейде 6 196 адам COVID-19 індетін жұқ­тыр­ған.
Індеттің күшейіп оралғанын ұжымдық Еуропа мәлімдеді. Соған қарамастан, дамыған елдер де, дамушы ірі елдер де қатаң каран­тинді қайта енгізуден бас тартып отыр. Мысалы, Еуроодақ алдағы қыста локдаун жарияланбайты­нын хабарлады. Өйткені жаппай шектеу қоғамға, экономикаға тым қымбатқа түсті, салдары ауыр бол­ды. Мәскеу де карантин шарала­рын қатайтуды қарастырып отыр­ған жоқ. Мұның мәнісін Кремль былай түсіндірді: «Себебі Ресей денсаулық сақтау жүйесін пан­демиямен күрестің қажеттіліктерін өтеуге жұмылдыра алды. Бұл өз нәтижесін берді. Бүгінде медицина саласы толық мобилизацияланған. Соның арқасында инфекциялан­ғандар қатарының өсуіне лайықты жауап беруге жүйе дайын. Тиісін­ше, карантинді қатайтуға негіз жоқ», – деді.
Ал Қазақстанда медицина саласы пандемияның жаңа ке­зеңіне сақадай-сай ма? Жұдырық­тай жұмылған ба? Медицина қызметкерлерінің уәде еткен тө­лемақыны Үкіметтің төлемегеніне наразы болып, тұнжырап жүрге­ніне қарағанда олай деп айту қиын.  

Дамыған елдің үлгісі

Салыстыру үшін айта кетелік, АҚШ-та және Еуропада дәрі­герлерге COVID-19 індетімен кү­рес­кені үшін мемлекет үстемеақы не өтемақы төлемейді: сақтандыру жүйесі медицина мамандарының барлық шығынын өтейді. Мысалы, Құрама Штаттарда рентген, КТ жүргізіп, алғашқы диагноз қоятын дәрігердің жылдық жалақысы 2020 жылы 500 мың доллардан асты. Биылғы қыркүйек айының ортасында Американың меди­циналық топтар қауымдастығы (AMGA) кең ауқымды сауалнама жүргізе келе, рентгенологтер табы­сы артқанын анықтады: жарты миллион доллардан асқан. Жүк­темесі жоғары шағын клини­ка­ларда табыс одан да жоғары ($589 мың). 2018 жылы аталған маман­дардың жылдық орташа жалақысы 482 мың доллар ғана болған. Осы­лайша, рентгенология – пласти­калық хирургия мен ортопедиядан кейінгі ең жоғары жалақылы ма­мандық атанды. Өз кезегінде Medscape 20 мың дәрігер арасында сұрау сала келе, рентгенологтердің 49%-ының жинағы 2 миллион доллардан асатынын білді. Қалған дәрігерлердің 44%-ы жинағы $1-5 млн аралығында екенін жеткізген. Барлық дәрігерлердің 55%-ының (соның ішінде шұғыл медициналық жәрдем дәрігерлерінің 74%-ының) өз жалақысына көңілі толады. Рас, алда тағы 11-25%-ға көбейгенін қалайды. Бізде болса, коронавирус сыр­қатымен алғаш болып жолығатын КТ, рентген түсіруші мамандар байлығымен мақтана алмайтыны жасырын емес. Қазақстанда меди­циналық сақтандыру жүйесі іске қосылғанына қарамастан, ол өзін жарылқағаннан басқа, не науқасқа, не ақ халатты абзал жанға елеулі игілік ұсына алмай келеді. Ресейде медицина қызметкері COVID-19 кеселіне душар болса, мемлекет 68,8 мың рубль (385 280 теңге) төлейді. Егер дерті ушығып, мүгедектікке соқтырса 0,7-ден 2 миллион рубльге (11,2 млн тең­геге) дейін сақтандыру кепілдігі беріледі. Аурудан өлсе, оның отбасына 2,7 млн рубль (15 млн 120 мың теңгедей) көмек аударылады. Сол­түстік көршінің дәрігерлері төлемді төрт күн ішінде алады.  

Індет пен шенеунік шаршатты

Қазақстанда шенділер дәрігерді әбден сергелдеңге салады. «Жұмы­сыңның барысында жұқтырған жоқсың», «отбасы мүшелеріңнің бірінен жұқтырдың», «қай жерде жұқтырғаның белгісіз» деп, әйтеуір өтемақы төлемеу үшін түрлі сылтау табады. Атап өтер жайт, Премьер-Министр Асқар Маминнің өзі жетекшілік ететін Президент жа­нындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мем­комиссия пандемиямен күресуге тартылған медицина қызмет­кер­леріне төленетін үстемеақы және өтемақы көлемін 2020 жылғы 30 наурызда бекіткен болатын. «Ме­дициналық қызметкер коронавирус инфекциясымен ауырған жағдайда МӘСҚ-тан бөлінетін бірреттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды» делінген мем­комиссия шешімінде. 22 шіл­деде оған өзгеріс енгізіліп, бұл қа­тарға вирусты пневмониямен ауыр­ған немесе мерт болған меди­цина қызметкерлері де қосылды.
Байқап тұрсаңыз, «егер жұмыс бабында КВИ жұқтырса ғана төленеді» деген шарт жоқ. Оны кейін ДСМ ойлап тапты. Ве­домст­воның бұл әрекеті індетке ұшы­раған медицина маман­да­рының ашу-ызасын тудырды. «КВИ – жыланның шағып алуы емес, оның жұмыс орнында, әлде автобуста жұққанын адам сезбейді» деп дәйек­теді ақ халаттылар.
Ақыры, 4 қыркүйекте «Nur Otan» өзінің Партиялық бақылау комитетінің отырысында Үкі­меттен Денсаулық сақтау және Еңбек вице-министрлеріне шара қолдануды талап етіп, олардың қарау тірлігін қатаң сынға ал­ғаннан кейін ғана іс ілгерілей бастады. Ресми мәліметке сәйкес, қыр­күйек айының басындағы жағдай бойынша Қазақстанда жалпы саны 11 293 медицина қызметкері COVID-19 дертіне шалдықты. Оның 186-сы коронавирус инфек­ция­сынан қайтыс болды. Партия­лық бақылау комитеті жиынында дүние салған 9 медперсоналдың отбасына және 1 093 сырқат дәрігер мен мейірбикеге ғана өте­мақы берілгені жария етілген. Одан бері не өзгерді? dariger1 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде 1 727 медицина қызметкері COVID-19 инфекциясын және пневмонияны жұқтыруына бай­ланысты МӘСҚ-тан төлем алды. Сондай-ақ қор осы ауру кесі­рінен өмірден өткен 24 меди­цина қызметкерінің туыс­тарына ғана төлем аударды. Мұндай шабандықтың төркіні неде? Біржан Нұрымбетов басқа­ратын ведомствоның түсін­ді­руінше, төлем төлеу үшін өңір­лердің және үш мегаполистің денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссиялар алдымен ауырған медицина қыз­меткеріне қатысты тексеру жүр­­­гізеді, соның нәтижесінде беру-бермеу жөнінде шешім қабыл­дайды. Сырқат мамандардан неме­се дүние салған дәрігерлердің туыстарынан өтемақыға өтінішті Денсаулық сақтау министрлігі жинайды. Одан кейін өтінімдер негізінде электронды іс макеттері қалыптастырылады екен. Ол үшін барлық өтінім «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпора­циясына жолданады. Мемкор­порация әрі қарай төлем тағайын­дау үшін МӘСҚ-қа жібереді. Бюрократиядан бас айналады.  

Дәрігер неге қамығады?

Павлодар тұрғыны Артём Жуч­ков анасынан айырылып қалды: Галина Иосифовна 40 жыл бойы дәрігер (акушер-гинеколог) болды. Төтенше жағдай және карантин кезінде пандемиямен күресті, Пав­ло­дардағы хоспис ғимаратында құрылған провизорлық стацио­нарда жұмыс істеді, ақыры індеттен опат болды: «вирусты пневмония» деген диагноз қойылған.
«Анам дүние салғаннан кейін облыстық денсаулық сақтау бас­қармасынан хабарласып, қаза тапқан медициналық қызметкерлер отба­сына төлем төленетінін ес­кертті. Он шақты адам кіретін жеке чат құрды. Содан бері төлем жайы не болғанын білмейміз. Сұратқан барлық құжатты жинап бердік. Енді тым-тырыс қал­ды. Дәрі­гер­лердің өлімі ойыншық емес қой, билік байыпты болса екен», – дейді А.Жучков.
Қыршыннан қиылған Әлібек Темірғалидың жесірі Дана Серік­қызы да әділдік таба алмай жүр. 25 жасар Әлібек Арманұлы Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауда­нындағы №4 қалалық емханасында 2 жыл дәрігер болған. Қытайдан тараған кесел елге баса-көктей ен­генде ол демалыс алмай, емха­нада жұртшылыққа қызмет етуін жал­ғастырған көрінеді.
«Салдарынан COVID-19 жұқ­тырып, 19 тамызда көз жұмды. Үкімет коронавирустан өлген мед­и­ци­налық қызметкерлердің отба­сыларына бірреттік төлем тү­рінде материалдық көмек көр­сетеді. Әлібек карантин кезінде тікелей міндетін атқарды ғой. Ар­тында үш айлық сәбиі қалды: биыл­ғы 20 маусымда дүниеге келді. Бірреттік төлем отбасымызға бір­шама көмек болар еді», – дейді оның әйелі.
Дерт құрсауына іліккен көзі тірі ме­дицина мамандарының да көңілі пәс. Арсланбек Жайылғанов – Көкшетау қаласының облыстық көп­­бейінді ауруханасының невро­патолог дәрігері. 26 маусымда мо­билизация аясында оны Ақмола облыстық тері-венерологиялық дис­­пансер базасында жабдықтал­ған  провизорлық стационарға алып кетеді.
«Сонда 2 шілдеде КВИ жұқты. 13 шілдеге дейін емделдім. Сауығып шыққан соң өтемақыға құжат­тарымды тапсырдым. Міне, қыр­күйек айы түгесілуге таяу. Жауап жоқ», – дейді ол.
Шымкенттік Несібелі Каленова №11 қалалық емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер лауазымында қызмет атқарады. 26 маусымда оның КВИ-ға шалдыққанын ПЦР-тест айғақтаған.
«Ауруды науқастың үйіне барып емдеу барысында жұқтырдым. ДСМ мен Еңбек министрлігінің 2020 жылдың 9 сәуіріндегі бірлес­кен бұйрығына сәйкес, медици­налық-санитарлық алғашқы көмек көрсету мекемелерінің қызмет­керлері науқасты емдеу барысында коронавирус инфекциясын жұқ­тырса 2 млн теңге көлемінде әлеу­меттік төлем алуға құқылы. Алайда мен жұмыс істейтін №11 емхана аталған санаттағы мекемеге жат­пай­тынын алға тартып, комис­сия мүшелері құжаттарымызды қара­май қойған. Төлемеу үшін көрінген сылтау табады» деп реніш білдіреді дәрігер.
Елорданың №1 көпбейінді қа­лалық ауруханасының анесте­зи­о­логия, жансақтау және интен­сивті терапия бөлімі қызметкер­лерінің де айтатын арызы жетерлік. Ауру­хана 18 тамызға дейін КВИ-мен күресетін инфекциялық аур­у­хана ретінде жұмыс істеді.
«Бірнеше ай бойы біздің дәрі­герлер, мейірбикелер мен санитар­лар өте жоғары қаупі бар топта еңбек етті. Сырқаттарды емдеу барысында көптеген қызметкер COVID-19 немесе вирусты пнев­мония жұқ­тырды. Соған қарамас­тан біра­зымыз өзгелерге төсек-орны жетуі үшін ауруханаға жатпа­дық, үйде емделдік. Нәтижесінде, комиссия бірреттік өтемақыны тек стацио­нарда жатқан қызмет­кер­лерге ғана төледі. Ол кезде ауру­ханада науқас­тарға орын тапшы еді. Егер бар орынды науқас мед­персонал толты­рып қойса не бо­лады? Сондықтан қыз­­меткер­лердің көбі амбулаторлық негізде үйінде емделді, дәрігер же­тіс­п­еген­діктен ауырып жүріп жұмыс істеді. Коронавируспен не вирусты пнев­мо­ниямен ауырға­нымызды рас­тайтын бүкіл құжат, ПЦР-тест нәтижелері, КТ түсі­рілімдері қолы­мызда бар. Кінәміз – халық­тың қамын ойлағанымыз ба?!», – дейді аурухана қызметкері Әлішер Қаб­дығани.
    P.S.   Медицина мамандарын үйде-ауруханада емделгендер, жұ­мыста-сыртта жұқтырғандар деп жік-жікке бөлу арқылы ДСМ бірін­­­­­шіден, дәрігерлерді бірнеше «сортқа» бөліп тастап, ар-намысын таптап отыр. Екіншіден, біреуіне үстемеақы не өтемақы төлеп, басқа­сын шөміш­тен қағып, медиктер қауымдастығы арасына от тастады, қызғаныш ту­дыр­ды, бір-біріне қарсы қойды. Үшіншіден, ақ халаттыларды ашын­ды­рып, рухын түсіруі кесірінен мем­лекетіміз пандемияның келесі ке­­зеңіне әлсіреп кіруі мүмкін. Онсыз да денсаулық сақтау жүйесі білікті кадрға зәру. Ал әділет таппаған, ал­данған, абыройдан айырылған меди­цина мамандары Ресейге, ағыл­шын тілін білетіндері – Еуропа мен АҚШ-қа кетуде. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің «барлық құрмет-қо­шеметіміз – дәрігерлерге!» деп мил­лиондар шығындап, бейне­ро­ликтер түсіруі мазаққа көбірек ұқ­сайды.  

АйханАйхан ШӘРІП